Басты ақпаратЖаңалықтарҚала тіршілігі

ШАҺАР СӘНІ – САЯБАҚТАР



Көгілдір көктемді қанатына қондырып жеткен құстармен бірге қар құрсауынан арылған тұмса табиғат та түлей бастайды. Осы бір ғажап көріністің сәнін талдары сыбдыр қаққан саябақтар толықтырады. Астанаға ағылған халық келбеті көз сүйсінтер ғимараттарды ғана емес, жасыл желек жамылған саябақтарды да армансыз аралағылары келеді. Күнделікті күйкі тіршіліктен арылтып, жан рахатын сезіндіретін саябақтар елордамыздың сәніне айналғалы қашан. Биыл да қала тұрғындары мен қонақтарының қыдыруына арналған бес бірдей қалалық саябақ жазғы жұмысын бастады. Қала көркіне сән қосып тұрған Астана, Жерұйық, Студенттер, Президент және Арай саябағының жаңа келбетімен біз де танысып қайтқан едік.

kbb_5731

Астаналық саябақта былтыр да бірнеше өзгешеліктер болған еді. Павильондар саны мен қоғамдық тамақтану орындары көбейіп, олардың барлығы қазіргі заманғы архитектуралық талаптарға сай жасалды. Ал гүлзарлар мен гүлдер саябақтың ажарын ашып, жаңаша рең берді. Бұл саябақтың артықшылығы – киелі құс – аққулардың айдында жүзіп жүретіндігінде. Биыл киелі құстарға қара аққулар мен қарамойын аққулар қосылыпты. Басқа тоғаннан мандаринка үйректерінің төрт жұбын да көріп қалдық. Жаяу жүргіншілер көпірі жағынан кіреберіс те айтарлықтай өзгеріске ұшырапты. Онда әдемі мүсіндер мен басқа да шағын архитектуралық пішіндер қойылған. Түрлі экстримге әуес жандар үшін «Америкалық сырғанақ» және «5-элемент» қыз­мет көрсетсе, балаларға «Зымыранда ұшу» сияқты аттракциондар ерекше әсер сыйлады. Саябақтың орталық аллеясында, яғни Тұран даңғылы жағында «жасыл энергияны» қолданудың нақты мысалы ретінде сигвей мен гироскутерлермен сырғанауға да мүмкіндік бар.

era_8894
Биыл жазда өтетін басты шара – «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі болғандықтан, павильондар мен тұрақ аймақтары көрменің тақырыбына сай бе­зендіріліпті. ЭКСПО стиліндегі аниматорлар көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Тағы да бір айта кетерлігі, Астаналық саябақ өз қонақтарына өткізілетін мәдени шаралар, ойын-сауықтар мен демалыс түрлері туралы ақпаратпен кітапшалар таратты.

kbb_5727
Ал Жерұйық саябағындағы «Тосын сый» және «Жұлдыз­құрт» сияқты ірі аттракциондар балалар үшін үлкен жаңалық болды. Елорда қонақтарына жаңа форматтағы ойын-сауықтар Студенттік саябақта да ұйымдастырылды. «Жаз-2017» саябақ маусымы үшін арнайы әдемі инсталляциялармен «Сая­бақтың жеті ғажайыбы» атты 7 бірегей тақырыптық бағдарлама әзірленіпті. Осы бойынша 40 кәсіпқой артист, бишілер мен акробаттар, аниматорлар жас көрерменнің қолдауымен жаз бойы қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын болады.
Балаларға арналған қазақ әндері мен билерінің театрландырылған буффонадасын Балапан-шоу ұйымдастырса, балалар танымал мультфильмдердегі кішкентай кейіпкерлермен Миньон-шоу шарасында танысты. Алдар Көсе туралы ертегінің кейіпкерлері Алақай-шоу әзіл-сықақ қойылымымен және акробатикалық номерлермен өз көрермендерін қуантып, шоудың соңы «Қара жорғамен» аяқталады.

kbb_5741
Роботтар мен көше билерін ұнататындар ЭКСПО-шоуды тамашалады. Туристік шоуда болашақ энергиясы туралы қо­йы­лым көрсетіліп, жарықдиодты костюмдер киген әртістер биледі. Бағдарлама балаларға да, олардың ата-аналарына да қатты ұнады.

kbb_5742
Осылайша, бас қаланың бес бұрышында думандатып дүбірлі кешпен басталған сая­бақтардың ашылуы астаналықтар үшін ерекше мереке болды. Енді жаз бойына елордалық саябақтардың қонақтары бірқатар қызықты шаралардың куәсі болғалы отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Астана саябақтарында мұндай ерекшеліктер бұрын-соңды болған емес. Жаңа маусымда қалалық саябақтарда көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын шоу бағдарламалары, театрландырылған қойылымдар, мюзиклдер сынды түрлі шаралар көпшілік назарына ұсынылды. Жаз бойы жалғасын табатын керемет кештер 5 саябақта күніне екі рет 100 күнде 1000 шара болып өтеді. Міне, ғажап!

Гүлжан РАХМАН




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button