Басты ақпаратМәдениет

«ТАЛАНТ» ТАЛАНТТАРДЫ ҰШТАЙДЫ



Адамзат баласы дүниеге келгенде Алла тағала оның бойына ерекше бір қасиет, дарын береді. Алайда, сол дарынын халыққа таныта алатыны да, аша алмай арманда кететіні де бар. Елімізде сондай таланттардың дер шағында танылуына мүмкіндік жасайтын өнер үйі ашылды. Астанадағы «Талант» халықаралық өнер орталығында ән-күйге таласы бар жандардың жасы мен мүмкіндігіне ешқандай шектеу жоқ. Мұнда еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін келіп, қабілетін ұштай алады. Орталықтың ашылуына ҚР Еңбек сіңірген әртісі, әнші-сазгер Марат Омаров мұрындық болды.

Балалық шақтың арманы

Мұндай орталықты ашу Марат ағамыздың көкейінде жас кезінде-ақ пайда болып еді.

Кезінде қазақтың біртуар азаматы Шәмші Қалдаяқовпен Шолаққорғандағы бір жиын-тойда кезігіп қалып, оның «Ана тура­лы жыр» атты әнін орындағаны бар. Сонда ұлы композитор бала-Мараттың дарынын жазбай та­нып: «Талантты балалар ауылдан шығады. Осыларға арнап мектеп ашса ғой, шіркін!», – деген-ді. Сол сәттен бастап дарынды балаларға мүмкіндік жасайтын мектеп немесе орталық ашу Мараттың да есінен бір шыққан емес.

Талай жылдар зырғып өте шықты.Бала Марат талантымен танылып, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, әнші-сазгерге айналды. Алматыда Балаларды дамыту қорын ашып, Ресей, Германия, Италия, Ис­пания елдеріне ұлттық өнерімізді дәріптеп үлгерді. Содан кейін, Елбасының шақыруымен Астанаға келген өнер жанашыры мұнда да әуелдегі бағытынан айнымады. Балалық шақтағы арманын іске асыруға мүмкіндігі молайды.

Алғашында мектеп жертөлесінде кішігірім студия ашып, біраз жұмыс жасады. Кейіннен қала әкімдігінің көмегімен жаңа ғимаратқа көшті. Таланттардың ашылуына мүмкіндік жасайтын халықаралық орталыққа «Талант» деген атты лайық көрді.

Орталық 2012 жылдың 22 науры­зында салтанатты түрде ашылды. Жиынға Голливуд жұлдыздары Марк Дакаскос пен Кэри-Хироюки Тагава қатысты. Әлемдік деңгейдегі жұлдыздар шықсын деген ырыммен орталықтың ашылу лентасын Марк Дакаскосқа кестірді.

Ынтымақтастық артып келеді

«Талант» халықаралық өнер орталығы болғандықтан шетелдік өнер орталықтарымен тығыз қарым-қатынаста болуы заңды. Қазіргі таңда ол Малайзия, Үндiстан секілді бірқатар елдермен байла­ныста. Бүкіләлемдік «FIDOF» композиторлар қауымдастығымен де әріптестік орнатып үлгерді. Осы келісімнің негізінде Қазақстан – АҚШ бірлескен фильмдері түсірілмек. Үздік жобалар шет мемлекеттердегі фестивальдер мен байқауларға қатыстырылады. Сонымен қатар, әрбір тоқсан сайын жас дарын иелері АҚШ-қа шығармашылық сапарлар жасай­ды. Болашақта телеарналармен бірлесіп отбасылық байқаулар өткізу де жоспарланып отыр. Жу­ырда ғана Астанада халықаралық өнер орталығы ашылғанын Англиядағы қандастарымыз ин­тернет арқылы біліп, «Талант» басшылығына хабарласыпты. Олар Ливерпульдағы Пол Маккартнидің орталығымен байланыс орнату жөнінде ұсыныс айтты. Сондай-ақ, ресейліктер «Минута славы» бағдарламасына осы жерде іріктеу жасауға ұсыныс білдірген.

Қыркүйек айында «Таланттың» он бес шақты шәкірті АҚШ-қа аттанғалы отыр. Құрылғанына әлі бір жыл толмаған «Талант» пен әлемге әйгілі Нью Йорк фильм академиясының арасындағы байланыстың арқасында шетелде оқуды армандайтын қазақстандық өнерлі жастардың мүмкіндігі мо­лая түсті. Естеріңізге сала кетейік, үстіміздегі жылдың мамыр айында Голливудтағы «Бақытты балалық шақ» атты фестивальде алты жа­сар Бибімариям Омарова қазақ, испан, ағылшын тілдерінде ән ай­тып, актерлік шеберлігімен қалың көрерменді баурап алған еді. Осы байқау барысында Нью Йорк фильм академиясының директо­ры Ден Маклер Бибімариямның өнеріне сүйсініп, Уолт Диснейге шақырту жасаған. Ағылшын тілін енді ғана меңгеріп жүргендіктен шақыртуды кейінге қалдырып, екі жақ бір жылдық келісім шартқа қол қойған болатын.

Орталықтың ішкі жағдайы

Мұнда 25 бағыт бой­ынша 526 бала тәлім алу­да. «Таланттың» алғашқы қарлығашы Ақтөбе қаласының тумасы, Мәскеудегі «Минута славы» бағдарламасының 12 жасар жеңімпазы – Еркеш Хасен. Бұдан басқа «БӨБЕК» қоры, «Президент шыршасы», «Әнші балапан», «Айналайын» бала­лар конкурсы, сондай-ақ, АҚШ-тағы «Walt Disney’s World» паркіндегі балалар бағдарламасы сахнасында да талай «Талант» өнерпазы өнер көрсетіп жүр. Табиғи талантты дұрыс дамыту барысында өзін-өзі «жұлдыз» ауруына ұшыратпай тәрбиелей білу үлкен еңбекті қажет ететінін жеткізді ұлттық өнер жанашыры.

Арнайы бөлмелері, дәмханасы, 300 орындық концерт залы бар орталықтың халықаралық деңгейде жұмыс істеуге мүмкіндігі мол. Әзірге мұнда шешімін таппаған бір ғана мәселе бар. Ол – орталық жанынан интернат ашу. Өйткені, алыс ау­ылдан келетін дарынды балаларға тәлім-тәрбие берумен қатар, тұрғын-жаймен қамтамасыз ете алса, нұр үстіне нұр болары хақ. Сонымен қатар, шеберлік кла­старын өткізуге келетін шетелдік мамандарға да орналасатын орын қажет-ақ.

 

Жуырда ғана Біріккен ұлттар ұйымынан «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған Марат Омаров ағамыздың еңбегі жемісті болып, ұлттық өнерімізді бүкіл әлемге танытатын шәкірттері көбейе берсін деген тілегімізді білдіреміз.

Насихат СПАНДИЯРҚЫЗЫ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button