Жаңалықтар

СЕУЛ ТӨРІНДЕ – АБАЙ МҮСІНІ



Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Кореяға ресми сапары барысы аясында Сеулдегі ­Кибер университеттің аумағына орнатылған ұлы Абай мүсінінің ашылу салтанатына қатысты.

– Сеул төрінде қазақ халқының ұлы перзенті, ақын Абай Құнанбайұлының бюсті орнатылды. Бұл – корей бауырларымыздың қазақ халқына деген зор құрметінің белгісі, – деді Қазақстан Президенті.

Мүсіннің жобасы Қазақстанда дайындалып, Кореяда қоладан құйылған. Қасым-Жомарт Тоқаев бюст­тің Корея астанасындағы университет аумағына орнатылуының маңызды екеніне тоқталды.

– Абай – ұлы ақын ғана емес, кемеңгер ойшыл, әйгілі ағартушы. Сондықтан Абайға арналған бюсттің білім ордасына қойылуы орынды шешім екені сөзсіз. Мұның символдық мән-маңызы айрықша. Ол жұртты ғылым игеруге, білімдар болуға үндеді. Жаңашылдық пен жасампаздықты дәріптеді. Абай мұрасы – біздің елімізге ғана емес, барша адамзатқа ортақ құндылық. Дала данышпанының «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деген сөзі бар. Бұл қасиеттерді корей халқы да ерекше бағалайтынын білеміз. Осы құндылықтардың арқасында қазіргі таңда Корея Республикасы озық дамыған мемлекеттердің қатарына қосылып отыр. Былтыр біз Абайдың 175 жылдық мерей­тойын атап өттік. Осыған орай, көптеген ауқымды іс-шаралар ұйымдастырдық. Абай шығармалары әлемнің бірнеше тіліне аударылды. Соның ішінде корей тілінде «Алтын шаңырақта шырқалған ән» атты кітабы жарыққа шықты. Кореяда ұлы ойшылға арналған маркалар әзірленді. Мұның бәрі екі елдің рухани ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсері анық, – деді Мемлекет басшысы.

2010 жыл Қазақстанның Кореядағы жылы деп жарияланса, 2011 жылы Кореяның Қазақстандағы жылы атап өтілді. Қасым-Жомарт Тоқаев осы шаралар арқылы барлық бағыттағы байланыстардың арта түскеніне тоқталды.

Мемлекет басшысы сөзінің соңында шараға атсалысқан азаматтарға шынайы ризашылығын білдіріп, Абай мұрасының корей халқының рухани әлемінен орнын табатынына сенімді екенін айтты.

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button