Басты ақпаратБілім

Тәшенев тағылымы



Астанада мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшенев атындағы көше мен мектеп бар. Бұл – елордадағы мүмкіндігі шектеулі балалар – көру қабілеті бұзылған балалар білім алып, тәрбиеленетін бірден-бір білім ордасы. Көзі көрмесе де, көкірегі ояу, қабілетті балаларға бағыт-бағдар беріп, білімін жетілдіріп жатқан Жұмабек Тәшенев атындағы №10 мектеп-гимназиясына барып, оқу ордасының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысқан едік.

Тарихи тұлға шарапаты

Алаштың асыл тұлғаларымен қатар аталатын ұлт перзенті, ел басына күн туған қиын кездерде қасынан табылған ­Жұмабек Тәшенев – қазақ жерінің телім-телім болып ұстағанның қолында, тістегеннің тісінде кетпеуі үшін күрескен отаншыл қайраткер, ата-баба аманатына, өз еліне адал боп, жерін жатқа беруге қарсы шығып, есте қалған қайсар азамат.

Мектепте тарихи тұлғадан тәлім алған, тарихи жәдігерлерден, фотолар мен түрлі құжаттан құралған Тәшенев музейі орналасқан. Онда мектептің тарихы, ардагер ұстаздар туралы және Тәшеневке қатысты құнды мұрағаттар сақталған, мектеп түлектері туралы ақпарат жинақталған. Тәшеневке арналған кабинетте мемлекет және қоғам қайраткерінің өзі киген киімі мен жазатын машинкасы, қолданған заттары құнды жәдігерлер қатарында тұр. Жыл сайын мұнда ­Ж.Тәшеневке арналған республикалық ғылыми конференция ұйымдастырылады.

1972 жылы С.Буденный атындағы жалпы білім беру мектебі боп құрылған оқу ордасында 2005 жылдан бері коррекциялық (түзету) сыныптар ашылды, қазір жалпы осындай 18 сынып жасақталған. 2015 жылдан бастап көзі мүлде көрмейтін мүмкіндігі шектеулі балалар үшін арнайы сыныптар ашылды, қазіргі күні мұндай 5 сынып бар.

Жалпы Ж.Тәшенев мектебінде 1645 (негізі, 1360 орынға арналған) бала білім алады. Аралас мектеп болғандықтан, оқушылардың жартысы қазақ тілінде, жартысы орыс тілінде оқиды.

«2025 жылы Жұмабек Тәшеневтің 115 жылдығы жоспарлануда. Соған орай республикалық ғылыми конференция ұйымдас­тырамыз. Мұндай ғылыми жиындар мектепте жыл сайын өтіп тұрады. Еліміз бойынша тәшеневтану бойынша елеулі еңбектеніп жүрген «Тәшенев мектептері» ұйымы бар. Олар Қарағандыда, туған жері Аршалыда, Петропавлда, Түркістанда, Ақтөбеде жұмыс істейді. Былтыр өткізген конференцияға үлкен ұлы Саян мен келіні Жәмила құрметті қонақ болып қатысты. Тәшеневке қатыс­ты материалдардың көпшілігін қабырғадағы заманға сай QR-код арқылы білуге болады» дейді Бақытжан Орынбаев.

Тәжірибелі басшы толғанысы

Мектеп директоры Бақытжан Шәріпбекұлы Орынбаев – білім саласының білікті маманы, Арқалық педагогика институтының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын бітіргелі 27 жылдан бері осы салада табан аудармай еңбек етіп келеді, соның 17 жылында осы мектептің ыстық-суығы мен қуанышты жағдайларына ортақтасып келеді.

Бақытжан Шәріпбекұлы талапшыл, ұйымдастырушы басшы ғана емес, ерекше мейірімді педагог екенін зағип балалармен жылы сөйлескенінен байқадық. Әр баланың атын жатқа біледі. Оқушылары да ізетті, сонадайдан сыпайы сәлемдеседі.

«Диас, қай пән болады? Сабақ болатын сынып осы ма?» деген оның сұрағына Диас тұра қалып ықыластана жауап беріп жатты.

