Денсаулық

Сүрініп кетіп, бүлініп жүрген тағдырлар…



narkoman1

Таяуда табиғаты көркем, таулы өлке – Өскеменге жолымыз түсті. Сапарымыздың да мақсаты бөлектеу. Бүгінгі таңда ғасыр дертіне айналып бара жатқан есірткіге тәуелді адамдардың тағдыры көпті алаңдатып отырғаны рас. Оларды осы ауыр дерттен аман алып қалу үшін «қандай ем шаралар қолдану қажет» деген сауал да ақ халатты абзал жандарды тығырыққа тіреуде. Әрине, қазіргі күні елімізде Германияда қолданысқа енген метадон дәрісімен осы жолға түскен адамдарды емдеу қолға алынған. Ол Өскемен, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Теміртау, Орал, Тараз, Семей, Екібастұз қалаларында пилоттық жоба ретінде жүзеге асуда. Бағдарлама бойынша 400 есірткіге тәуелді адам сайтқа ене алады.

 Жалпы, метадон – героинге тәуелді адамдарды емдеуге бағытталған дәрілік зат. Есірткіден арыламын деген науқас жоғарыда аталған жобаға қатысып, арнайы сайттардан (пунктерден) өздерінің күнделікті дозаларын дәрігердің көзінше қабылдайды

Біздің жолбасшымыз – «ВИЧ статусымен өмір сүретін адамдар одағының» заңды тұлғалар бірлестігі. Аталмыш ұйым осы бағытта бірқатар жұмыстар атқаруда. Алдымен аттың басын Өскемен қаласындағы облыстық наркологиялық диспансерге тіредік. Орталықтың іші – ығы-жығы халық. Бірі кіріп, бірі шығып жатыр. Осы наркологиялық орталықта 33 адам (квота 50 адамға) метадон дәрісін қабылдайды. Науқас күн сайын таңғы сегіз бен он аралығында орталыққа келуі қажет. Егер оны бір күн қабылдамаса, науқас қалыпты күйінен айырылып, тамаққа тәбеті болмай, алабұртып ауырады. Сондықтан оны қабылдаушылар міндетті түрде таң атысымен орталықтан табылады. Дәріні пайдалану үшін де науқас міндетті түрде осы елдің азаматы болуы, жасы он сегізден асқан, наркологиялық диспансердің тіркеуінде тұруы қажет. Кейбір мамандар аталған препараттың артықшылығын да айтады. Мәселен, дәрі сұйықтық ретінде ауыз қуысы арқылы қабылданады. Демек, ине арқылы таралатын ЖИТС-тің қаупін азайтады. Екіншіден, метадон есірткі секілді «ләззат» сыйламайды, тек дененің ауырсынуын ретке келтірмек. Оған тәуелді болғандарды аз да болса қалыпты өмірге жақындатады. Біз аталған орталықта осы препаратты қабылдап жүрген адамдарды сөзге тарттық. Олар да өз ойларын ірікпей, бастан кешкен қилы тағдырларын жасырған жоқ…

  Басымды тауға да, тасқа соқтым…

Константин, 46 жаста.

– Кейде өз өмірімді ойласам, терең мұңға батамын. Жиырма төрт жыл есірткіге тәуелді болдым. Одан қашып құтыла алмадым. Сол үшін басымды тауға да, тасқа да соқтым. Түрменің де бейнетін кештім. Бір жұтым есірткі үшін ақша іздеп, талай күнді батырдым. Тіпті, сол үшін ұрлыққа да бардым. Барлық жақын-жұрағат, достарым, отбасым, менен теріс айналды. Өмірімнен мән кетті. Талай рет өлгім де келді. Бірақ, оған ерік күшім жетпеді. Осы теріс жолға түскен қаншама досым өмірден өтті. Әрине, үлкен өкініш!..

Бірде сәті түсіп, осы бағдарлама жайлы ақпарат таратып жүрген еріктілер тобымен жүздестім. Олар есірткіге тәуелді адамдарды анықтап жүр екен. Сол тізімге мен де іліктім. Бағдарламаға қатысуға ұзақ ойландым.  Ақыры, бел будым. Метадонды қабылдап жүргеніме төрт жыл болды. Ол дененің ауырсынуын басады. Басқа артық «ләззат» сыйламайды. Әрине, алғашқы кезде есірткі қабылдағым келіп, аңсарым ауып тұрды. Осы кезде дәрігерлер мен писхолог мамандардың көмегіне жүгіндім. Оларға үлкен рахмет, сондай бір қиналған шақта, мені аман алып қалды. Қазір,  өз отбасым бар, балам өсіп келеді, жұмыс істеймін. Кәдімгі, қарапайым адамдар секілді тірлік кешудемін. Күн сайын ертемен, таңғы сегізде келіп, дозаны қабылдаймын. Тоғызда жұмысыма барамын. Әрине, бұл жағдайды бірге жұмыс істейтін әріптестерім білмейді.

Алайда, толыққанды адам ретінде өмір сүру үшін метадонға тәуелділіктен арылу қажет. Бірақ, осы қадамға баруға батылым бармай жүр. Әлі де бойымда сенімсіздік бар. Осы сенімсіздіктен арыла алмай өмір сүруде қорқынышты екен.

Өмірге өзгеше қараймын….

