Мәдениет

Симфония деген бір сиқыр



«Астана Операда» бас дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алан Бөрібаев пен 25 жастағы әлем мойындаған ғажайып пианист, Ұлыбританияның Лидс қаласында өткен танымал халықаралық пианистер байқауының жеңімпазы Әлім Бейсембаев театрдың симфониялық оркестрімен бірге өнер көрсетті.

Талғамы биік тыңдарманның назарына классикалық музыканың інжу-маржандары – Фредерик Шопеннің бірінші фортепиано концерті мен Людвиг ван Бетховеннің бесінші симфониясы ұсынылды.

Ал мықты пианист Әлім ­Бейсембаевтың қоржынында Лидсте өткен байқаудың бірінші сыйлығы бар. Тарихымызда тұңғыш рет қазақстандық пианист осындай беделді байқауда бірінші сыйлықты алғаны – біз үшін үлкен мәртебе, абырой. Классикалық музыканың мерейі. Әлемге танымал мықты пианист Әлім Бейсембаев қазіргі таңда Ұлыбританияда тұрады. Оның есімі түрлі музыкалық додалардағы жеңімпаздардың тізімінде жиі аталады. Ол – Веймарда өткен Лист атындағы халықаралық жасөспірімдер байқауының және Манчестерде өткен Халықаралық пианистер байқауының лауреаты, сондай-ақ В.Клиберн атындағы I халықаралық жас пианистер байқауының жеңімпазы. Оның көптеген жетістіктерінің қатарында Jaques Samuel Intercollegiate Competition музыкалық байқауындағы топжарған жеңісі бар. Осы жеңісі оған Лондондағы Уигмор-холлда алғаш рет концерт өткізуге мүмкіндік берді. Жуырда Әлім Испанияның Виго қаласында Марта Аргерих бастаған белгілі өнер иелерінің қазылық етуімен өткен халықаралық байқауда лауреат атанды. Бұл концертте Әлім Бейсембаев маэстро Алан Бөрібаевпен бірге алғаш рет өнер көрсетті. 5 жасынан бастап кәсіби музыкамен айналысқан пианист қазір Лондондағы Корольдік академиясында сабақ береді.

Театрдың симфониялық оркестрі кеште Людвиг ван Бетховеннің классикалық музыканың ең танымал туындыларының бірі – №5 симфониясын орындаса, пианист Әлім Бейсембаев Ф.Шопеннің музыкасын ұсынды.

Музыкасүйер тыңдарман Шопенді оның техникалық шеберлік пен поэтикалық мәнерлілікті үйлестіріп, фортепиано арқылы терең эмоцияларды жеткізе білетін қабілеті үшін жақсы көреді. Себебі Шопен поляк халық музыкасы мен мәдениетінің элементтерін қосып, өз Отанына жүрегімен берілген музыкант ретінде патриоттық сезімін айрықша көрсетеді. Бұл концертте музыка тарихындағы талғамы жоғары, ең үздік туындылар шырқалды.

Классикалық музыка көрермендері үшін концерттің әсері ерекше болды. Әлем сахналарындағы атақты шығармалардың қазақ өнер ордасында орындалуы – өркениетке ұмтылған ұлтымыз­дың арманын айшықтай түсті.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button