Ел тынысы

Табиғаттың бергенін пайдаға жарату керек



Негізгі мамандығым су пайдаланып дақыл өсіретін агроном болғандықтан, институтта алған білімім мен кейін еңбекте жинаған тәжірибеммен бөлісейін деп едім.

Еліміздің Арқа өңірі ылғалы аздау аймаққа жатады. Көп түссе жылына 300-320 мм ылғал, ал кей жылдары 250-260 мм-дің маңайында түседі. Осы ылғалдың 55-60%-ы күз, қыс айларында қар болып түседі.

Жаңбыр ретінде түсетіні 40-45% болады. Ол ылғал көп берекемізді алмайды, керісінше асыға күтіп, жау­ған жаңбыр қуантады. Көп жылдық ғылыми-зерттеу, бақылаулардың арқасында ауыл шаруашылығы мамандары ылғалдың қай уақытта, қанша түсетінін орта есептеп жазып біліп, соған байланыстырып егіндерін егеді, баптайды, шөптерін шабады, тыңайтқыштарын сіңіреді. Сондықтан жаңбырмен түскен ылғал, ол күтіп, аңсап жүретін, түсім молайтатын ырзық. Қала өңіріне әкелетін қиыншылықтары жоқ емес, олар шешіліп жатқан тәрізді. Қала мүмкіншілігі жоғары, ұйымдасқан субъект.

Бүгінгі әңгіме қалың түскен қар, ол еріген кезде туындайтын қиыншылықты азайту жолдарын, ауыл мысалы ретінде көрсетсем деген ой.

Бірінші, түскен қар ол ырзық, вегитацияға қажет ылғалдың басы, бірегейі. Түскен қарды соққан жел, сырғытып сай-салаға, жол бойына қуып кетпес үшін оны тоқтату жұмыстарын жүргізу қажет. Оны қалай атқару технологиясы белгілі, мамандар бар. Тоқталған қар қалыңдылығы 40-70 см дейін барады, көктемде еріген кезде топыраққа сіңіп кетуі тез болуы үшін, қар тоқтататын егін жай міндетті түрде күзде терең жартылай қопарылуы керек немесе жақсы дайындалған жайларға жасалуы керек.

Сол жайларда судың жерге сіңуі тың немесе көпжылдық шөп өсіп тұрған жайлардан 50-70%-ға көп болады, ақпай жақсы сіңіп кетеді. Осы жұмыс қазір өте төмен көлемде атқарылуда, совхоздар бар кезде 3 ай қыста 1 шаруа­шылық 15-20 мың гектар егін жерге қар тоқтатылатын, кейбір жаяларда екі рет жүргізілетін. Осы жерлерде егін түсімі 2-5 ц/га артылатын. Ал мал жайылымы, басқа дала, сай-салаға, орман-тоғайға қалың түскен қар кей жылдары тез еріп берекені алатын.

Соның кесірін азайту үшін табиғи терең сайларды, тау бөктерін, бұлақ арналарын пайдаланып су бөгеттерін орналастыратын, ол бөгеттердің жобасын сызып беретін институттар мен филиал­дар болған және ол бюджет арқылы жасалатын. Бөгет құрылысын шығымына, бағасына қарап, ауылшаруашылық мекеме өзі жасайтын немесе аудан, облысаралық маманданған мекемеге жүктелетін. Шығынды Үкімет мойнына алатын. Әр ауданда ағатын өзен арнасын, терең сай-саланы, тау, төбе бөктерлеріне бекітіліп салуға жарайтын бөгет, оны баптап, бақылап отыратын мекеме, аудандық ауыл шаруашылық басқармасы болатын. Осы істерге бүгінгі күн жаңа технологияларды, әсіресе жасанды интеллект бағдарламасын (10-15 тг) пайдаланып әр аудан, облыс көлемінде аэрофотосуреттерді пайдаланып жоба карта жасалуы қажет. Әр облыста ауыл шаруашылық департаментінде осы жұмысқа ие болып, басқаратын бөлім құрылу қажет. Солар жергілікті бөлімшелерінен ұсыныс қабылдаулары керек. Сосын бәрін жинап, топтап жасанды интеллект бағдарламасына қосса, дайын жоба-бағдарлама шығарып береді. Соны талдап, маңыздылығына байланысты облыс бюджетіне кіргізіп сала бастау керек. Жылына әр ауданда 1-2 бөгет тұрғызылса, барларына бақылау жасап жөндеп отырса, тап биылғы жылдағыдай қасірет болмаушы еді.

Біздің еліміз түскен қарды қиыншылыққа жорымай, байлық, ырзық деп қабылдап, соған жұмыс істеуіміз кажет. Мен көтерген мәселеге кететін шығын, бүгінгі төтенше жағдай жария­лап, жұмсап жатқан ақшадан 5-6 есе аз болатынына сенімдімін. Салынған су бөгеттерін мал суаруға, маңайына суармалы егіншілік ексе, одан түсетін өнім көрші егіннен 5-6 есе түсімі, сапасы мол болады. Тамшылап суару тәсілін кіргізу де керек. Әр облыс, аудан осы істерге жарысып атқаруына Үкімет қаулысымен материалдық сыйлық берілетінін атап көрсетсе, тіпті жақсы болар еді.

Қазір ел, облыс басшылары осы істі қолдаса, жергілікті ірі, бай кәсіпкерлер іліп әкетсе, табиғаттың берген байлығын пайдамызға бұрар едік.

Бейсембек ӘЛКЕНОВ,

агроном, Астана қаласының тұрғыны




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button