Басты ақпаратМәселе

Суицид – қатерлі дерт



Қоғамдағы ең күйіп тұрған мәселенің бірі – суицид адамның өзіне-өзі қол жұмсауының азаймай отырғандығы. Әсіресе, суицидтің балаларға қарай ауыз салуы – ең қорқынышты көрініс, соның ішінде мектеп жасындағы балалардың бұған шарпылуы «жалғыздық» деген рухани дерттің бірден-бір емі «өлу» деп шешетін сана ауытқуы деп психолог мамандар қорытынды жасап отыр. 

Астана қаласының Полиция департаменті және оның аумақтық бөлінісінде 2022 жылдың 12 айы ішінде – 166, 2023 жылдың 9 айында 154 суицид фактілері тіркелген. Суицид әрекет жасаудың басты себептерінің бірі – жақындары мен туыстары тарапынан түсінбеушілік, сүйіспеншілік пен қолдаудың болмауы. Сондай-ақ туыстарымен жанжал (ұрыс, сөзге келіспеушілік), дұрыс тәрбие бермеу, мен технология мен әлеуметтік желілердің әсері, дәрі-дәрмек қолданудың мөлшерін білмегендік (ауырсынуды басатын дәрілерді мөлшерден тыс қолдану, тағы басқалары).

Мысалы, мектепте, біртоға момын балаларды бұзық мінезді балалар үнемі басынуы, осындай біртоға балалардың әртүрлі шаралардан шетқақпай қалып қорлануы, сабағының нашарлау көрсеткіште болуынан әркез төменшік жүруі, өз үйінде де ата-анасының да мейірім назарынан тыс қалуы, сөйте тұра осындай біртоға балалар «еліктегіш», «көргіш», «естігіш» секілді сергек балаларға қарағанда «сезгіш» болуы әлгіндей айналасынан келіп жатқан жайсыз әрекеттерден жандүниесіне түскен ауыртпалықтарды ұзақ көтеруге шамасы жетпей, жас көңілі мына сұрқай өмірден әбден түңіледі екен.

Астарында не жатыр?

Түңілудің соңы тұйыққа тірелу, алды тас қараңғы ілгері басар жолы қалмаған, арты  әлгіндей қатігез… міне, мойнына бір жіп салса болды, онсыз да бүкіл болмысы өлім торына келіп өзі түсіп тұр!

Сондықтан да білім мекемелерінде оқушылардың, жасөспірімдердің қатысуымен ата-аналар және педагогтармен алдын алу іс-шараларын өткізу өте маңызды. Әрине, елімізде, елордада кәмелетке толмағандар арасында өз өзіне қол жұмсаудың алдын алу жұмыстары ведомствоаралық өзара іс-қимыл шеңберінде жүріп жатыр.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 30 нау­рыздағы № 156 қаулысымен бекітілген 2020-2023 жылдарға арналған балалар құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және жасөспірімдер арасындағы суицид мәселелерін шешу жөніндегі Жол картасын орындау шеңберінде Астана қаласының білім басқармасы елорданың мектептері мен колледждерінде бірқатар іс-шараларды жүзеге асыруда. Кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтік мінез-құлық қоғамдағы өткір мәселелердің бірі болып қала береді. Бұл жұмыстың тиімділігін барлық Құзыретті құрылымдардың нәтижелі ведомствоаралық өзара іс-қимылы арқылы ғана арттыруға болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Мемлекет басшысы:

«Жастардың арасындағы жантүршігер жағдайлар мен отбасындағы зорлық-зомбылық жиілеп, күн тәртібіндегі мәселеге айналып барады. Бұған жауапты орындар қызметін жөнді атқарып жатқан жоқ»

Қалалық Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі А.Бимендина бұл жөнінде былай дейді.

