Басты ақпаратРуханият

Сұлтан РАЕВ: Түркінің түп тарихы қазақ жерінен бастау алады



Елордада І Орталық Азия медиафорумы өтті. Оған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, беделді ­сарапшылар мен медиа мамандар, халықаралық деңгейдегі белгілі ­ғалымдар, саясаткерлер, журналистер қатысты. Осы шараға қатысуға келген Түріксой ұйымының бас хатшысы Сұлтан РАЕВПЕН сұхбаттасқан едік.

– Сұлтан Әкімұлы, жалпы осындай алқалы жиындарда түркі дүниесінің ортақ дүниелері сарапталады. Түркі әлемінің келешегі туралы ой-пікірлер айтылып, ынтымақ, бірлікті дамыта түсу мәселелері көтеріліп, мәдени-рухани байланысты нығайту мақсатында атқарылатын жұмыстар туралы айтылады. Осы жолы қандай мәселелер көтерілді?

– Астанада өткен медиафорумның маңызы өте үлкен. Себебі түркі дүниесіне қатысты барлық жағынан, барлық бағыттар бойынша интеграциялау процесі жүруде. Ол экономикада, саясатта, мәдениетте болсын, парламентаралық байланыс болсын, мынау күнде дамып жатқан ақпараттық кеңістікте медиа алаңдағы қатынастың осынау өзекті проблемаларға тікелей әсері бар. Орталық Азия мемлекеттері басшыларының төртінші консультативтік кездесуінде ұсынған Орталық Азия елдері үшін бірлескен телеарна немесе арнайы веб-сайт ашу туралы ұсынысы да айтылды. Форум барысында белгілі сарапшылар БАҚ дамуының өзекті мәселелерін талқылап, осы саладағы өз бақылаулары және тәжірибелерімен бөлісті. Бұл форум аймақтағы белгілі журналистер, сарапшылар мен БАҚ басшыларының басын қосып, сарапшылар өз пікірлерін талқылайтын алаң қалыптастыруға мүмкіндік берді. Әрине, мұндай форумның Ыстанбұлда, басқа жерде өткізілуі – қалыпты нәрсе, ал Орта Азияның кіндігі саналатын Қазақстанда өзіндік ұлттық ерекшеліктерімен, тілімен, ділімен өткізілуі ерекше әсерге бөлейді. Елдер арасындағы медиа алаңдағы алауыздық, қақтығыстар мемлекеттер арасына, басқа салалар арасына сызат түсіруі мүмкін. Сондықтан да бұл тұрғыдан келгенде, қазақ елінің өз бас­тамасымен, табиғи түрде бұл мәселеге қатысты медиа алаң ұйымдастыруы – өте құптарлық нәрсе. Бұл ретте Астананың еларалық мәселелерде, мемлекетаралық аймақтық байланыстарда ерекше орын алып отырғанын, беделін ерекше айтуымыз қажет. Астана ізгі мақсаттарды біріктіретін айрықша алаң ретінде танылып отыр. Сондықтан да бұл форумның келешегі де, маңызы да үлкен екенін, алдағы уақытта жүйелі түрде жалғасарына сенімдіміз.

– Ұйымның басты мақсаты – түркі тектес халықтарды бір-бірінен алыстатпау, әр елдің әдебиетін бір-біріне насихаттау, мәдени іс-шараларды өткізу арқылы түбі бір түркі халықтарын жақындату. Мысалы, әзербайжан, өзбек әдебиеттерін білмейміз, қырғыз әдебиетін де біле бермейміз. Гагауздар Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов, Олжас Сүлейменовті мектеп оқулығына енгізіпті. Біз мұны естіп, қуанып жатырмыз. Тағы қандай жобалар бар? Себебі мұндай ұйым басқа халықтарда, мысалы, славяндарда жоқ. Қазір Түріксой түркі әлемінің ЮНЕСКО-сына айналып отыр. Түркі дүние­сін біріктіруді, мәдениетін насихаттауды мақсат ететін ұйым алдағы уақытта қандай іс-шараларды жүзеге асырмақ?

