Жаңалықтар

Сиязбекке сенеміз



Токиода жалауы желбірейтін XVI жазғы Паралимпиада ойындарында ел намысын 25 спортшы спорттың жеті түрінен қорғайды. Солардың бірі – елордалық Сиязбек Далиев. Ол жүзу спорты бойынша Паралимпиадада жеңіс тұғырынан көрінуге барын салмақ.

Жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері Сиязбек Далиев – 2018 жылғы пара Азия ойындарының жеңімпазы. Сиязбек биыл ашық Еуропа чемпионатының жеңімпазы атанған. Спорттық мансабындағы алғашқы Паралимпиада ойындарына қатысатын спортшы жеңіске жету үшін барын салатынын айтады.

– Бұл – мен үшін үлкен жауапкершілік. Пара Азия ойындарында жеңіске жеткен сәттен бері жақсы нәтиже көрсету үшін аянбай тер төгіп келемін. Арманым – еліміздегі Паралимпиада спортының дамуына өз үлесімді қосу. Біз Ұлттық Паралимпиада комитетінен, елорда әкімдігінен және Спорт басқармасынан жан-жақты қолдау көріп жүрміз. Параспорттың дамуы үшін жыл сайын спортшыларға барлық жағдай жасалуда. Соңғы жылдары елордамызда параспорттың деңгейі айтарлықтай өсті. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт орталықтары мен арнайы залдар көптеп ашылды. Токиода үздік үштіктің қатарынан көрінуді мақсат етіп отырмын. 2009 жылы Токиода жасөспірімдер арасында өткен Азияның параолимпиадалық ойындарынан екі күміс және екі қола жүлде жеңіп алғанмын. Араға он екі жыл салып сол жетістігімді қайталауға тырысамын, – деді Сиязбек.

Сиязбек жарақат алып, қос қолынан ­айырылғанға дейін түрлі спорт түрлерімен айналысқан. Сиязбек – тек табысты спортшы ғана емес, бақытты отбасының іргесін салған отағасы, екі ұлдың әкесі.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button