– Мемлекет басшысы осы бағыттағы жұмыстарды сынға алды. Онда құзыретті органдардың жастар арасында суицидтік ахуалды жақсарту жұмыстары көңіл көншітерліктей емес екенін айтты. Менің қызметім – үкіметтен ақы алмайтын таза қоғамдық жұмыс, штатта мамандарымыз да жоқ, тәжірибелі педагог ретінде қолымнан келгенінше мектептерде, колледждерді жасөспірімдерге психологиялық қандай көмек бере аламыз деген мәселемен бас қатырып жүргенімізге біраз болды. Ата-аналарға мыңдаған сауалнама жолдап, жауабын алғасын оны талдап, талқылай келе мынаған көз жеткіздік, суицидке әсер ететін жағдай, біріншіден – әлеуметтік желідегі әлімжеттік, буллинг, сосын отбасындағы ұрыс-керіс, кикілжің, өкінішке қарай, баланың өмірден баз кешуіне апарып соғады. Мектептерде балалар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша да біраз іс-шараларды өткізіп жүрміз. Сонда байқағанымыз, тағы да мамандар жетіспеушілігі немесе азғантай жалақыға жұмыс істеп жүрген полиция қызметкерін немесе психолог мамандарын өз елінің патриоты демеске лажың жоқ. Не істемек керек? Маман жетіспесе, мектептердегі класс жетекшілеріне қиын жағдайға тап болғанда әрі дәрігер, әрі полиция, керек болса, психолог маман ретінде жедел әрекет етуге тура келетінін, солардың ғана қолынан шұғыл көмек боларын айтқымыз келеді. Жұдырықтай жұмылғанда ғана бар байлығымыз, бақытымыз – балаларға, болашағымызға қызмет ете алатын боламыз. Жаңа Қазақстан болуымыз үшін барынша жүкті жұмыла көтергеніміз абзал, – деді А.Бимендина.

Неге алдын алмаймыз?

Әрине, кез келген індеттің емі болатыны секілді суицидтің де алдын алуға болатындығы рас. Бірақ, суицидолог маман Михаил Смецкой  маман кадрлардың жетіспеушілігінен, қоғам зәру болып отырған мамандардың жалақысы мардымсыз екендігін алға тартып, халық қалаулыларына, құзыретті орган өкілдеріне бұл мәселе шешілмейінше, балалар, жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу жұмыстарында ілгерілеушілік болмайтындығын ашына айтты. «Бұрын психолог-суицидолог маман ретінде маған күйзеліске түскен, жағдайын айтып айына 3-4 бала келсе, қазір олардың саны айына 26-дан асады. Балалар психологы өте аз, тікелей суицидтің алдын алумен айналысатын маманның лайықты біліктілігі жоқ, шетелде оқуға, тәжірибе алмасуға денсаулық сақтау органдарынан ұсыныс та жоқ, ықылас та жоқ, шетелге тәжірибе алмасуға маман емес, бұл проблемадан ауылы алыс кадрлар кетіп жүр, ал балалармен жұмыс істейтін мектеп психологтарының деңгейі шектеулі олар әрі кетсе, скрининг пен тренинг жасаудан артылмайды. Ал қиын жағдайға тап болған жастарға, балаларға біліктілігін арттырған, осы мақсатта миллиондап қаржы жұмсаған білімді кадрлар керек. Олардың жалақысын көрсең, мардымсыз, бұл саладан кетіп жатқандар да аз емес. Бұл мәселені үкімет кешенді түрде шешпейінше, маман кадрлармен қамтамасыз етіп, жалақысын көтермейінше, бұл істе әлдеқандай бір ілгерілеушілік бола қояды деп айта алмаймын» деді Михайл Смецкой.

Қайтсек те, суицидтік көңіл-­күйдің алдын алу іс-шараларына бейжай қарамауымыз қажет. Кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу жұмысында ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасау, Қазақстан Үкіметінің жол картасы пункттерін орындау шеңберінде бірлескен, әрі қарай шешімдер қабылдау мүмкіндіктеріне байланысты іс-қимылдар, әрекеттер жалғаса беруі тиіс. Ал әзірше бұл тақырып ғаламтор жайлаған жаhандану заманындағы ең өзекті мәселенің бірі ретінде қала береді.