Түріксой – түркі халықтарының өнері мен мәдениетін дамытуға ықпал жасайтын халықаралық ұйым. 1993 жылы 12 шілдеде Алматыда Әзербайжан, Қазақстан, Қыр­ғызстан, Өзбекстан, Түркия, Түрікменстан мемлекеттері Мәде­ниет министрлерінің кездесуіндегі өзара келісімшарт негізінде құрылды. Кейін­нен бұл келісімшартқа Татарстан, Башқұртстан және Солтүстік Кипр Түрік Республикасы қосылды. Түркі тектес халықтардың жеті мемлекеті мүше болған Түріксой ұйымының офисі Түркия Республика­сының астанасы – Анкара қаласында орналасқан

– Түріксой – түркі халық­тарының өнері мен мәдениетін дамытуға ықпал жасайтын халықаралық ұйым. 1993 жылы 12 шілдеде Алматыда құрылды. Түріксой ұйымын құрудың да негізгі бастамашысы Қазақстан болғаны баршаға белгілі. Түркі дүниесінің мәдениетін, әдебиетін, тарихын насихаттауды басты мақсатына айналдырған ұйым осы бағытта тынбай жұмыс істеп келеді. Түркі дүниесінің түп қазығы тіліміз бен мәдениетімізде екенін ескерсек, бұл мақсаттың халықтар арасында айрықша орын алары түсінікті. Жалпы, қарап отырсаңыз, мемлекеттер арасында мәдени интеграция, тығыз байланыс жоқтың қасы, қандай ақын-жазушы не жазып жатыр, қандай фильмдер жарыққа шықты, тарихқа қатысты қандай тың дүниелер бар – оны біле бермейміз. Ал Түріксой ұйымының осындай мәдени интеграциясы арқылы талай жақсы шығармалар жарыққа шығып, шет тілдеріне аударылып, әлем назарына ұсынылып жатыр. Мәдениет арқылы ел мен елді жақындастыру, тамырлас, бауырлас халықтардың өткенін зерттеп, бүгінін бағамдау, ортақ ірі мақсаттарға жұмылдыру – біздің негізгі мұратымыздың бірі. Биыл мерейтойлары өткен қазақ ұлылары – Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығы, Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы бұл тек қазақ елінің тұлғалары ғана емес, күллі түркі жұртын рухани серпілткен, тағылымы мол іс-шаралар еді. Мұндай маңызды жиындар Қырғызстанда, Түркияда, Өзбекстанда, тағы басқа елдерде де өтті. Ахаң – түркі тілінің реформаторы, тіл білімінің атасы ретінде қандай құрметке де лайықты тұлға. Оның және ұлы классик ­М.Әуезовтің шығармаларын түркі тілдеріне аударып шығардық. Олжас Сүлейменовтің, Мұхтар Шахановтың шығармаларын Анкарада жарияладық.

Түріксой – түркі халықтарының өнері мен мәдениетін дамытуға ықпал жасайтын халықаралық ұйым. 1993 жылы 12 шілдеде Алматыда Әзербайжан, Қазақстан, Қыр­ғызстан, Өзбекстан, Түркия, Түрікменстан мемлекеттері Мәдениет министрлерінің кездесуіндегі өзара келісімшарт негізінде құрылды. Кейіннен бұл келісімшартқа Татарстан, Башқұрт­стан және Солтүстік Кипр Түрік Республикасы қосылды. Түркі тектес халықтардың жеті мемлекеті мүше болған Түріксой ұйымының офисі Түркия Республикасының астанасы – Анкара қаласында орналасқан.

– Біздің тегіміз, мәде­ниетіміз бір. Түрлі себеппен жан-жаққа тарап, бір-бірімізден ажырап қалдық. Түріктердің даңқты өткен шағы бар. Тілінде сәл ғана өзгешелік болмаса, негізгі түп атасы біздің даладан тараған. Тарихымызды тану тұрғысынан тарихшыларымыз, зерттеушілер, әдебиетшілер қандай құнды дүниелер жазуды мақсат етеді және оған ұйымның қандай көмегі бар?

