Басты ақпаратҚала мен Сала

Шет жақ шет қалмайды



Бүгінде елордамыз үлкен мегаполиске айналып үлгерді. Тұрғындардың саны еселеп артуда. Сол себепті де бас қалада сәт сайын шешімін тауып, халық игілігіне айналуы тиіс мәселелер де жеткілікті. Қала басшысы А.Көлгінов қызметіне тағайындалған саусақпен санарлық аз ғана мерзім ішінде шаһардың түйткілді тұстарын өз көзімен көріп аралап, тұрғандармен 300-ден аса кездесулер өткізіп үлгеріпті. Қалалық қоғамдық кеңес отырысында шет аймақтар мәселесі бойынша аудан әкімдерінің есебі тыңдалды.

Көңілге ең қонымды тұсы – астананың орталық көшелерін ғана сылап-сипай бермей, шет жақтардың да әлеуетін арттырып, инфрақұрылымын жетілдіруді басым бағыттардың бірі ретінде ұстанып отыр. Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық кеңесіндегі «Нұр-Сұлтан қаласы тұрғын жай алаптарының жағдайы мен даму болашағы» жөніндегі қоғамдық тыңдау өткізілді. Оған Алматы, Байқоңыр, Есіл, Сарыарқа аудандарының әкімдері қатысып, күні бүгінге дейін атқарылған ілкімді істер туралы тәптіштей баяндай келіп, жетіспей жатқан тұстарына да тоқталып, маңызды деген проблемаларды жайып салды.

Нұр-Сұлтан қаласының аумағына қосылған тұрғын үй алабы бар екен. Астананың шет аймағы саналатын аудандарда 280 мың адам тіршілік кешуде. Бұл дегеніміз – бір миллионнан астам тұрғыны бар үлкен мегаполистің 25 пайызын құрайды. Олардың тұрмыс деңгейі қаланың орталығымен салыстырғанда әжептәуір төмен. Өркендеу жағы да сәл кенжелеп қалған. Осы күнге дейін 700-дей көшенің үштен екісінің жағдайы сын көтермейді. Асфальт төселмеген, жөндеуді қажет етеді. Ауызсу мәселесі қинап тұрған жайы бар. Көбі жер үйде тұратындықтан пеш жағады. Әрине, бұл қаланың экологиясына да зиян әрі өрт шығу қаупін де күшейтеді.

Одан қалды заманауи жылы аялдамалар жоқтығынан халық жел өтінде қалып, қыста қақаған аязда үсік шалынса, автобус бағдарларының жетіспеушілігінен қала шетіндегі тұрғындар біршама қиналатыны да шындық. Саралап қарар болсақ, әр аймақта да әртүрлі деңгейдегі толғақты проблема жетерлік екен. Осыған орай, қала әкімі негізгі проблеманы үшке бөліп қарайтынын айтып өтті. Біріншісі – инфрақұрылым, екіншісі – әлеуметтік нысандар, үшіншісі – абаттандыру. Бұл алдағы үш жылдықта атқарылатын жоспарда бекітілген.

Астаналық Қоғамдық кеңестің мүшесі Әсима БИМЕНДИНА жиын барысында өз әріптестерінің талап-тілектерін естіртті.

«Тұрғындарды бәрінен бұрын көше жарықтандыруы алаңдатады. Әкімдік бұл бағытта көп жұмыстар атқарып жатыр. «Есіл» ауданында 90 пайыз көше жарықтары жанбайды, ал «Байқоңыр» ауданында 46 көшеде жарық мүлдем жоқ. Енді қоғамдық тыңдау алдында «Қазқалашық» балабақшасының жетекшісінен жеке балабақшаға мемлекеттік тапсырыс берілсе екен деген өтініш түсті. Ол да маңызды мәселе»,– деді ол.

Абаттандыру жұмысына белсене қатысуда

Сарыарқа ауданының әкімі Ерғали ЕГЕМБЕРДІ жалпы аумағы 4 500 га ауқымды алып жатқан ауданда 10 мыңнан астам жер үлер және 150 көпқабатты үйлер орналасқанын айтты. Бұл жерде халыққа 25 білім беру ошақтары мен 3 денсаулық сақтау нысаны қызмет көрсетеді.

«Жыл басынан бері «Көктал-1» тұрғын үй алабы бойынша 2 көшеге орташа жөндеу жасалып, 4 көшеге инертті материал төселген. Сондай-ақ бірқатар шұңқырлап жөндеу жасалып жатыр. № 40 мектепке 500 орындық қосымша құрылыс салынуда, ол 2020 жылы аяқталады деп жоспарланған», – деді Е.ЕГЕМБЕРДІ.

«Көкталды» жаңғырту мұнымен шектелмейді. Оның ішінде аумағы 15 га. саябақ салынуда. «Бюджеттің қатысуы» бағдарламасымен үш көше толықтай абаттандырылуда. Оларда шағын сәулет нысандары, футбол алаңдары, спорттық тренажерлер орналастырылған. Бұл жоба елімізде алғаш қолға алынып отыр, ол әрбір тұрғынның ауданды дамытуға өз үлесін қосуға мүмкіндік береді. Айта кетейік, ашық дауыс берумен мұндай 14 жоба қаржыландыруға ие болды.

