Жаңалықтар

«СЫННАН ТЫС» САНАТ



Адамтанудан хабары жоқ жанға халқымыз барометр ретінде ұсынатын «Ерді кебенек ішінен таны» деген жақсы қағида бар. Сірә, бұл орыстың «По одёжке встречают – провожают по уму» деген нақылынан бұрынырақ шыққан сөз болар. Өйткені «кебенектің» қазіргі киімдер жоқ ерте заманда, жауынгерлер, малшы­лар жауын-шашыннан, бораннан қорғану үшін киетін, жұқа киізден шапан тәрізді етіп тігілген киім екені белгілі. Яғни, бұл нақыл арқылы ата-бабаларымыз адамды сыртқы киіміне қарап бағаламау керектігін ұқтырған.

Дегенмен, ата-бабаларымыз үшін берік қағидалардың бірі болса да, қазіргі көзқарастар, ұстанымдар өзгерген заманда бұл сөздің бастапқы мәні өзектілігін жойып, ұмытылып бара жатқан сияқты. Түсініктірек болу үшін бүгінгі күнге аударып, қарабайыр мысал келтірсек, үлкендер баласы отау құрарда келінінің «бар жерден» шыққанын қалап тұрса, қыздар есігінің алдына келген «Жигулилі» жігітті емес, «Тойотаны» тізгіндегенді таңдайтыны сияқты ғой.
Бір қызығы, өмірде кей жағдайда «Жигулимен» келген жігіттің қайырымды да жайсаң жан боп шығатыны, ал «Тойотаны» әке байлығына мастанған не адал жолмен таппаған біреу тізгіндейтіні анықталып жатады. Бірақ бұл – өз алдына бөлек тақырып. Ал жоғарыдағыдай, болашағын айқындайтын шешім қабылдау сәтінде «кебенек ішінен тану» кім-кімнің де ойына сирек оралатынын мойындауымыз керек. Яғни қандай да бір таңдау жасалғанда, материалдық байлық алға шығып, қазіргі буынның құндылығына айналып бара жатқандай.

Бабалардан «Ханның айтқанын қара да айтады, бірақ аузы уәлі емес» деген де сөз қалған. Бұл нақылды алғаш естігенде «адамның өзін де, сөзін де шыққан тегіне қарап бағалауға наразылық білдірілген сөз екен» деп ойлағам. Бәлкім, бұны ел ішіндегі қарапайым адамдардың ақылды, көреген, ойлы пайымдарына мән берілмеуі әлдебір зардап шектіргенін талай көрген парасатты адам айтқан болар деген ой келеді. Өкінгеннен, реніштен, өмір шындығына налығаннан айтты ма екен?

Қазір «Әлде ол заманда да қазіргі «боттар» сияқты, белгілі бір «ақиқатты», жазылмаған «қағиданы» қалың жұрттың санасына сіңіру үшін көсемсіп сөйлейтіндер болды ма екен?» деген ой мазалайды. Мына нақылдың өзі-ақ қарапайым адамның айтқанын жұрттың қостай кетпейтінін білдіріп тұр ғой. Ол – ол ма, тіпті «Қарадан шығып хан болмас» деп кесіп-пішіп, «Аузы қисық болса да бай баласы сөйлесін» деп «бұйрық райлы» нақыл да айтылған. Сонда бұл да «сөзге тоқтайтын қазақ» деген қасиетімізді пайдалана отырып, адамды шығу тегіне қарай бағалау керектігін жұрт санасына сіңіру амалдарының бірі болғаны ма?

Өйткені осыған ұқсас, ақиқаттан алшақ, «тонын айналдырып киген» ұғымдар қазір де бар екенін бәріміз білеміз. Оларды ғылыми зерттеулерден де, саяси баяндамалардан да, әдеби туындылардан да ұшыратасыз. Айталық, біздің қоғамда «түрлі құқық бұзушылыққа халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз санатының өкілдері барады» деген ұғым қалыптасқан. Түрлі технологияларды пайдалана отырып, тұрмыс қиындығын, қаражат тапшылығын көріп өскендер ұрлыққа, жеңіл ақша табуға, қылмыс жасауға бейім болады деген ұғым – қоғамдық санаға әбден сіңірілген. Және солай екеніне күмәнданушылар көп кездеспейді.