– Жалпы, біз 2023 жылы түркі дүниесіне, мәдениеті мен әдебиетіне қатысты алдағы уақытта шығаруға тиісті шығармалардың концепциясын жасамақпыз. Яғни 2040 жылға дейінгі осы бағыттағы стратегиялық жоспар жасалу үстінде, бұл осы саладағы «жол картасы» болады деп отырмыз. Осы мақсатпен Қазақстанның Мәдениет министрімен кездесіп, көптеген мәселелерді талқыладық. Бұл жерде бірден айтайын, әншілердің концертін өткізу деген уақытша нәрсе екенін, концерт деген бүгін бар, ертең естен шығарын ұмытпауымыз қажет. Одан да біз күшімізді түркі дүниесіне қатысты тарихи мәселелерді зерттеуге, түпкі тарихты тануға, адамзаттағы алғашқы тіршілік – ортақ тарихты тануға, петроглифтер – Таңбалы шатқалының тастағы суреттер галереясын танытуға, ондағы жазуларды оқуға, таным көкжиегін кеңітетін дүниелерге ерекше мән беруіміз қажет. Петроглифтер, өздеріңіз білетіндей, тастар кешені, Жетісудың ең көне ескерткішінің бірі. 2004 жылы осы ескерткіштерді ЮНЕСКО әлемдік мұра нысандары тізіміне енгізгені белгілі. Бұдан өзге ұлттық мәдениетімізді танытқан ұлттық дәстүрлі өнерді, ұлттық биді насихаттау мақсатында біраз шаруаны қолға алдық. Дінаралық татулық мәселесінде де қазақ елі маңызды жиындар өткізіп жүр. Әлемдік дінбасыларды Қазақстанға жинау біз үшін де өте маңызды. 21 жылдан бері Қазақстанда әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтіп келеді. Мен сол жиынға қатыс­тым. Маған, әсіресе, қатты әсер еткені – Рим папасы Франциск ұлы Абайдың сөздерінен мысал келтіріп, «жылы жүрек, нұрлы ақылды» сақтауымыз керек дегені. Католиктердің көсемі келелі мәселелерді қозғап, Абай сөздерінің маңызына тоқталды. Ол Еуропаның, басқа да елдердің данышпандарының сөздерін келтірмей, Абайдан тағылым алуға шақырды. Абай әлемдегі рухани көсемдердің арасынан ойып тұрып орын ала алатынын анық байқатты. Ендеше абайтануды жалғастыру, іздену, насихаттау түбі түркі жұртына ғана емес, барша әлем халқына тән нәрсе болуы тиіс.Осындай данышпандарымыз Қырғызстанда да бар, Түркия елінде де бар, барлық түркі халықтарында да бар. Мысалы, парсыдан шыққан ұлы ақын Румиді, тағы басқа әлем халықтары сүйсініп оқитын эпос жырларын тудырған өнер иелері туралы зерттеп, зерделеу, түрлі тілге аудару, насихаттау – болашақтың еншісінде. Сондай-ақ осындай игі мақсаттарды ұстанған Қазақстанның адамзат тарихына, Ұлы дала өркениетіне қосқан ерек үлесін таныту – басты мұратымыздың бірі. Түркі дүниесінің түп тарихы осы қазақ жерінен бастау алатынын, әлемдегі өркениеттің өрісін өзгерткен ұлы тұлғалар табанының ізі қалған қасиетті топырақтың құдіретін бар әлемге танытуымыз керек. Түркі әлемінің астанасы – Түркістанда түркі елдерінің бірлескен телеарнасын жергілікті телеарна базасында ашуды жоспарлап отырмыз. Ол, шынында да, рухани астанаға айналмақ.

– Түріксой 30 жылдан бері түркі халықтарының бауыр­ластығын күшейту, ортақ түркі мәдениетін келесі ұрпаққа жеткізу және әлемге таныту үшін қызмет етіп келеді. Бастапқыда Түріксой түркі мәдениеті мен өнерін дамытудың халықаралық ұйымы деген мағынаны білдіретін. Кейін аты «Халықаралық түрік мәдениеті ұйымы» деп өзгерді. 30 жылдықты өткізуді қалай жоспарлап отырсыздар?

– Түріксой ұйымының тұсауы 1993 жылы Алматыда кесілгендіктен, бұл іс-шара Алматыдан басталады, ұйымға мүше барлық мемлекетте, ЮНЕСКО көлемінде, сондай-ақ БҰҰ аясында өткіземіз деп жоспарлаймыз.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button