«Көктал-2» тұрғын үй алабында да қаурыт жұмыстар жүргізіліп жатыр Жалпы қашықтығы 16,4 км 31 көше жарықтандырылып, жолдары жөнделіп, орталықтандырылған су, кәріз құбырларын және нөсерсу кәріздерін тарту жұмыстары аяқталып қалды. Күні кеше ғана №5 Отбасылық денсау­лық орталығы пайдалануға берілді.

Агроқалашықта 6 көше жөнделіп жатыр. 4 көшеге инертті материал себілген. 5 магистралді автожол учаскелерінің құрлысы жүргізілуде. Сондай-ақ көше жарықтандыру ісі қолға алынған. Аталған тұрғын үй алабының балалары үшін 1200 орындық жаңа мектеп бой көтеріп келеді. Оның құрылысы 2020 жылы аяқталуы тиіс.

 

Ауқымды істер аз емес

Сөз кезегі келгенде Есіл ауданының әкімі Берік ЖӘКЕНОВ есебінен 4 тұрғын үй алабынан тұратын елді мекенде де ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар аз емес екенін білдік. «Үркер», «Пригородный», «Заречный» және «Тельман» алаптарында жалпы саны 40 мың адам өмір сүріп жатыр. Ауданда балалардың ойын алаңдарын, спорттық алаңдар салу, көше жарықтандырулары мен жолдарды жөндеу, гүлзар мен гүлбақтарды, жиектастар, контейнерлік алаңқайларды орналастыру қызу жүріп жатыр. Жаңадан жасыл желектер отырғызылған. Инженерлік тораптар жаңартылуда.

«Үстіміздегі жылы Қожанұлы мен Жаменке көшелерінің қиылысына денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын жоспарланды. Онда спорттық, қоғамдық, әкімшілік блоктар болады»,– деді Б.ЖӘКЕНОВ.

Сондай-ақ «Черемушки-2», «Химик», «Керамик» бақша қоғамдарының тұрғындарымен бірге аймақтың 1,5 км жолына инертным материал төселді. Бақшалыққа баратын көше жарықтандырылды. Былтырғы жылы «ВРЗ», «Полет» бақша қауымдастықтарының 6 км. жолы абаттандырылған болатын.

 

Тұрғындар тілегі ескеріледі

Байқоңыр ауданының әкімі Асқар ЕСІЛОВ жол-көлік инфрақұрылымына ерекше екпін бере сөйледі. Өйткені бұған дейін тұрғындардан жолға қатысты өтініш-тілектер көп айтылған болатын.

«Мәселен, «Өндіріс» алабында жөндеуді қажет ететін барлық көшелер қаланың шеткі аймақтарын дамытудың 3 жылдық жоспарына енгізілген. Сондай-ақ «Кирпичный» алабында 10 көшеге жөндеу жүргізу керек. «Қазқалашықта» 4 көше осындай жұмыстарды күтіп тұр. Барлық көшелерге жобамен 252 млн теңге қажет», – деді ол.

Алматы ауданы бойынша кейінгі үш жылда 58 көпқабатты үй пайдалануға берілген. Ауданда 77 ірі кәсіп­орындар жұмыс істейді. Сондай-ақ тұрғындар демалып, көңіл көтеретін 5 саябақ, 20 гүлбағы, спорт алаңдары мен балалардың ойын алаңдары бар.

«Железнодорожный және Промышленный тұрғын үй алаптарында білім беру және денсаулық сақтау ошақтарының жандарынан 4 жылы аялдама павильондары орнатылды. Оңтүстік-Шығыс кешенінде аула аумағы абаттандырылды»,– деді аудан әкімі Әділбек СӘРСЕМБАЕВ.

Әкімдердің есебін тыңдаған ша­һар басшысы А.Көлгінов:

«Бүгінгі алқалы жиын қоғамдық кеңеспен, қаланың шет жағындағы елді мекендердің тұрғындарымен ақылдасу. Жиналып қалған мәселе өте көп. Бірінші міндетіміз Елбасы Н.Назарбаевтың жыл басында «Нұр Отан» партиясының 28-съезінде қаланың іргесінде орналасқан аймақты дамытуға қосымша қаражат бөлінетінін айтты. Еліміздің ең ірі үш қаласына 90 млрд теңге бөлінетінін айтты. Президентіміз Қ.Тоқаев та елорданың дамуына ерекше мән беріп отыр. Ең негізгісі, қала тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруды бізге міндеттеді. Біз бұрынғыдай жылына бір рет есеп берумен ғана шектеліп қоймаймыз. Халықпен тығыз қарым-қатынас орнатып, бар мәселені бірігіп шешетін боламыз. Олқылықтар жойылмайынша, бір барған жерге қайта-қайта баратын боламыз», – деп сөзін қортындылады.

Сонымен шет аудандар мәселесі шет қалмайды деген сенім бар.




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button