Люба, 31 жаста:

– Мен үшін оның атының өзі қорқынышты. Амал не, бірақ оған да адам үйренеді. Алғаш есірткіге тәуелді болуды жолдасымнан үйрендім. Соны осы дерттен емдетем деп біраз жүгірдім. Еш нәтиже болмады. Қажыдым, өмірден түңілген де кезім болды. Ақыры, мен де соған бардым. Дәмін бір татып көремін деген ой ғана болды. Кейін… Содан ұзақ азапты күндер басталды. Тіпті, барар жер, басар тауым қалмады. Бірде жақын сырласым, осы бағдарлама туралы айтып, метадонды қабылдап көруді ұсынды. Мен бұған дейін де үш рет наркологиялық диспансерде емделгем. Нәтижесі оншалықты болмады. Осы жерде тіркеуде тұрғаныма төрт жыл болды. Осы дәріні қалай қабылдай бастадым, солай өмірге деген көзқарасым өзгерді. Жаным түлеп қоя берді. Адамдармен араласа бастадым. Отбасын құрдым. Жолдасым да ешқашан есірткі қабылдап көрген емес. Алайда, менің жағдайымды жақсы біледі. Осы дәріні белгіленген мөлшерде ішіп жүріп, ұлымды дүниеге әкелдім. Енді осы баламды үлкен азамат етсем деймін. Сол үшін барлық мүмкіндікті жасап жатырмын. Мен үшін осы бағдарламаның орны бөлек. Егер ол тоқтап қалса, тіркеуде тұрған науқастарға қиын болары хақ. Меніңше, осы дерттен құлан-таза емделу де қиындау. Бірақ, метадон есірткіге тәуелділікті таза жоймағанмен, өмірді сапалы әрі саналы сүруге мүмкіндік береді…

  Жаны шырқыраған ана

Татьяна Сергейқызы, (Сергейдің анасы)

– Балам қаршадай кезінен сабырлы, салмақты болатын. Ерсі жүріс, артық қимылын да көрген жоқпын. Соны көріп, балама іштей сүйсініп жүретінмін. Алайда, қалай әскерден келді, ұлымның болмысы мүлде өзгерді. Есірткіге тәуелді болды. Міне, содан бері жиырма үш жыл уақыт өтті. Түрмеге де түсті. Мені де қарызға белшемнен батырды. Көмек сұрап бармаған жерім қалмады. Баламды осы бір тәуелділіктен емдетемін деп аласұрдым. Еш нәтиже болмады. Алғаш осы бағдарлама жөнінде естігенде онша құлықты болмадым. Кейін, шарасыздықтан бас сұқтым. Осы бағдарламаға қатысып, түзеле бастаған адамдарды көрдім. Ақыры, ұлымды жетектеп, осы жерге алып келдім. Міне, дәрі қабылдап жүргеніне үш жылдан асты. Дәрігер тағайындап берген дозасы бар. Соған сәйкес күніне бір уақыт ішеді. Жұмысқа орналасты. Әйтеуір, әупірімдеп, жұрттан алған қарызды екеулеп қайтарып жатырмыз. Жиырма үш жыл қорқынышта, бейнетте өткен өмірімнен соң үш жылдан бері үміттің оты жылтырай бастады. Бұл бағдарламаны мемлекет қолға алса дейміз. Бүгінгі таңда қаржыландырып отырған қор бір күні демеушіліктен бас тартуы да мүмкін ғой… Оны ойласам, жүрегім ауырады. Осы мәселе оң шешілсе екен деп үміттенемін…

 Талқыға түскен метадон

Әлемде метадонды есірткіге тәуелділікті емдеу үшін 1964 жылдан бері қолданылады. Ол біздің елімізде БҰҰ-ның «Глобальді» қорының қаржыландыруымен 2008 жылдан бері пилоттық жоба ретінде жүзеге асуда.  Оның бір милиграмы бір доллар тұрады. Оңалту орталықтарында бір күндік ем қабылдау орта есепен алғанда 8500 теңге, ал жеке клиникаларда 15000  теңге.

– Метадон – синтетикалық дәрі. Алғашқыда Германияда метадонды ауырсынуды басатын дәрі ретінде қолданысқа енгізді. Әр қабылдаушыға мөлшері белгіленген сұйықтық түрінде беріледі. Алдымен 30 мг мөлшер тағайындап, науқасты бақылаймыз. Сосын түрлі жағдайларды ескере отырып, мөлшерін көбейтеміз. Бүгінде ең жоғарғы мөлшер – 200 мг. Бағдарламаның мақсаты – науқасқа белгіленген мөлшерді уақыт өте азайтып, тәуелділікті жою. Сондай-ақ, есірткіден емдеудің бірден-бір жолы метадон деуден де аулақпын. Алайда, қоғамдағы есірткімен күресуге арналған кез келген бағдарламаның көмегі бар деп ойлаймын, – дейді Өскемен  қаласындағы облыстық наркологиялық диспансердің дәрігері Флюра Назырова.

Бір қызығы, бізде осы метадон препараты төңірегінде мамандар арасында пікір қайшылығы бар. Айталық, республиканың он ірі қаласында  опиоидты орын алмастыру бағдарламасы жұмыс істейді. Алайда, еліміздің бас қалалары саналатын Астана мен Алматы шаһарларында аталмыш бағдарламаға тыйым салынған. Оның да себептері де болуы мүмкін. Дегенмен, бүгінгі таңда біздің Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі метадонды дәрі ретінде тіркеу жөнінде мәселені қарастыруда…

                                                                                Азамат ЕСЕНЖОЛ,

                                                                        Астана – Өскемен – Астана




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button