Көзі көрмейтін оқушылардың сыныбына кіргенде, өзін Мансұр Тоқсанбаев деп таныстырған бала директордың қасына келіп, құшақтап, әкесіне еркелегендей еркін үн қатты.

«Менің оншақты өлеңім бар шығарған, болашақта журналист болғым келеді, математика мен дене шынықтыру, орыс тілі пәндері ұнайды. Қазір Мұқағалидың ана туралы өлеңін оқып берейін» деп әдемі әуезбен өлеңді жатқа оқыды.

Келесі бөлмеде көру қабілеті бұзылған сыныптарда оқитын халықаралық, республикалық жарыстардың жеңімпазы Абылай Мұстафин пианино аспабында белгілі шығармаларды орындап отырды.

«Уайымдайтыным – осы балалар мектеп бітірген соң үлкен өмірге қалай бейімделер екен, кейін бір кәсіпті меңгеріп, жақсы маман иесі болса екен деп алаңдаймын, болашақта колледждерде оларға арналған мамандықтар ашса… Біз қала бойынша осындай мүмкіндігі шектеулі балаларға білім беретін болғандықтан, қажетті логопед, дефектолог, тифлопедагог мамандар жетіспей жатады. Сабақтан тыс уақытта әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау, емдік дене шынықтыру, мимика, тіл дамыту, кеңістікті бағдарлау қосымша пәндері жүргізіледі, яғни балалардың болашақта ересек өмірде өзіне тамақ жасап, өмірге қажетті үй қызметтерін, шаруаларын үйретуге тырысамыз. 8-сыныптағы көру қабілеті бұзылған (зағип) Диас Айтуар мен Инсар Ізтілеуов атты оқушыларымыз биылғы оқу жылынан бастап қалыпты жағдайда оқитын сыныпта білім алуда. Сабақ үлгерімі, ынтасы өте жақсы, өзінің замандастарынан қалыспай оқып жүр. Соған қуанамын. Көру қабілеті бұзылған сыныптарда оқитын балаларымыз оқушылар арасында өткізілген шоудаун, голбол, паракаратеден паралимпиада жарыстарына қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Мөлдір Жантөре, Абылай Мұстафин, Елизавета Хижняк халықаралық, республикалық өнер жарыстарына қатысып, түрлі байқаудың жеңімпазы атанды. Ендігі ойым – білім сапасын жақсарту мақсатында қазір тығыз орналасқан сыныптардағы балаларды азайту үшін мүмкіндігі шектеулі балаларды тек бастауышта, біздің мектеп базасында, сосын өздерінің тұрғылықты жері бойынша мектептерде оқыту. Бұл мақсатта мектебімізде биылғы оқу жылында көру қабілеті бұзылған балаларды оқытатын арнайы сыныптарда сабақ беретін мамандарды даярлайтын ресурс­тық орталық ашылды. Арнайы пәндерді жүргізетін педагогтар тапшылығын азайтсақ деген тілек бар. Қазір мамандарды жоғары білікті маман Сәуле Сағынбаева оқытып жүр. Балаларға керекті сынып жабдықтарын демеушілер – «Дара» қайырымдылық қоры мен «Теңізшевройл» компаниясы. Өзімді толғандыратын үлкен бір мәселе – тәрбие. Ата-ана үнемі жұмыста, жұмысбасты, баланың үлгеріміне, өмірінде болып жатқан жағдайларға «уақыты жетпейді». Жақын тартып, әңгімелесіп, сырласпаған соң бала көше тәрбиесін, әсіресе, әлеуметтік желіде көргеніне қызығады, мұның арты не боп жатқанын өздеріңіз де көріп отырсыздар. Мен айтар едім баладан бұрын ата-ананы тәрбиелейтін адам керек. Мектеп – ата-ана – бала – осы «үштік одақ» бір-бірімен байланысып, ортақ мақсатқа ұмтылса ғана нәтиже болары сөзсіз. Ендеше ұлы ойшыл әл-Фараби айтқандай, «Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі». Мен осыған толықтай сенемін, – дейді мектеп директоры Б.Орынбаев.

Шынында да, тәрбие мен білім егіз, құстың қос қанатындай қатар жүргенде ғана елімізде білімді, білікті жастар өсіп-жетілетіні анық.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button