Жаңалықтар

СТУДЕНТ КҮНДЕЛІГІНЕН



альмаматер

Tүсінбеймін… Қазіргі жұрт барлық нәрсені цифрмен өлшейді. «Бір жігітпен таныстым» десең, «Оның мінезі қандай? Сені сыйлай ма?» деп сұрамайды, сұрайтындары: «Жасы нешеде? Бойы қанша? Қанша жалақы алады?». Жаңа жұмысқа тұрсаң, оның саған қаншалықты ұнайтыны қызық емес, елді қызықтыратыны: «Айлығы қанша екен?». Киім сатып алсаң, оның қонымдылығын айтпайды, айтатындары: «Қаншаға алдың?». Туған күннің ертесіне қалай өткенін білгісі келмейді, білгісі келетіні: «Қанша адам келді?». «Аппақ шағаладай әдемі үй көрдім» десең, ешқайсысы көз алдына елестете алмайды, ал «1000000 долларға бағаланатын үй» деп айтсаң, бәрі түсінеді.
Цифрдан басқа ешнәрсені маңызды деп таппайтын адамға айналудан қорқам.

***

Он үш-он төрт жастағы кезім. Әке-шешем бір аптаға қыдырып кететін болды. Жолға шығарында анам маған ақылын айтып жатыр: «Тамақты тоңазытқышқа салуды ұмытпа, есікті кілттеп жүріңдер, ит аш қалмасын». Басымды изеп мен тұрмын. «Ағаң жұмыстан шаршап келгенде, тамағын уақытылы бер. Киімдерін жуып тұр, жағасы кірлемесін».
Алғашқыда бұл сөзді тура мағынасында түсінгенмін. Қазір ойласам, анамыз бізді бүлдіршін шағымыздан ер-жігіттердің қамын ойлауға үйреткен екен. Кей кездері шашылып жатқан ағамның киімдерін көріп ренжісем, анам әлі күнге дейін «Қабағыңды шытпай жинастыр, еркектер деген – түздің адамы, үй шаруасымен қыздар айналысуы керек» деп айтып отырады. Әкем әлденеге ренжіп келсе, алдына тез асын қойып, көңілін аулауға тырысамыз. «Аш адам ашушаң, баптап берілген ас бар ашуды басады» дейді ондайда анашым. Тәрбие ғой мұның бәрі…

***

Бала кезімде күнде тілеп отырушы едім, «Бүгін үйде жарық өшіп қалса екен» деп. Ауылдық жерде тұрғандар біледі, ондай уақытта білте шамды ортаға қойып, бүкіл отбасы соның айналасында отырады. Біреуі жұмыс, біреуі сабақтың әлегімен әншейінде бастары қосылмайтын, жарық өшкен күндері бір-бірімен емен-жарқын әңгімелесіп, шүйіркелесіп қалады. Менің құдайым береді осындай кезде. Бәрінің қолына бір-бір қалам мен қағазды ұстатам да, «Поле чудес ойнайық» деп қыңқылдаймын. Бірде мынадай қызық болды. Бес тор көзді сыздым да, жасырған сөзім – осы бөлмедегі бір зат екенін айттым. Әуелі бірінші тұрған әріпті айту керек деп түсінсем керек, үйдегілер қанша әріп айтса да, таппай қойды. Мен мәзбін. «Ау, бұл қандай сөз өзі? Айта салшы» деп әкем жеңілген сыңай танытты. Тор көздерге баттитып тұрып «ышкаф» деп жаздым да, алдарына қойдым. Сондағы таппай отырғандары «ы» әрпі еді.
Өмір бойы бесеуміз бірге тұратындай көрінетін бұрын. Кейін біз өстік. Оқу деп, жұмыс деп, жан-жаққа кеттік. Басқа ортаға үйреністік, соған орай кейбір ой-пікірімізді өзгерттік. Өзгермегені – сол үй, сол аула, әке-шешеміздің сол баяғы аңқылдаған аппақ көңілдері.
Мені шығарып саларда, әкем үнемі «Астанаңа сәлем айт, аман жүр» деп бетімнен сүйеді. Енді маған Шиеліден гөрі Астана жақынырақ болды ма деп құлазып қаламын кейде. Қазір менің қолымнан бар келері – сол кісілердің амандығын тілеу ғана.

***

Пойыз доңғалақтарының тынымсыз тарсылынан көзімді аштым. Әншейінде оңайлықпен қанбайтын ұйқы құрғырдың бүгін ізі де жоқ. Терезеден сыртқа көз жібердім. Сымдай тартылған көкжиектің үстіне көк күмбезді төңкеріп қойғандай. Жер деп аталған шетсіз де шексіз жалпақ әлемнің бір бұрышына шуағын шашуға асыққан шұғылалы күн танауымды қытықтап қояды. Рахаттана езу тарттым. Тіл жеткісіз тамаша бір сезімнің құшағындағы сол бір санаулы секундтарды санама сақтап қойғым келгендей, көзімді жұмып біраз тұрдым.
– Тұрыңдар-ей, шешеңнің…
Тұрпайы дауыстан селк еттім. Көршілерім – мен қатарлас екі-үш жігіт еді. Солардың бірі оянған болуы керек, үстіңгі сөреден басын салбыратып, гүжілдеген дауысымен жанындағыларды «оятып жатыр»:
– Тұрыңдар-ей, шешеңнің…
Бағанадан бері басымды айналдырған бақытты минуттардың бірі де қалмады. Кейбір кісілердің әрбір күні осындай «Қайырлы таңмен» басталып жатыр…