Бір сәт күмәндансаңыз ше? Сөйтіп, сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батқан, миллиондап ақша жегендердің тізімін зерделеп көріңізші. Аттарын атамай-ақ қоялық, солардың ішінде материалдық жоқшылық дегеннің не екенін білмей өскендердің басым екенін көріп, таңқаласыз. Бұл – баршаға белгілі жай. Бірақ соларды адамдар да, билік те қатты айыптамайды. Кездейсоқтық деп қабылдауы да мүмкін. Өйткені санамызда қалыптасқан «ұрлық-қарлықты ақшасы жоқ адамдар жасайды» деген ұғым бар ғой… Сөйтіп «елге сыйлы отбасыдан шыққан», «жақсы білім алған» адам, оған «біреулер істетіп отыр» деп, жемқорларды ақтауға бейім тұрамыз.

Құқық қорғау органдары бірнеше мың теңгені қымқырған жемқорды құрықтадық деп улап-шулап жатады. Ал миллиондап жегендерге келгенде сот ісі жұрт ұмытып кететіндей ұзаққа созылып, сосын ондайларға рақымшылық жасалып, т. б. амалдар жасалып, су аяғы құрдымға кетеді. «Бай балаларының колонияда отырып-ақ, мына жақтағы сыбайластарына жағдай жасайтыны» туралы әлеуметтік желіде шыққан ақпаратты естеріңізде ме?

Бұл жерде бір нәрсе шындық: бірнеше мың теңгені жымқыратындар сол материалдық жағдайы төмен санаттардан шығуы мүмкін. Ақылы бар болса, одан зорғыға бармайды – артында жемқор миллионерлер сияқты жазықсыз, сүттей таза етіп алып шығар «көкесі» жоқ. Жемқорлық теңізінің мұндай майда жыртқыштары – миллиондап жейтіндердің ортасына әлі кірмегендер. Уақыт өте жол іздеп, таныс тауып, алқымы зорлар қатарына қосылады. Сөйтіп «сыннан тыс» санат өкілі болып шыға келеді.

«Болашақ» бағдарламасы алғаш шыққан кезде қарапайым адам баласының оған қатысуы қиын болатын. Қазір ғой, зерделі жастар өз беттерімен шетелдік оқу орындарына түсе алатын болған соң, ауыл балаларына жол ашылғаны. Сол кезде біздің елден барған бір студенттердің ұрлық жасағаны, олардың кімнің баласы екендігі туралы хабар тарап, жағамызды ұстағанбыз. Естеріңізде ме? Бұл ақпарат көпшіліктің «Ұрлыққа ақша тапшылығын көріп өскендер барады» деген сенімдеріне селкеу түсірген ақпарат болды.

Бұрын жұрт «Болашақ» дегенге елдің жарқын болашағын жасаушылар деген үмітпен қарайтын. Соңғы жылдарда сол бағдарламамен оқып келіп, түрлі салаларда басшылық қызметте жүргендердің үстінен қылмыстық істер қозғалуы да ойландырады.

Бірақ, «стереотип» деген – таптау­рын болған ұғым жаман нәрсе, бір жабысса кетіру қиын. Жеке адамның мәдениеті, білім деңгейі, өзін ұстауы, т.б. мәселелер туралы айтылатын болса, тағы да оның тұрмыстық жағдайы ескеріле отырып, ой түюге бейімдік бар. Яғни жеке мектепте оқыса, шетелде білім алса, мәдени деңгейі жоғары орталарда жүрсе, (яғни материалдық жағдайы бар жерден шықса деп оқыңыз) автоматты түрде сол адам мәдениетті деген тұжырым жасау әдет боп кеткен. Ал өмірде бұл ұғымдарды жоққа шығаратын жайларды ұдайы көріп жүрміз.

Ұшақтардың бизнес салонында да негізінен, сол материалдық жағдайы барлар отырады. Түсер кезде салон еденінде, креслолардың арасында жатқан бос бөтелке, кәмпиттердің орамалары, қалай болса солай тас­талған газеттер шашылып жатады…

Біздер көбінің атауын да білмейтін аса қымбат көліктерді мініп, тойларда оқ атып есіретін де, елордадағы көпірлерде бәс тігіп жарыс ұйымдастыратын да, «элиталық» түнгі клубтарда көңіл көтеретін де материалдық жағдайы жақсылардың ұл-қыздары…

