Құқық

Сотты сарсаңға салмайық…

«Дау-айтыс, барымта-қайтыс» демекші, ел азаматтары арасында қандай бір кикілжің, талас-тартыс, жағымсыз іс-әрекет туындай қалған жағдайда әділдік іздеп сотқа жүгініп жатады. Сөйтіп, даулы мәселені сот алаңына шығарып қандай да бір шешім күтеді. Әрине, даулы мәселенің бәрін сотта реттеу мүмкін емес. Өйткені сот екі жақтың талаптарын бірдей қанағаттандыра алмасы анық. Алайда бүгінгідей өркениетті заманда еліміздің сот жүйесінде оңды жаңалықтар жетерлік. Соның бірі – медиация. Яғни бітімгершілікке келу. Мұндай қадам дау-дамайды шешудің озық әдісі болып табылады.

Мемлекетіміз азаматтардың жағдайына алаңдаушылық білдіріп, дауды шешудің баламалы тәсілдерін бітімгершілік арқылы шешуді заңнамалық деңгейде бекітті. Осылайша, 2011 жылы 28 қаңтарда «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Жалпы, медиацияның тамыры сонау көне заманнан бастау алады. Бұл жағдай бізге жат емес. Тарихымызды сараласақ, медиаторлардың қазіргі атқарып отырған жұмысын кезінде билер алқасы жүзеге асыр­ған. Тіпті Төле , Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке сынды үш биіміздің бітімгершілік жолында атқарған елеулі істері жетерлік. Хакім Абай да болыс болып тұрғанда мәмілеге келер қағидаларға сүйенген. Демек, бізде жер, жесір, ру мен тайпа, ағайын келіспеушілігі дейсің бе, қай дау болса да , бітімгершілікке ұмтылған халықпыз.

Бүгінгі таңда бітімгершілік туралы заң сот төрелігінде жиі қолданылып, өзінің өміршеңдігін бар қырынан танытты десе болады. Осы орайда, Нұр-Сұлтан қаласы №2 Алматы аудандық сотында талап қою ісін жүргізу азаматтық істерді қарау барысында «Соттағы татуласу рәсімдері» қанатқақты жобасы іске асырылуда. Бұл жоба процестік әрекеттердің алгоритмі бойынша жүргізіледі. Судья бес жұмыс күні ішінде соттың іс жүргізуді қабылдағанға және азаматтық істі қозғағанға дейін тараптарды татуласу рәсіміне қатысуға шақырады. Егер жәбірленуші кешірім беріп жатса бітімгершілік заңын қолданып, 68-баппен іс қысқартылады. Бұл халыққа өте тиімді әрі оңай. Қазір сотта қаралып жатқан істердің 40 пайызға жуығы қылмыс­тық қылық (уголовный поступок), онша ауыр емес және орта дәрежедегі қылмыстар. Қанатқақты жобаны жүзеге асыру үшін сот ғимаратында бүкіл медиаторларға бөлме берілген. Бітімгершілікке келу азаматтардың уақытын үнемдейді, екі-үш рет болатын сот процестеріне қайта-қайта келіп ығыр болмайды. Соның нәтижесінде сот мерзімін ұзаққа созу азайды. Өндірістегі істің 30 пайызы үкім шықпай-ақ бітіп жатыр.

Бұрындары сот үкімі шыққаннан кейін ол дерек прокуратураға тіркеліп, соның салдарынан статис­тика бойынша сотталғандар қатары көбейіп кететін. Ал, бітімгершілікпен қысқарған іс негізінде ол сотталған адам санатына жатпайды. Бітімгершілік заңының тиімділігінің бір қыры – сот төрелігінде динамиканың өсіп келе жатқандығын байқатады. Мәселен, былтырғы 2018 жылы 5 мамыр мен 31 желтоқсан аралығында 460 қылмыстық істің 87 адамға байланыс­ты 78 ісін қысқартсақ, үстіміздегі жылдың бірінші жарты жылдығында 236 қылмыстық істің 80 адамға байланысты 65 ісі бітімгершілік заңымен жабылған. Бұл дегеніміз – бюджеттен қаражатты үнемдеуге де зор ықпал етумен қатар, халықтың сотқа деген қолжетімділігін арттырады. Біз әр тараптарға жан-жақты құқықтарын түсіндіріп береміз. Керек десеңіз, бейнетаспамен еліміздің кез келген жерінен сөйлестіріп, татуластырып, өзара мәмілеге келтіреміз. Қажет болса түрмеде отырған адаммен де бейнежазба арқылы сөйлесе аламыз.