Астанада 2022 жылдың 12 айы ішінде – 166, 2023 жылдың 9 айында 154 суицид фактілері тіркелген. Суицид әрекет жасаудың басты себептерінің бірі – жақындары мен туыстары тарапынан түсінбеушілік, сүйіспеншілік пен қолдаудың болмауы

Елордада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен еліміздің дамуы жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы осы мәселелерге арнайы тоқталып, олқылықтарды атады.

«Жастардың арасындағы жантүршігер жағдайлар мен отбасындағы зорлық-зомбылық жиілеп, күн тәртібіндегі мәселеге айналып барады. Бұған жауапты орындар қызметін жөнді атқарып жатқан жоқ» деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарау қажеттігін айтты.

«Тағы бір назар аударатын мәселе – жас ұрпақтың қауіпсіз­дігі. Балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыстар жиілеп кетті. Мұндай оқиғалар мектепте, көшеде, тіпті, үйде болып жатыр. Сорақы жағдайлар оқушылардың өзіне қол жұмсауына себепкер болып отыр.

Тіпті, ата-аналардың өздері баласына қорлық көрсетіп, оның арты қайғылы жағдайға ұласып жатады. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы әлсіз. Жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарының қызметі ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарауымыз керек» деді Мемлекет басшысы.

Астана қаласы бойынша мектеп, жасөспірімдер арасындағы қылмысқа қатысты: мектепішілік есепте тұрған оқушылар саны – 248, Ішкі істер органдарында 138 бала есепте тұр, 156 әлеуметтік жағынан төмен, қолайсыз отбасыларды тәрбиеленіп жатқан бала саны – 327.

Астана қаласы бойынша мектеп, жасөспірімдер арасындағы қылмысқа қатысты: мектепішілік есепте тұрған оқушылар саны – 248, Ішкі істер органдарында 138 бала есепте тұр, 156 әлеуметтік жағынан төмен, қолайсыз отбасыларды тәрбиеленіп жатқан бала саны – 327

Сондай-ақ ағымдағы жылы 68 бала қылмыс жасаған, 2022 жылмен салыстырғанда 30 балаға артық (2022 жылы 38 бала тіркелген). Бұл деректер журналистің ресми сұрау салу бойынша Астана қаласының полиция департаментінен алынды.

Педагогтың бала өміріне әсері қандай? 

Мектебінің үздік сынып жетекшісі, оқушылардың «әкесіне» айналған №37 мектеп-лицейінің педагогы Медет Біләл былай дейді: «Тәрбие жұмысын ұйымдастырудағы басымдық балалардың жеке басына құрмет пен сенім, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету, осы мақсатта кемшіліктерді болдырмауды көздейді. Мұғалімнің оқушыға зор сенімі, махаббаты оған қатты әсер етеді. Менің класымда 11 жалғызбасты ана тәрбиелеген бала оқиды. Ұстазы ретінде, азамат, ағасы, тіпті әкесі ретінде балаларды барынша қолдауға тырысамын, олар сыры­мен бөліссе, пікірімді айтамын, проблемасы болса бағыт беруге тырысамын. Сондықтан болар, олар мені «Сіз – біздің әкеміз, қамқорымыз, жанашырымыз!» деп атайды. Алғаш естігенде толқып, қобалжығаным рас, қазір оған үйрендім, балалардың әрбір жетістігіне шын қуанып жүремін. Ата-ана мен мұғалім бірлігі мығым болса, білім саласында көп ілгерілеушілік, нәтиже болары сөзсіз».

Бала – Алланың аманаты, болашағымыздың бағдаршамы, шырағы. Отбасын құрғанда да, өмірге бала әкелгенде де мойынға екі есе жауапкершілік артылып, тек өздері үшін ғана емес, баланың болашағына, адам тағдырына алаңдау басталарын ешқашан естен шығармауымыз қажет. Уақыттың көшіне ілесу үшін, отбасын жаңа заманның жаңалықтарымен қоса ұлттық құндылықтарымызға сай тәрбие­леу білсек, ұтылмаймыз.

Өйткені уақыт қателіктерді кешірмейді, кейін бәрі кеш болады. Осыны ұмытпайық!


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button