Мәдениет

Ерекше балалар мерекесі

Елордада ерекше қажеттіліктері бар балалардың өмірі жайлы тұңғыш халықаралық «Бәйтерек» қысқаметражды фильмдер кинофестивалінің жабылу салтанатты өтті. Үш күнге созылған фестивальге әлемнің бес елінен 30-ға жуық өтінім келіп түсті.

Фестиваль ұйымдастырушылары – «RedMark» киностудиясы мен «Диалог-Астана» қоғамдық бірлестігі. Астана қаласының әкімдігі, «Адал ниет Астана» жекеменшік қайырымдылық қоры, «Мама Про» әлеуметтік әлсіз әйелдерді дамыту және қолдау қоры, Астана қаласы бойынша аутизмге шалдыққан балалардың ата-аналарына арналған «Орда» қоғамдық бірлестігі қолдау білдірді. Фестивальдің атқарушы директоры Талғат Тайшанов байқаудың негізгі мақсаты қоғамның көзқарасын өзгертуге бағытталған деді.

Салтанатты жиынға фестивальдің құрметті қонақтары, атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің басқарма басшысы Рига Онаева, экономия ғылымдарының докторы Тұрсынбек Өмірзақов, қазылар алқасының мүшелері, режиссерлер Марат Сәрсенбаев, Тимур Асылханов, Ұлан Әбішев, Сайя Тоқманғалиева, Диана Ибраева қатысты.

Қазылар алқасының төрағасы Марат Сәрсенбаевтың айтуынша, қатысушы-фильмдердің басым көпшілігі – жас режиссерлердің алғашқы кәсіби жұмыстары.

«Өнер арқылы қоғам мәселесін көрсету өте маңызды. Фестивальдің ерекшелігін айтатын болсам, бұл байқауда ерекше балалардың өмірі, олардың жанынан табылатын ата-
аналардың қолдауы сөз болды. Мәселен, «Таксист» фильмінде басты рөлді сомдаушы – жүргізушінің құлағы естімейді. Ал фильмде дыбыс әлемі арқылы актерге қажетті құбылыстар көрініс табады. Ондай мысалдар өте көп. Фильмдер шынайы оқиғаға негізделгендіктен, қатысушылардың бәрі де көркем туындылар арқылы өз өмірін көрсете білді» деп жеткізді режиссер.

Фестивальге Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Өзбекстан елдерінің қатысушылары өз туындыларын ұсынды. Оның ішінде «Үздік режиссерлік жұмыс» номинациясында Дарья Биневская (Ресей) «Менің атым Петя» туындысымен лайық деп танылды. «Үздік операторлық жұмыста» Арман Рысмуханов пен Бахытжан Сәрсенов «ARU-AI» фильмімен жеңіске жетті. «Үздік сценарий» номинациясында Эркинай Зайнидинованың (Қырғызстан) «Mute» фильмі жеңіс тұғырынан көрінді. «Silent road» фильмінде басты рөлді сомдаған Арнұр Қарақас (Қазақстан) «Үздік актер» номинациясында марапатталып, жеңімпазға Қазақстандағы Үндістан елшілігінің арнайы сыйлығы табысталды. Ал «Үздік актриса» номинациясын «Айжан» фильмінде ойнаған Айжан Сұлтан иеленді. Фестивальдің «Жаңа көзқарас» номинациясында Максим Якубсон (Ресей) «Оба кезінде қабілетті адамдар» туындысы үшін марапатталды. «Көрермен дауысы» жүлдесін Манзарали Шерали (Тәжікстан) «Бремя» деректі фильмімен иеленді.

Жеңімпаздардың бірі Самат Рамазанов «Big Sam» картинасымен «Адал ниет Астана» жекеменшік қайырымдылық қорының арнайы марапатын алды.

«Бұл кинофестивальге қатысқаныма мен қуаныштымын. Себебі ерекше балалар тақырыбын арқау еткен байқаудың маңызы зор. Менің туындым мотивациялық бағытта, негізінен, қоғамға бізді осындай керемет жандар қоршайтынын жеткізгім келді» деді ол.

Кинодағы гуманистік құндылықтарды дәріптегені үшін «Жас толқын» журналының дипломымен Фариза Танаева («Run Adema Run» фильмі) марапатталды. «Диалог-
Астана» қоғамдық бірлестігінің атынан өзбек режиссері Элдор Кудратиллаевқа «Бұл – менің әлемім» картинасы үшін диплом табыс етілді. Конкурстан тыс «Бір кездері Қорғалжын қаласында» (режиссер Арай Каримова) фильмінің командасы да арнайы дипломға ие болды.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button