Басты ақпарат

Тағы бір қандас топ жарды



Кореяның Пхёнчхан қаласында өтіп жатқан қысқы Олимпиялық ойындарда бұрнағы күні биатлоннан әйелдердің 4х6 шақырымдық эстафетасында Беларусь құрамасы алтын медаль жеңіп алды. Сол төрттіктің құрамында біздің қандасымыз Динара Әлімбекова да өнер көрсетті. Сөйтіп, қысқы Ойындарда чемпион атанған тұңғыш қазақ қызының есімі де белгілі болды.

Динара 1996 жылғы 5 қаңтарда Қарағанды облысының Абай қаласында Талғат Әлімбеков деген қазақ жігітінің отбасында туған. Анасы – ресейлік орыс қызы. Динара үш жасқа толған кезде ата-анасы Беларусьтің Могилев облысындағы Чаусы қаласына көшіп барады. Бірақ көп ұзамай оның әке-шешесі ажырасып кетеді. Анасының кейінгі некесінен Евгений, Ульяна деген бауырлары дүниеге келеді.
Динара Абай қаласына ең соңғы рет жеті жасында келіп кеткен екен. Бірақ кейін өзінің ешқашан Қазақстан құрамасы сапына шақырылмағанын айтады.
Болашақ Олимпиада чемпионы алғаш рет 11 жасында, 2007 жылы аяғына шаңғы байлап көреді. Осыған байланысты бұған дейін барып жүрген фортепьяно класын тастайды. Арада бір жыл өткенде ол биатлонға ауысады. 2011 жылдан бастап түрлі халықаралық жарыстарға қатыса бастайды.
Динара өзінің алғашқы ірі табысына 2011 жылы Беларусьтің Раубичи қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында жетті. Сол жолы ол Анна Сало, Дарья Блажко атты құрбыларымен бірге эстафеталық жарыста топ жарды.
Пхёнчханда қазақ қызы алдымен жеке жарысқа түсіп, 56-орында қалып қойды. Ал эстафетаға қатысу үшін ол командаласы Надежда Писаревамен таласты. Соңында таңдау Динараға түсті. Квартет құрамында тағы Сочи Олимпиадасының үш дүркін чемпионы Дарья Домрачева бастаған Надежда Скардино, Ирина Круйко деген қыздар болды. Мұнда қазақ қызы үшінші болып жүгіріп, соңғы кезең эстафетасын Домрачеваға өте жақсы халде жеткізіп берді. Нәтижесінде белорус қыздары қашықтықты 1 сағат 12 минут 03.4 секундта жүгіріп өтіп, мәреге бірінші болып келді. Олар тартысты шайқастың соңғы мезетінде швед және фин қыздарын артта қалдырды.
Біз Динараның соңғы жылдардағы өнер көрсетулерінің бәрін бақылап жүр едік. Өзімен бірнеше рет телефон арқылы да сөйлескенбіз. Ал кеше солай тағы да желі жолымен тілдесіп қалудың реті келді.
– Динара, сені үлкен жеңісіңмен шын жүректен құттықтаймыз! Эстафетаға шығатыныңды қашан білдің?
– Содан екі күн бұрын. Біз Надя Писарева екеуміз қашықтыққа жүгіріп көрдік. Кешкі жаттығудан кейін жаттықтырушылар жарысқа менің баратынымды айтты.
– Бұл жаңалықты қалай қабылдадың?
– Қатты қуандым. Рас, бір жағы Надя үшін қапа да болдым. Ол өзінің ренжігенін көрсетті, сосын менің де көңіл күйім түсіп кетті. Бірақ таңдауды мен емес, бапкерлер жасады ғой. Сондықтан жарысқа қатысқаным үшін өте бақыттымын.
– Командадағы құрбыларың сені еркелетіп «Динозаврик» деп атайды екен…
– Иә, солай атайтыны рас. Алайда мен ондай қатыгез емеспін, мінезім барынша жұмсақ… Қазаққа тән қайырымдылық менде де бар.
Осы Олимпиадада Қазақстан құрамасы сапынан Юлия Галышеваның фристайлдың могул жарысы бойынша қола жүлде жеңіп алғаны да белгілі. Жүлдегер спортшы бұрнағы күні елге оралды. Оны Алматы аэропортында спорт саласының басшылары мен қала жұртшылығы қарсы алды.
* * *
Бүгін шаңғышы Алексей Полторанин классикалық әдіспен 50 шақырымға жүгіру жарысына қатысады. Ол сайыстың басты фавориттерінің бірі саналып отыр.

Серік ПІРНАЗАР




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button