Басты ақпаратЖаңалықтар

ТАБЫСТЫ ИНВЕСТИЦИЯ ИГІЛІГІ



Былтыр польшалық инвесторлар «TYTAN» брендінің атынан ғимараттарда жылуды сақтайтын өнімдер мен дисперсия­лық және құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін Астанадағы «Selena Insulations» зауытын іске қосқан болатын. Бұрнағы күні осы зауыттың жұмысымен Польша Республикасының президенті Анджей Дуда мен Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев танысып қайтты.


«Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Selena Insulations» зауытында польшалық «Selena Group» инвесторының 25 жылдығы және компанияның 15 жыл бойы Қазақстанда жұмыс істеп келе жатқаны аталып өтті. «Selena Group» – бұл жаһандық компания. Бас штаб пәтері Польшада орналасқан. Құрылыс химиясы өнімдерін шығаратын польшалық холдингтік компания әлемдік полиуретанды көбікті өндіру көлемі бойынша үш жетекші компаниялардың бірі болып табылады. Компания еліміздегі өз жұмысын 2002 жылы дайын өнімдерді жеткізумен бастады. «Selena Group» өнімдері Қазақстан нарығында төрт сегмент – полиуретан көбік, құрылыс желімі, қымтақ және көбікті желім бойынша берік жетекшілік орындарды алып отыр. Қазақстанның 8 қаласында компанияның өкілдіктері бар.

Қазақстандағы «Selena» бизнесін құру барысында клиенттік компанияларда 3 мыңнан астам жұмыс орны және шикізатты жеткізетін кәсіпорындарда 700-ден астам жұмыс орны ашылды.

Компанияның ең үздік өнімі – цементке негізделген құрылыс ерітінділерін алмастырған TYTAN Professional көпірікті желім. Өнімдердің осы санаты полиуретанды желімдер мен көбік саласындағы «Selena» сараптамасын біріктіру арқылы құрылған. TYTAN еліміздегі нарықта жетекші орын иеленіп қана қоймай, кәсібилер арасындағы үлгі аларлық бренд болып отыр.

«Selena Insulations» зауыты – тікелей шетелдік инвестицияларды қазақстандық экономиканың шикізаттық емес секторына тарту жөніндегі мемлекеттің саясатын дәйекті жүзеге асырудың нәтижесі. Астана аймақтағы ең тартымды инвестициялық бағыттардың бірі болуға мүдделі. Біздің елімізде поляк инвесторларының бизнесін дамытуға және нығайтуға кез келген қолдау көрсетуге дайынбыз» дейді қалалық Инвестиция және даму басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыров.

Қазіргі уақытта «Selena Group» ғаламдық құрылыс нарығындағы бәсекеге қабілетті компаниялардың бірі болып отыр.

«Польша мен Қазақстан арасындағы екіжақты қарым-қатынас тек саяси салада ғана емес, іскерлік, мәдениет пен ғылымда да дамып келеді. 2016 жылдың желтоқсанында «Selena Insulations» заманауи жоғары технологиялық зауытын арнайы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ашқан болатын. Польша Рес­публикасының президенті Анджей Дуда мырза бұл құрылым бүгінгі таңда Польша мен Қазақстан арасындағы достық пен жемісті ынтымақтастықтың үлгісі болып табылады» деді өз сөзінде компанияның негізін қалаушы және Selena FM-нің бақылаушы кеңесінің төрағасы Кшиштоф Домарецкий.

Зауыттың өндірістік қуаты жылына 120 мың тонна құрғақ құрылыс ерітінді мен жылына 10 мың тонна дисперсиялық ерітінді көлемін құрайды. Алдағы уақытта бұл көлемді жылына 180 мың тоннаға жеткізу жоспарда бар. Жобаны іске қосудың арқасында инженер-техник қызметкерлер, қаржыгерлер, заңгерлер, технологтарға арналған жаңа 50 жұмыс орны жасалды. Толық өндірістік циклге жеткеннен кейін жұмыс орындарының саны 100 бірлікке жетеді. Өндірілетін өнімдерді Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей елдерінің нарығына экспорттау жоспарлануда.

Гүлжан РАХМАН 




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button