Жасыратыны жоқ, бітімгершілік заңы алғашқы қолдана бастаған кезде адвокаттар арасында бақталастық туа бастады. Өйткені олардың сотталушыға көрсетер қызметі ақылы ғой. Айталық, сотталушылар құқын қорғау үшін үкімет тарапынан қорғаушы беру заңда көзделген. Әр сағаты ақылы. Бұл – айлық жалақысынан бөлек түсім. Сондықтан қорғаушылардың табысымыз азайып бара жатыр деп айтуы да орынды шығар. Ал медиаторларда ондай табыс жоқ. Соған қарамастан «Медиацияны дамыту орталығы» кейде жағдайы жоқ адамдарға ақысыз көмек қолын созуда. Менің айтпағым болашақта заңдық тұрғыда медиаторлардың мәселесін шешуіміз керек. Оларды Үкімет тарапынан қаржыландыруды қолға алған жөн. Әлемдік тәжірибеде қылмыс­тық істердің 30-40 пайызы сотқа жетпейді. Себебі олар медиация заңымен бітіріп тастайды. Әлемдік аралық сот (третейский) дейміз, бітімгершілік те соның бір ұшқыны ғой. Шындығы керек, бізде қазір 100 теңге тұратын шелек ұрлап кетсе де қылмыстық іс қозғалады. Оны тергеуші өндіріске алады. Күдіктіні де, жәбірленушіні де шақырады. Оған сараптама жүргізеді. Ол бір ай мерзімде қаралады. Одан тағы осыншама уақыт жүріп сотқа келеді. Оны судья алады. Сотталушы ана жерден ауысып кетті. Оны шақырамыз, ол келіп болмайды. Іс созбалаңға салынады. Осының барлығы бюджеттің шығыны ғой. Судьяға да ауыртпалық.

Негізінен мұндай дау-дамай істі тергеушілер де қысқартып тастауға болар еді. Алайда олар тарапынан сотқа көп іс жолданса көрсеткіші жоғары деп есептеледі. Бір тергеуші он іс жіберсе, ол жақсы жұмыс істеп жатқан қызметкер болып шыға келеді. Біз ондай ескі сүрлеуден кетуіміз керек. Осыдан 4-5 жыл бұрын Ішкі істер министрінің істі өздерің қысқартпаңдар, сотқа жолдаңдар деген бұйрығы болған. Неліктен? Оларға өте тиімді. Сотқа көп іс кетсе, тергеуші де көп, іс те көп, штат та көп. Штат көп болғасын аудандық, облыстық деңгейдегі басқарма басшыларының лауазымы өседі. Мысалы, 5 мыңнан артық штат болса басшы генерал дәрежесін алады.

Біз бұл орайда дөңгелек үстел өткіздік. Полиция,адвокат, прокуратура, әділет басқармасы өкілдерін шақырдық. Мәселені егжей-тегжейлі жайып салдық. Модернизация, цифрландыру заманында ескі қалыптан арылып, заманауи іске көшу керектігін айттық. Құқықтық салада барлығымыз жасайтын жұмысымыз – заңның шеңберінде адамдардың мүддесін қорғау. Тергеуші тергесін, полиция профилактикалық жұмыс­тар жасасын, қылмысты ашумен айналыссын, прокурор қадағаласын, сот үкім шығарып, төрелігін атқарсын. Дегенмен де баяғы ескі кеңестік форматтан арылған жөн. Медиация сапасын жандандырумыз керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан сот төрелігінің ашықтығына қол жеткізуіміз қажет.

Убайдолла ҚОШАНОВ
Нұр-Сұлтан қаласы №2Алматы аудандық сотының судьясы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button