ШАЯННЫҢ ЕТІ

Жатақханада небір қызықтар басыңыздан өтеді. Еркебұлан Кенеханов деген ақын жігітпен көрші тұрдық. Бір күні Ерекеңнің үйінен бір дорба ауылдың тәттісі мен ет келді. Қос білекті түріп тастап, әлгі етті асуға кірісіп кеттік. Әйтеуір, жан-жақтан жинап жүріп, ыдыс-аяқты түгелдеп, үстел-орындықтарды әкеліп, кешкі асты әп-сәтте әзір қылдық. Ауылдың жасы-кішісі қалмай жиналғаны секілді, жатақхананың да тайлы-тұяғы қалмай келді біз жайған дастарқанға. Табақтағы ас түгесілер тұста бұл жиынға келмей қалған Жақсылықтың үлесі деп, Ерекең аздаған етті бөлек алып қойды. Ертеңіне Жақсылық келеді еттен ауыз тиюге. Еркебұлан ортаға табақты қойып жатып:
– Ал, Жәке, астан қымсынбай алып отыр, бұл өзі шаянның еті, – дейді ғой риза кейіпте. Сілекейі шұбырып, асқа қолын енді жүгіртіп жатқан Жәкең кілт тоқтай қалады.
– Әй, шаянның еті несі? – дейді Еркебұланға бұрылып.
– Же деймін, бұл еттен Заттыбек те жеген, ақын-сазгер Жарылқасын Дәулетовтің өзі шаянның асынан ауыз тимей қалмаған, – деп өршіте түседі.
– Құдай-ау, немене, қытай боп кеткенсіңдер ме шаянның етін жейтін?! – деп Жақсылықтың асауға аузы, алуға қолы бармай дағдарып қалса керек. Сөйтсе, Ерекең айтып отырған Шаян – өз ауылының аты екені Жақсылыққа сосы-ы-ын барып жетеді ғой. Иә, біздің Ерекеңнің туған жері – Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданындағы Шаян елдімекені. «Шаянға барсаң, әншімін деме» дейтін сөзге арқау болған өнерлі өңір. Осылайша екеуі сол күні Шаянның етін сүйсініп отырып тауысқанға ұқсайды.

БІЗ, «МАФИЯ» ЖӘНЕ РЕКТОР

Семестрдің аяқталып, аралық бақылаулардан аман-есен өткен шақ – бір рахат кез өзі. Арқаны кеңге салып, үстімізден ауыр жүк түскендей «үһ» деп қаламыз ондайда. Сегіз жарымдағы сабаққа сегізден жиырма сегіз минут өткенде салып-ұрып жететін біз енді асықпай ондарда бір-ақ келеміз. Мұғалімдердің де мейірі түсіп, ұйқы қанбай қалған ондай күндерге кешіріммен қарайды.
Ағылшын тілі пәні еді. Ақкөңіл апайы­мызды жан-жақтан жамырай көндіріп, «Мафия» ойнауға келісімін алдық. «Шуламай ойнаңдар. Мен журнал толтырайын» деп көзілдірігінің үстінен бізге бір қарап алды да, алдындағы қағазына шұқшиды. «Мафияны» студенттердің бәрі біледі. Қаннен-қаперсіз «ұйқыда жатқан қала тұрғынына» қастандық жасалады да, ертесіне бәрі жабыла келіп әлгі қанішер мафияны іздейді. Бұл ойынды жатақханада жиылып алып, таңғы төртке дейін ойнаған кездеріміз болған. Сонымен не керек, ә дегенше бастап кеттік. Жүргізуші сөйлеп тұр:
– Қала ұйықтайды!
Бәріміз көзімізді жұма қойдық.
– Мафия, оян! Құрбандықты таңда! Болды, ұйықта! Дәрігер, оян! Кімге иммунитет бересің? Түсінікті, болды, ұйықта!
Шарт бойынша, осыдан соң «қала» оянуы тиіс болатын. Жүргізуші тым-тырыс. Көзімізді жұмып әлі отырмыз. Ұйқы ұзаққа созылды. «Ау, қашан оянамыз өзі?» деп ішіміздегі шыдамсыздар шамдана бастады. Әрі-бері күтіп, ешкім үндемеген соң, жайла-а-ап көзімді аштым. О, тоба! Қақ алдымда ректор тұр. Университетімізге ол кезде Бақытжан Жұмағұлов басшылық ететін. Қыстың алдында аудиториялардағы жылу жүйесін тексеріп келе жатқан беті екен. Кіріп келгенде, «ұйықтап отырған» жиырма шәкіртті көріп, ол кісі де аң-таң болып қалса керек. Әйтеуір, үндемеді. Ал біз содан кейін сабақта «Мафия» ойнағанды біржола қойдық.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button