ШЕТЕЛДІК ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ ШЕБЕРЛІК ДӘРІСІ
Астана қаласы әкімдігі мен қалалық Денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен дәрігерлердің біліктілігін көтеру, педиатрия сапасын арттыру үшін жаңа бағдарлама қолға алынғалы біраз болды. Кеше №2 қалалық балалар ауруханасында осы шара аясында шақырылған шетелдік профессорлардың шеберлік дәрістері өтті.
Францияның София Антиполис медицина университетінің профессорлары – Пьер-Марти мен Этиен Берард паразитология және микология саласының алдыңғы қатарлы мамандары болып саналады. Олар екі күн бойына балаларды емдеудің әдістемесін жетілдіру және бала емдеу үрдісінде инновациялық тәсілдерді қолдану тұрғысындағы білімдерімен бөлісті. Сонымен қатар, еуропалық профессорлар түрлі патологиясы бар науқас сәбилерді қабылдап, қажетті кеңестер берді.
– Мұндай кездесулер педиатрларымыздың біліктігін көтеріп қоймай, еуропалық клиникалардың озық тәжрибесімен де танысуға мүмкіндік береді. Ал осы саланың үздік докторларының өздері келіп, ем-шараларымызға жаңалықтарын енгізуі қызметіміздің сапасын халықаралық деңгейге жеткізуге жол ашады, – деді аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Сайран Жамұқова.
Жалпы, елорданың маңдайалды емдеу мекемелерінің бірі саналатын аталмыш ауруханада шетелдік әріптестермен байланыс жақсы жолға қойылған. Дәл осы күндері сал ауруынан зардап шегетін балаларға көмек көрсету мақсатында, Дубайдың «Dr. Majdi El Halik Pediatric and Mental Reabilitation Centre» клиникасынан бір топ дәрігер-физиотерапевт мамандар келіп жатыр екен. Олар сал ауруына шалдыққан балаларды оңалтудың ем-шараларын көрсетіп, дәрігерлік кеңес беруде. Айта кетерлігі, бұл шаралар «Қасиетті жол» қоғамдық қайырымдылық қорының қолдауымен ұйымдастырылған.
Айгүл УАЙСОВА