Басты ақпаратМәселе

Суды қалай үнемдейміз?



Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында суды үнемдеуге ерекше назар аударғанын білеміз. «Суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі керек. Бір сөзбен айтсақ, суды барынша үнемдеуіміз қажет» деді Президент. Биыл 1 шілдеден бастап Астанада судың тарифі орташа есеппен 20 пайызға өсті. Екі айдан бері қала тұрғындары ай сайын келетін түбіртектегі судың бағасына бұрынғыдан көбірек ақша төлей бастады. Құзырлы мекеменің жаңа шешіміне сәйкес, судың бір текше метріне 58,15 теңге төлейміз. Ал канализация құбырының тарифі 45,28 теңгені құрайды. Жаңа тарифтер 2023 жылдың 1 шілдесі мен 31 желтоқсаны аралығына бекітілді.

Тариф неге өсті?

Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің департамент басшысы Қанат Құлназаров бұл өзгерісті былай түсіндіріп берді:

«Астана қаласының сумен жабдықтау және су бұру саласында «Астана су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны қызмет көрсетеді. Жаңадан бекітілген тариф аясында мынадай іс-шараларды іске асыру көзделген: біріншіден, су бұру желілерін жөндеп, реконструкциялауға, қондырғылар мен арнайы техниканы жаңартуға 1,2 млрд теңге қосымша инвестиция бөлу. Екіншіден, электр қуатына жұмсалатын шығынды арттыру. «Астана су арнасы» үшін бұл – стратегиялық тауар. Үшіншіден, кәсіпорын жұмысшыларының орташа номиналды айлығын өсіру. Осы айтылған айғақтарды есептесек, сумен жабдықтау және су бұру тарифі тұрғындар үшін орта есеппен 10 теңге көлемінде өзгертілді. 1 текше метр суық судың тарифі 48 теңгеден 58 теңгеге дейін, су бұру тарифі 7,5 теңгеге өсті».

Қаладағы су құбыры мен кәріз желісінің тозу көрсеткіші 40 пайызға жеткендіктен, «Астана су арнасы» кәсіпорны ауыз су тарифін тұрғындар үшін шамамен 62 пайызға қымбаттатуды ұсынғаны мәлім. Құзырлы мекемеде дифференциалды тариф қолданылатындықтан, ауыз су бағасы жеке тұлғалар, жылу энергиясын өндіретін кәсіпорындар, бюджеттік мекемелер мен заңды тұлғаларға бөлек есептеледі. Мысалы, 1 шілдеге дейін тұрғындар үшін 48,46 теңгеден, жылу энергиясын өндіру, беру және тарату бойынша қызмет көрсететін кәсіпорындарға 152,91 теңгеден, бюджеттік ұйымдар және заңды тұлғаларға 211,55 теңгеден есептеліп келді. Бұдан бөлек, кәріз құбыры жүйесінің (ағынды суларды бұру және тазарту) құны да өзгеріске ұшырамақ. Оның тарифін тұрғындар үшін бұрынғы 37,73 теңгеден 60,31 теңгеге дейін (өсім – 60 пайыз) өсіруді ұсынды. Алайда бұл тариф әзірше 45,28 теңгеге өсті.

Десек те елордадағы тарифтер еліміздің басқа қалаларындағы тарифтен әлі де төмен екенін көреміз. Мәселен, Астанада судың текше ­метрінің құны (ҚҚС-ті есептемегенде) – 58,15 теңге, Қарағандыда – 120,72 теңге, Ақтөбе облысында – 93,55 теңге, Солтүстік Қазақстан облысында – 81,51 теңге. Жаңа тарифтерді ескі тарифпен салыстырар болсақ, бір бөлмелі пәтер үшін сумен жабдықтау және кәріз үшін төлем (20 текше метр) шамамен 200 теңгеге өседі: 960 теңгеден 1160 теңгеге дейін, екі бөлмелі пәтерге орташа түбіртек (30 текше метр) шамамен 300 теңгеге: 1448 теңгеден 1748 теңгеге дейін немесе 20 пайызға өседі. Әлбетте, бұл қарапайым тұрғындардың қалтасына қатты салмақ салмайтыны анық.

Қалай үнемдейміз?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында суды үнемдеуге ерекше назар аударғанын білеміз. «Суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі керек. Бір сөзбен айтсақ, суды барынша үнемдеуіміз қажет» деді Президент.

Бірақ біз қалай үнемге көшеміз, істі неден бастаймыз деген сауалдарға әлі толық басымызды қатырған жоқпыз. Себебі арзан су күн сайын шүмектен ағып тұр. Ол аздай, ауыз суды ішуге ғана емес, даладағы тал-ағаштарды суғаруға, көшелерді және көліктерді жууға да пайдаланып жүрміз.

