Мәдениет

Шаң басқан сөрелерде жатқанынша…



ҚР Ұлттық музейі ғылыми кітапханасының ұйымдасты­руымен «Музей кітапханасына сый тарту» шарасы болып өтті. шара барысында тарих, археология, этнография, этнология, мәдениеттану, қалпына келтіру (реставрация), антропология, өлкетану, өнертану, музейтану және басқа бағыттар бойынша кітаптар, мақалалар жинағы, конференция материалдары, монографиялар табыс етілді.

«Ұлттық музейге сый тарту» акция­сы аталмыш мәдени ошақта бірнеше жыл бұрын қолға алынды. «Музей кітапханасына сый тарту» болса, екі жыл бұрын басталған жоғарыда аталған акцияның бір тармағы. Алғашқы жылы жеке адамдар 1110 кітап тапсырды. Былтыр өткізілген акцияда 380 кітап сыйға алынса, осы жолы 300-ге тарта кітап кітапхана қорын толықтырды.
«Кітапты өртегеннен де артық күнә бар. Ол – оны оқымау». Осы тәмсіл Ұлттық музейде ұйымдастырылған шараның маңызын толық ашып көрсететін секілді. Үй жиһазындай болып, сөрелерде шаң басып тұрған кітап көпшілікке қолжетімді болса, одан келер пайда орасан. Сіздің сөреңіздегі кітаптар ұлтқа, халыққа қызмет етсін деген ізгі ниетіңіз болса, Ұлттық музейдің ғылыми кітапханасына асығыңыз» дейді акцияны ұйымдастырушылар.
Аталмыш шараның тағы бір мақ­саты – халықтың тарихи-мәдени құн­дылықтарына, соның ішінде жазба жәдігерлерді сақтаудың өзекті мә­селелеріне қоғам назарын аудару болып отыр.
Ұлттық музейдің кітапханасы тек музей қызметкерлері үшін ғана емес, келушілерге де қызмет көрсететінін ескерсек, кітапхана қорына өткізілген кітаптардың келушілер үшін де пайдасы зор болмақ.
Жалпы «Кітапханаға сый тарту» акциясы бір күндік немесе бір айлық қана жоба емес. Бұл шара әрбір күн сайын жалғасын таба береді. Жобаның келесі қорытынды жиыны қазан айына жос­парланып отыр.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button