Жаңалықтар

Сүйікті ас – сүмәләк



Наурыз мерекесі қарсаңында Халима Әбішева апайдың үйінде туыстары көп жиналды. Сол көп қонақтардың бірі болып, көктемнің басты тағамы сүмәләк жасауға кірістік. «Осындайда ең алғаш сүмәләк жасаған күн еске түседі. Одан бері де алпыс жылдан астам уақыт өтіпті. Сол кезде бес жасар кезім-ау. Әжем «Балам, Алладан тілегіңді тіле» деп қоймалжың сүмәләк құйылған кесені қолыма ұстатты. Дәл сол күні не тілегенім есімде жоқ. Бірақ, содан бері алпыс бес наурыз келіп осыншама сүмәләк даярлап, аузыма салған сайын тілек-дұғамызды айтамыз. Ең бастысы, еліміз тыныш, халқымыз аман болса екен дейміз» деп апа өткенін бір еске алды.

ERM_3264

Сүмәләктің шығу тарихы туралы бірнеше аңыз бар. Оның бірінде жеті баласымен әйел жесір қалыпты. Сәбилерінің жейтін тамағы болмай, аштықтан жылапты. Сонда анасы қапты қақса, түбінде қалған бір уыс бидай өніп кеткен екен. Оны дереу қазанға салып қайнатады. Балалары тамақ сұрап қыңқылдай бастаса «Тас жинап әкеліп міне, ет салдым, шыдаңдар, ет піссін» деп алдарқатыпты. Ақырында балалар талықсып, ұйқыға кетеді. Анасы да қазандағы быламықты былғаған күйінде ошақтың жанында мызғиды. Ертеңісіне қараса, қазан тағамға толыпты. Жегеннен артылғанын көршілеріне таратып, аштықтан құтылған екен. Сол себепті сүмәләкті көршілеріне, жақын-жуығына тарату әлі күнге дейін бар. Және тәулік бойына ұзақ пісірілетін тағамды көпшілік жиналып жасайды. Бір қызығы, оны тек әйелдер жасайды. Өзбек ағайындардың ер азаматтары қазанға қаншалықты жақын келсе де бұл тағамды жасау тек әйел затына бұйырылған. Әйел араласпайтын тек азаматтардың да арнайы пісіретін тағамы бар. Ол «халим» деп атайды. Оның пісіру әдісі ұқсас. Айырмашылығы дәмге бүтін қойдың еті салынып, әбден езіліп піскенше қайнатылады.

Сүмәләк жасауға қолғабыс бере келген келіндер қарасы көбейді. Бірлесіп істеген істің соңы мерекеге айналады емес пе?! Келіндердің қызылды-жасылды киіміне қызығып, сұрағымды қойдым. Шахназ деген замандасымыз жас келін түскенде қырық күн бойына қырық түрлі көйлек ауыстырып киетін дәстүр барын естігенде таң қалдым. Өйткені, қырық көйлек те ұлттық киім болуы керек. Атлас шапан, камзол-көйлек және үкілі тақия кию міндетті. Ең аз дегенде ұзатылар қалыңдықтың көйлек-көншегі оннан кем болмауы керек.

Негізі, сүмәләк жасауды үйренуге келгенімді де естен шығармайын. Халима апа асықпай өнген бидайды еттартқыштан өткізді. Бидай 4-5 күнде тамырлап, жасыл өркені жетіледі екен. Ұзындығы тебен иненің бойындай болғанда пайдалану керек. Және сүмәләкті наурыз айынан бастап әрі кетсе, сәуірдің басына дейін ғана пісіруге болады. Себебі, күн жылыған сайын дән құнарынан айырылып қышқыл тартып кетеді. Еттартқыштан шыққан бидай ақшылтым шырын шығарады. Оны бірнеше ыдысқа бөліп құйып, үстіне ұн себелеп езеді. Содан кейін қазанды отқа қойды. Ақырын араластырып, ұн үстемеленген «аталаны» араластырып отырды. Сүмәләк қайнап жатқанда жиналған жұрт дастарқан басына жиналды. Үй иесі пәтір нанды қолымен үзіп қонақтарға ұсынды. Пәтір нан – өзбектер үшін астың асылы. Қайда, қандай жерге бармасын өздерімен бірге пәтір нанын ала бару салты бар. Бұл – үлкен құрметтің белгісі. Тіпті, қызға құда түсе барғанда да екі жақ келісімге келгеннен кейін пәтір нан бөліп, келісімді бекітіп, құдалық жасалды деп шешеді екен.

Апамыздың үйіне кештетіп тағы бір қонақ келді. Дәстүр бойынша, ол да өзі пісірген сүмәләкті ала келіпті. Халима апа астың дәмін көрмес бұрын Жаратқаннан ел-жұртымыздың амандығын сұрап, бейбіт өмір тіледі. «Қыздарымыз жақсы жерге келін болып түсіп, ұлдарымыз адал келін алып, тойға жетейік. Әрқайсысымыздың отбасымыз сәбидің күлкісіне толып, ырыс-несібесі ортаймасын» деп батасын берді. Игі тілек қабыл болсын деп, қазанда бүлкілдеп қайнап жатқан көктем нәрін күтпей-ақ, бұйыртқан дәмнен біз де ауыз тидік.

Айгүл УАЙСОВА

Материалды “Астана ақшамы” газетінің astana-akshamy.kz ресми сайтына сілтеме жасағанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі.




Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button