Бажайлап қарасақ, Үкіметтің 2012 жылғы 17 қаңтардағы қаулысында ғимараттардың санитарлық-эпидемиологиялық талаптары белгіленген. Автокөлік жуу қызметі осы талаптарға бағынуы тиіс. Яғни көлік жуатын жердің техникалық талабында ғимаратты су жүйесімен жабдықтауда суды тазалап, кері айдайтын құрылғы міндетті түрде орнатылуы керек. Қазір бұл талап орындалмайды. Сарапшы-мамандар бұл талапты бұзғандарға қатаң жаза қолдануды ұсынып отыр. Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев суды қатты ысырап қылғандарға салынатын айыппұлдың көлемін бірнеше есеге көтеру керек деп санайды.

«Бізде қазір суға деген жабайы көзқарас бар. Көлік жуатын жерлер таза ауыз суды пайдаланады. Тіпті біздің кәсіпкерлер де бизнесінің құнына судың құнын қосып жазбайды. Олар әуелі жалақыны, одан кейін жанар-жағармайды, коммуналдық қызметтерді қосады, ал суға 1 тиын ақшасын да салмайды. Өйткені елімізде судың құны өте арзан. Таза ауыз судың бір текше метріне 77 теңге төлейсің, бітті. Бізде айтылып-­айтылып жауыр болған мәселенің бірі – өнеркәсіптегі алып кәсіпорындар 30-40 жыл бұрынғы технологиямен жұмыс істейді. Көп суды ысырап қылатын соларға салынатын айыппұл мөлшерін күрт өсіруіміз керек. Нақты бір қолдану нормалары мен су үнемдейтін технологияларды енгізіп, бекітетін уақыт жетті» дейді С.Пономарев.

Ал Су ресурстары комитетін көп жыл басқарған Ислам Әбішев суды тұрмыста үнемдеуге болғанмен, басқаша жолы қиындау екенін айтады.

«Қазақстан бойынша 1 млрд текше метр су тұрмыс қажетіне жұмсалады. Бұл – адамның өмір сүруіне қажетті нәрсе. Ал ауыл шаруашылығы дақылдарын суаруға 13 млрд текше метр су пайдаланамыз. Мысалы, Астанаға техникалық суды қайдан тасып әкелеміз? Әрине, Астана су қоймасынан. Бұл – қыруар шығын. Алдағы уақытта басқа жолдарын қарастыруымыз қажет. Әйтпесе судың шығынына қатысты мәселе күн тәртібінен түспейді» дейді ол.

 Кім қанша жұмсайды?

Worldometers-тің мәліметіне үңілсек, Қазақстан Орталық Азияның өзге елдері сияқты су пайдалануда көштің басында тұр. Мәселен, елімізде күн сайын жан басына шаққанда жұмсалатын судың мөлшері 3,5 мың литрді құрайды. Салыстырып көрсек, көршілес Ресейде бұл көрсеткіш – бар-жоғы 1,3 мың литр, Гүржістанда – 1,2 мың литр, Украинада – 604 литр, ал Ұлыбританияда 348 литр екен. Түрікменстан тіпті 16,3 мың литр көрсеткішпен бәрінен алда келеді. Одан кейінгі орындарда Өзбекстан (4,8 мың литр), Тәжікстан (4,5 мың литр) және Қырғызстан (4,3 мың литр) орналасқан. Алпауыт ел АҚШ-тың өзі 3,8 мың литрмен осы елдерден кейін жайғасыпты.

Holidu ұйымының мониторингіне кірген әлемдегі 120 ірі қаланың ішінде де Астана, Алматы, Шымкент бар. Айтпақшы, 123 қаланың рейтингінде судың құны жөнінен Шымкент 117-нші, Астана 118-інші, Алматы 119-орынды иеленген. Халықаралық есеппен алғанда, Астанадағы судың 1 текше метрі 0,11 еуроны құрайды. Бұл – әлемдегі ең арзан су. Алайда судың құнына ұқыппен қарайтын Карачиде 1 текше метр су – 0,08 еуроны, Каирде – 0,07 еуроны, Эр-Риядта 0,03 еуроны құрайды. Осы 123 қаланың ішінде ең қымбат су Норвегия астанасы Ослода (5,51 еуро) екен. Норвегтердің жалақысы қазақтардан 7,7 есе артық болғанмен, Ослодағы судың тарифі Астанамен салыстырсақ 52 есе көп. Соған қарамастан, Норвегиядағы су тұтыну мөлшері біздікінен екі есеге дейін төмен, олар жан басына шаққанда бір күнде 1,8 мың литр су пайдаланады.


Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button