Мәдениет

ТАЛАНТТАР ТОП ЖАРДЫ



Астанада ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан халқы Ассамблеясы және Қазақстан театрлары ассоциациясының қолдауымен «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Қазақстан ұлттық (этникалық) театрларының IV республикалық фестивалі өтті. Бес күнге созылған фестивальге астаналық театрлармен қатар еліміздің түкпір-түкпірінен келген өнер ұжымдары қатысты.

Фестивальдің жабылу салтанатында әртүрлі аталымдарда топ жарған мәдени ошақтар мен жекелеген өнерпаздар марапатталды. «Жастар» театры көрермендердің назарына Ә.Кекілбайұлының «Нартәукел» спектаклін ұсынған еді. Бұл қойылымды сахналаған аталмыш театрдың көркемдік жетекшісі Нұрқанат Жақыпбай «Тарихи тақырыптағы режиссерлік шешім үшін» аталымында жеңімпаз атанса, басты рөлді сомдаған белгілі актер Әділ Ахметов «Үздік ер адам бейнесі» аталымының жүлдесін иеленді.

«Қазылар алқасына театр саласындағы белді, беделді адамдар жиналды. Әрине, олардың әрқайсысының талғамы да, танымы да бөлек. Сондықтан әр аталым бойынша жеңімпаздарды анықтау қиынға соқты. Десек те, бір жағдайда бәріміз бір­ауыздан шешімге келдік. Тарихи тақырыпты Нұрқанат Жақыпбай сияқты ешкім аша алған жоқ» деген қазылар алқасының төрағасы Талғат Теменов сөзін Қадыр ақынның «Талантты бағалаңдар тірісінде» өлеңінің жолдарымен тұздықтады.

Л. Толстойдың «Анна Каренина» спектаклінде басты рөлді сомдаған «Үздік әйел бейнесі» аталымында М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының актрисасы Светлана Фортуна (суретте) топ жарды.


Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық театры көрсеткен Цой Ен Гынның «Патшайым болу оңай ма?» қойы­лымы үздік спектакль атанды. Сондай-ақ, «Режиссерлік ізденіс үшін», «Үздік сценография», «Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі», «Екінші пландағы үздік әйел бейнесі», «Үміт», «Үздік актерлік ансамбль» аталымдарындағы жүлделер иелерін тапты. Шараның соңы ұлттық театр­лар әртістерінің концертіне ұлас­ты.

Бұл фестиваль Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры үшін де табысты болды. Қаллекиліктердің «Аққудың көз жасы» лирикалық драмасын тамашалаған Лондондағы Айтматов академиясының басшысы Рахима Абдувалие­ва осы өнер ұжымын аталмыш қойылыммен Англия астанасының сахнасына шақыр­ды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button