Мәдениет

Табиғатпен үндескен



«Has Sanat» өнер галереясында белгілі қылқалам шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Рес­публикасы Көркем академиясының академигі Сейсенхан Маханбеттің «Табиғатпен үндесу» атты көрмесі ашылды. Аталмыш көрме ұлттық бейнелеу өнерінің алыптары Қазақстанның халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің және КСРО халық суретшісі Орал Таңсықбаевтың 120 жылдығына арналды.

Суретшінің негізгі мамандығы – журналист. Ол бірқатар басылымдарда қызмет істеп, кейінгі 15-20 жылда ғана бейнелеу өнеріне түбегейлі бет бұрды. Белгілі қаламгер, Парламент Сенатының әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп көрме иесімен абитуриент кезінде танысқанын, тіпті жатақхананың бір бөлмесінде жатқанын айтып, Сейсенхан Маханбеттің суретке деген талпынысы сол кезде басталғанын атап өтті. Бейнелеу өнеріндегі, суретшілердің тыныс-тіршілігіндегі түйткілдерге тоқталып, қазір Парламент тарапынан оларды шешу қолға алынып жатқанын жеткізді.

Парламент Мәжілісінің қорғаныс, халықаралық істер және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Сейдоллақызы, белгілі ақын, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса, белгілі қылқалам шебері Ерлан Айтуаров, жазушы Айгүл Кемелбаева көрме иесінің шығармашылығы туралы сөз сөйледі. ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раевтың, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтаулары оқылды. Соңында Сейсенхан Маханбеттің өзі бейнелеу өнеріне қалай келгенін айтып, жиналғандарға алғысын жеткізді.

15 наурызға дейін жалғасатын көрмеге пейзаж жанрындағы 60-тан астам туынды қойылды. Онда жер жәннаты – Жетісу, кербез сұлу Көкшетау, қасиетті Қаратау, Ерейментау, еліміздің басқа да өңірлерінің табиғаты бейнеленген.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button