Білім

Шешендік өнерді насихаттаған өрендер



Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен қазақтың ұлт болып ұйысуына қалтқысыз қызмет еткен, туралықты ту еткен мемлекет қайраткері Төле бидің 360 жылдығына арналған «Шешендік өнер – рухани асыл қазынамыз» атты шешендік өнер сайысын өткізді.

Елордадағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Binom school мектеп-лицейінде өткен байқауға Алматы ауданының 8 мектебінен 12 оқушы қатысты. Ұлттық, тарихи, мәдени, рухани құндылықтарды жастар арасында дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған сайыста оқушылар 3 кезең бойынша бақ сынасты.

Шығармашыл балалар арасындағы байқау бабамыздан мұра болған құдіретті ана тіліміздің айбынын асқақтатар шешендік өнердің қазақ тарихындағы құндылығын жан-жақты насихаттау мен дала даныш­паны, дуалы ауыз абызы, сөз зергері Төле бидің өмір жолын зерделеуді мақсат етті.

Өнерлі өрендер «Сөз қадірін білетін жас өренмін», «Шешендік дәстүрлі тіл өнері», «Қанекей, сөйле, қызыл тіл!» шарттары бойынша тіл шеберлігін көрсетіп, шығармашылық қабілетін танытты. Байқау қорытындысы бойынша шын жүйріктер мен шығармашыл оқушылар анықталды.

«Шешендік өнер – рухани асыл қазынамыз» бай­қауында жеңімпаз бен жүлдегер атанғандар және түрлі номинацияға ие болғандар дипломмен, бағалы сыйлықпен марапатталды. Бас жүлдені Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Binom school мектеп-лицейінің оқушысы Аружан Бөлекпай жеңіп алса, 1-орынға Мейір­жан Асан лайықты деп танылды. 2-орынды Аружан Қуанышбайқызы мен Іңкәр Қуанышқызы бөліссе, 3-орынды үш оқушы: Айша Балтабай, Кәусар Нұрғали, Фатима Нұғман иеленді.

5 оқушыға Майқы би, Жиренше шешен, Саққұлақ пен Досбол шешен, Жанқұтты шешен атындағы арнайы жүлделер тапсырылды.

Бас жүлдеге ноутбук, 1-орынға планшет, байқауға қатысушылардың барлығына электронды сағат пен құлаққап, сонымен қатар, мадақтама, ұстаздарына алғыс хат берілді.

– Жаһандану заманындағы жастардың, бабалардың бізге қалдырған өнегелі өсиетін, би-шешендердің шешендік толғауын, ғибратты шығармаларын қаншалықты деңгейде танып білді, ана тілін қаншалықты деңгейде анықтады, сөз биігіне қай деңгейде сусындады, соған жауап іздеу – негізгі мақсатымыз. Осы бір қатысушылар арасынан болашақта ел тізгінін ұстар тұлғалар, би-шешендер шығарына сенеміз, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған дарындыларға сәттілік тілейміз, – дейді қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Әділ Орынбасарұлы.

Би-шешендердің даналығын жатқа оқыған дарынды балалардың елден ерек өнері, ана тілімізді насихаттаған болмысы басқа оқушыларға үлгі ретінде көрінсе, өнер байқауының танымдық жағынан берері көп болды.

 

 

 

 


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button