Ана бір жылы еліміздің жоғары заң шығару органына сайланған қалаулылардың біреуі депутаттық ант қабылдау рәсіміне қатыспай, шұғыл еліне кетті. Тараған ақпарат бойынша, бұзақылардың текетіресінде баласы оқ атқан. Бір қызығы, кейін бұл істе депутаттың баласы емес, қарапайым біреу «жазықты» екенін естідік…

Бурабайдың жағалауында тізіліп тұратын өңкиген үлкен көлік иелері де – тиыннан теңге құрап жүргендер емес, материалдық жағдайы жақсылар. Экологиялық ортаға аялай қарау туралы хабарландырулар мен ескертпе плакаттарды көзге ілмей, босаған бөтелкелерін, тамақ қалдықтары салынған қапшықтарын, балаларының сынған ойыншықтарын, тіпті пайдаланған бетперделерін сол жерде тастап кете береді.

Тізбелей берсең, мысал көп.
Бұл жерде біз қарапайым халық қоршаған ортаны қорғау талаптарын бұлжытпай сақтайды деуден аулақпыз. Олардың ішінде де жүрген жерін қоқысқа толтырып кететіндер жетіп, артылады. Біздер, үлкендер, мұндайда жай жүрмей, ескерту жасап, ақыл айтып жүреміз ғой. Сонда бір әйелдің: «Анау байлардан өнеге аламыз, – дегені иегімен үлкен «джиптің» жүк салғышын үстел қылып, шалқып, «гуілдетіп» отырған топты көрсетіп, – балаларымыз солай киінуіміз керек, өзімізді солай ұстауымыз керек деп өсіп келе жатыр». Сөзінің жаны бар. Шынында да жас ұрпақ ондайларды өмірде де, теледидардан да, интернеттен де күнде көріп, еліктеп өсіп келе жатыр. Көргенінен ой түйіп, талдау жасамай, қайталауға бейім ұрпаққа қалай әсер етіп, шынай құндылықтарға бетін қалай бұруға болады?

Бірде елорданың «Ботаникалық бағында» гүлді жұлмау, шалғынды баспау туралы хабарландыруларды көре тұра, төсеніштерін жайып, «мәдени демалып» отырған отбасының етектерін қағып, тұрып бара жатқан сәтіне тап келіп қалдық. Біздің ескертпемізге күйеуі «басқаларды түзеп алыңыз», «бізді көре қалдыңыз ба?» деп шапшып, өре түрегелді. Суретке түсіріп, полицияға хабарлаймын дегенімде ғана әйелі мен үлкен баласы бөтелкелерін, тастаған түйіншектерін жинай бастады. Баласы: «Бастықтарға тістері батпаған соң…» деп күңкілдеп жүр. Яғни, балаларда да бастықтар – сыннан тыс санат деген ұғым қалыптасып келе жатқаны ғой?

Осыдан келіп, жас ұрпақ үшін «бай, жағдайы бар, бастық болу» басты мұрат болып шыға келеді. Өйткені «оларға сот жоқ» сияқты. Мысалдарды бар саладан, ұят болғанда, рухани кемелдендіреді дейтін – мәдениет саласынан да кездестіруге болады. Айталық, ана бір кездерде белгілі әншілер түрлі ұтыс ойындарын ұйымдастырып, талай адамды жер соқтырып кеткені естеріңізде болар? Әлеуметтік желі бір аптадай шулады да басылды. Ал белгілі бір ақы алып, өткізілетін іс-шараны насихаттап, халықты алдаған өнерпаздар еш зардап шеккен жоқ. Оны айтасыз, жалға алған автокөліктердің, біреу­лердің зәулім үйлерінің суретін ұтысқа қойылады деп жариялаған әншілердің концерттері еліміздің басты арналарынан қайта-қайта көрсетіліп жүр.

Концерті қойылса, көпшілік онда да барар еді деп ойлаймын. Басқа елдерде өздерін алдаған адамға халық бойкот жариялар еді. Біздің қоғамда санаға басқа нәрселер сіңіріліп тасталған.
Дұрысында, кез келген құқық бұзушылық жасағандарға, соның ішінде ел несібесін жеке құлқынына жұмсаған жемқорларға деген төзбеу­шілік сезімі қалыптастырылуы керек еді. Жемқорлықты жеңу жолының бір соқпағы содан басталады.

Камал ӘЛПЕЙІСОВА,
жазушы




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button