Басты ақпарат

Соғыстың нүктесін қойған Қошқарбаевтың ұрпағы қайда жүр?



360 метр. Бұл – Жеңіс туы тігілген Рейхстаг пен Гитлер үйінің арақашықтығы. Екінші дүниежүзілік соғыстың нүктесін қойған қазақтың қайсар батыры, лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен қызыл әскер Григорий Булатовтың жау ұясына жалау тігуі от пен оқ теспеген кеуделерінің құрметке лайық екенін көрсетеді.

Биыл даңқты батыр Рақымжан Қош­қарбаевтың дүние салғанына – 30 жыл. Халық қаһарманының аңызға айналған ерлігі мен табандылығын, кескілескен шайқастардағы жауынгерлік келбетін дүйім жұрт жақсы біледі. Алайда батырдың бүгінгі жалғасы – тікелей ұрпағы, немерелері бар ма, жоқ па, оны көпшілік біле бермейтіні даусыз.

 

Батырдың екі немересі бар

Отбасы туралы айта бастағанда Дәурен нағашы атасы Рақымжан Қошқарбаев пен батырдың қызы, яғни өзінің анасы Әлия­ның арасында тәрбие беру жағынан ұқсастық барын айтады.
Батыр өзінің жары – Қазақ ауыл шаруашылығы институтында оқытушы болған Рахила Сейдахметқызы Яхина екеуі Әлия есімді бір қыз тәрбиелеген. Дегенмен «Егемен Қазақстан» газетінің 2014 жылғы 25 сәуірдегі нөмірінде Жанболат Аупбаевтың «Ту тіккен» материалында Сая атты қызы бар екендігі көрсетіледі. Бейресми мәліметтер бойынша Рақымжан Қошқарбаевтың екі қызы болған, оның бірі Әлия екендігі айтылса, екінші қызы туралы ешқандай мәлімет жоқ. Бірақ батырдың немересі Дәурен өзінің анасы батырдың жалғыз қызы болғанын, ал Саяны анасының өгей әпкесі ретінде білетінін айтты.
Әлия Рақымжанқызы Қошқар­баеваның екі ұлы бар. Оның бірі – 29 жастағы Дәурен Қошқарбаев.
Біз әңгімеге тартқан батырдың бүгінгі жалғасы Дәурен «Алаш Медиа Групп» медиа холдингінде жобалар менеджері болып жұмыс істейді. Мамандығы интернет сауда саласында жаңа жобаларды жүзеге асырумен тығыз байланысты. Мектепте оқып жүргенінде түрлі математикалық олимпиадалардың жүлдегері болған екен.
«Алматы қаласында дүниеге келгенмін, сонда өстім. Он жасыма дейін, яғни 1998 жылға дейін атамыз тұрған пәтерде тұрдық. Достық, 42 деген мекенжайдағы сол үйде Рақымжан Қошқарбаевтың тұрғандығы жөнінде ескерткіш тақта орнатылған» дейді Дәурен.

«Атамның үйіне қонақ көп келетін»

Дәуреннен атасы туралы анасының естеліктерін сұрағанымыз­да, ол Қошқарбаевтың соғыс туралы көп әңгіме қозғамағандығын айтты.
«Көзі тірі кезінде билік оның ерлігін ресми түрде мойындағысы келмеген. Өйт­кені «Халық жауының» ұлын, ұлты қазақ батырды құрметке бөлеуді биліктің сая­си режимі қо­лайламады. Бірақ оған бола менің атам­ның сағы сын­баған. Себебі ол өмір сүруге құштар, айналасын шаттық пен қуанышқа кенелтіп жүретін адам болды. Атамның үйіне қонақ көп келетін болған. Достарының қатарын Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, ұшқыш А.Маресьев секілді сол дәуірдің алтын адамдары толық­тырған» деп өзі білетін мәліметтермен бөліскен Дәурен әңгімесін әрі қарай жалғады.

«Алматы» қонақүйін 21 жыл басқарған

Рақымжан Қошқарбаев 1967 жылдан 1988 жылға дейін сол кезеңдердегі ең танымал «Алматы» қонақүйін басқарған. Қызығы, бір кездері Дәурен атасы негізін қалаған және директор болған қонақүйде уақытша жұмыс істеген.
Дәурен үнемі өзін-өзі жетілдіруге, түрлі салаларда өзін шыңдауға көп күш жұмсағанды, сондай-ақ, өз ісінің шебері болуды қалайды. Арқа сүйер азамат, үлгілі аға, адал дос болу өмірлік мақсаттары екенін айтты. Ал бас­ты арманы – жақын адамдарын қорғау арқылы жанына жайлы өмір сүру.
«Анамның ұйғарымымен, атамның тегіндемін. Болашақ­та менің балаларым да осы фамилия­да болатыны даусыз. Атамның тегі – мен үшін үлкен жа­уапкершілік. Елінің лайықты азаматы болу, жақындарына қамқорлық таныту, адамгершіліктен аттамау – барлық адамға ортақ парыз» деп Дәурен өз ойын қорытындылады.

Гауһарай ЕСІМОВА




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button