Басты ақпаратҚоғам

«Сылдырап шашбауың мен алтын сырғаң…»



 Кешегі халық әндері мен халық композиторларының махаббат тақырыбындағы кез келген әндерін тыңдасаңыз, хас сұлу қазақ қызының ақ дидарын «аш белге түскен сүмбіл шашымен», құлағындағы сыңғырлаған сырғалары мен әшекей шашбауымен көз алдыңа әкеледі. Тыңдап отырып, «Құлағыңа таққаның күміс сырға, күмбірлетіп шығасың күнде қырға», «Басасың аяғыңды ырғаң-ырғаң, сылдырап шашбауың мен алтын сырғаң», «Сырғалы жеңгей сыртыңнан, ғашық едім былтырдан» дегендей, қазақ қызының сұлулығына, эстетикалық талғамына тәнті боласыз.

Ал соңғы кездері ислам дінін ту-талақай еткен «вахабистер» дей ме, «салафиттер» дей ме, түрлі ағым хор қызындай қазақ қызы ақ дидарын қара жамылғымен тұмшалап жүрсін дейтін пәтуаларын қалың көпшілікке тықпалап әлек. Мектеп партасындағы қыздарды жаппай хиджаб киюге үгіттеп, ата-анасын азғырып, қоғамдық тәртіпке қарсы айдап салып отыр. «Зайырлы мемлекет дінге қарсы емес, әркім өз қалауымен өмір сүруге құқылы» деп демократ бола қалатынын қайтерсіз. Қателеседі, зайырлылық деген – дін мен мемлекеттің бір-біріне тәуелсіздігі. Зайырлы мемлекет өзі бекіткен заң нормаларын халықтың орындауын талап етуге құқылы. Ал біздің Үкімет болса дінді бұрмалау­шылардың алдында дәрменсіздік танытып, хиджаб мәселесін бітпес дауға айналдырып алды. Өзі қабылдаған заңды өзі орындата алмай, қоғамның зайырлылық сипатын қанағаттандыра алмай отырғанына қайран қаласыз.

Дінге де, саясатқа да бармайық, қазақы болмысымызды, салт-санамызды сақтауды барынша дәріптеп жүрген ұлттық идеологиямыз қайда? Әйелді еркектердің жеке бастық меншігі ретінде санап, жан баласына бетін көрсетпей тұмшалап ұстайтын, білім алуына, қоғамға араласуына тыйым салатын салафиттердің «қағидасы» бізге несімен ұнап қалды?

Қызын ықылым заманнан бері қырмызы гүлдей етіп өсіріп келген, сол сұлулыққа ер азамат тәнті болып, құлай сүйетін салт-дәстүріміз қайда? Қазақ халқының мың жыл бойы ұстанып келген дәстүрлі ислам діні бұған тыйым салып па еді? Әрине, біздің дініміз де, салт-санамыз да қыз баланың ашық-шашық жүруіне, әуретті жерін көзден сақтауға мұқият мән бергенін білеміз. Бірақ «бір тал шашың көрінбесін, алтын, күміс сыңғырлаған қос құлағың, алқа таққан алма мойның қара кебіннің ішінде болсын» демеген. Қазақ қыздары сырғаны африкалықтар сияқты мұрнына тақпаған.

Сонау бағзы заманнан бергі қазақ ақын-жырауларының қай жырын оқысаңыз да қазақ қызының айдай ажарын ашып тұрған қос бұрымы мен құлағындағы күміс сырғасын, алқа таққан алма мойнын, аршын төсін сұлулықтың сырын ашып суреттеуге шебер пайдаланады. «Аршын төс, алма мойын, беу, қарағым, құриды ынтызарым шөлдегенде» дейді. Олар сонда арулардың сұлулығын «қара кебін – хиджабтың арғы жағынан сығалап көріп, немесе сұғанақ қолдарын «жүгіртіп» буындары босап, ауыздарының суы құрыған ба? Қыз­дың сұлу екенін немесе су мұрын, сүмелек екенін қалай ажыратқан? Бұрынғы қазақ қыздары мен халық ақындары (ішінде «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» дейтін ғұлама Абай атамыз да бар) шетінен діннен безгендер ме?

Абай айтады:

«Білектей арқасында өрген бұрым,

Шолпысы сылдыр қағып,

жүрсе ақырын,

Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты,

Сұлу қыздың көріп пе ең

мұндай түрін» немесе

«Кең маңдай қалың шаш,

Я бір кез, я құлаш,

Ақ тамақ, қызыл жүз,

Қарағым, бетіңді аш» дейді. Тіпті сұлулыққа тәнті болу, сүю – «пайғамбардың сүннеті» дейді («Көрік – тәңір дәулеті, Қылса ұнар құрметті, Сұлуды сүймектік – Пайғамбар сүндеті»). Бірақ арулардың сұлулығын жырлағанда «Омырауда он түймесін ағытып, кейін қалған көпекке, қалай да белін шешті екен» деп Доспамбет жырау айтқандай, әдептен озбайды. Доспамбет осы сөздің өзін қандай әдеппен, қисынмен айтқан! Мейлі, бүгінгі постмодернистік поэзияны атамасақ та, махаббатты табиғи болмысымен (таққан әшекейі, киген киімі) жырлаған ХХ ғасырдағы қазақ ақындары мен ХХІ ғасырда жасап жатқан алдыңғы буын ағаларымыздың махаббат лирикасында «Келші бермен шашыңнан иіскейін» дейді (Мұқағали), «Болғанда тал – шымылдық, шалғын – төсек» (Абай) дейді, «Хиджабыңды шешші, жаным» деген жол кездеспейді.

Айналайын, қазақ қыздары, тіріңде, бал-бұл жанған жас шағыңда кебінге оранып, қор болмай, Тәңір берген сұлулығыңды паш етіп жайраңдап жүріңдер. Бірақ бұл омырауың алқылдап, саның жарқылдап, тыр жалаңаш тайраңдап жүр деген сөз емес. Ұяттың ұясы жүректе екенін де ұмытпаған жөн.

Бодаухан ТОҚАНҰЛЫ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button