Елорда тынысы

Тәлімгерлер кеңес берді



Астана қаласының әкімдігінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті жанындағы «Тәлімгерлер кеңесі» консультативтік-кеңесші органының кезекті отырысы өтті. Отырысты Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов жүргізді.

Қазір мемлекетіміз үшін кәсіби деңгейі жоғары мамандар дайындау қандай өзекті болса, жас мамандарға қолдау көрсету де дәл сондай маңызға ие. Бұл тұрғыда алдыңғы толқынның кейінгі толқынға ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар сілтеуі де артық етпейді. Осыған орай, мемлекеттік қызметтің беделін нығайтып, мемлекеттік қызметшінің имиджі мен болмысын қалыптастыру мақсатында Тәлімгерлер кеңесі құрылған еді.

Міне, бүгін сол Тәлімгерлер кеңесі мүшелерінің алдына ақыл-кеңесін тыңдап, батасын алу үшін қызметке жаңадан тағайындалған Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов, Астана қаласы Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Алтынбек Ахметов және Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Қайролла ­Көшқалиев келді.

«Мемлекеттік қызметтегі жаңашылдықтың бірі – осы Тәлімгерлер кеңесінің құрылуы. Бұл сала үнемі өзгеріп, реформаланып тұратындықтан, кеңеске қажеттілік туындайды. Осы уақытқа дейін төрт рет кеңес мүшелері бас қос­ты. Кезекті отырыс­тың да маңызы жоғары. Әр басқарма басшысының есебі тыңдалып, оларға маңызды сұрақтар қоямыз. Мемлекеттік қызметшілермен ашық диалог орнатып, әр саладағы маңызды мәселелерді талқыға саламыз» деді Кеңес мүшесі Ерсұлтан Бектұрғанов.

Елорданың ішкі саясатын жүргізу – қаладағы маңызды әрі күрделі саланың бірі. Астананың Ішкі саясаты төрт бағытта жүйелі жұмыс жүргізуді алға қояды. Бұл бағыттағы мәселелерді басқарма басшысы Нұрдәулет ­Әлмұханов ортаға салды.

«Астананың қоғамдық-саяси тұрақтылығын нығайту, елорданың әлеу­меттік жарнамасы мен сыртқы безендіру жағдайын орындау, мемлекеттік ақпаратты саясатты жүзеге асыру және саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимыл жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарды жүргізуге басымдық беріледі. Елордада биыл 50-ден астам әлеуметтік тақырыпта безендіру жұмыстары жүргізілді. Барлығы 4 мыңнан астам жарнамалық безендіру жұмыстары жасалды. Биыл әлеуметтік сала бойынша 15 жоба жоспарланып, оның 11-і сәтті жүзеге асты. Жыл басынан бері мемлекеттік органдардың қызметі туралы қазақ және орыс тілінде 1243 материал жарияланды. Басқарма ақпараттық жұмыс шеңберінде бұқаралық ақпарат құралдарымен тікелей жұмыс істейді. Сонымен қатар елордада үкіметтік емес ұйымдар мен этномәдени бірлестіктермен белсенді жұмыс жүргізіліп келеді» деді басқарма басшысы.

Бұған дейін Астана қаласы Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басшысының орынбасары болған Алтынбек Ахметов осы басқарманың басшысы лауазымындағы өзінің жаңа қызметінің жай-жапсарын баяндап, алда атқарылар жұмыс­тардың легіне тоқталды.

Дін істері жөніндегі басқарма басшысы ­Қайролла Көшқалиев діни бірлестіктермен байланысты орнату жұмысын әлеуметтік желілер арқылы жүргізуді басшылыққа алып отырғанын жеткізді.

Қалалық мемлекеттік органдарға тағайындалатын бірінші басшылардың өмірбаяны мен жұмыс-жоспарын тыңдағаннан кейін Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Астана қаласы бойынша департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Әли Көмекбаев, Тәлімгерлер кеңесі мүшелері Мұхтар Еркетаев, Уляш Құсайынова және Мейрамбай Оралов ұсыныс-пікірі мен ақыл-кеңесін айтып, олардың басшылық қызметтегі жұмысына сәттілік тіледі.

 


Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button