Руханият

Талаптыға нұр жауар



Елімізде болашағынан үміт күттіретін жас суретшілер аз емес. Солардың бірі – «Ұстаз – ұлы есім», «Күз бояуы», «Мәңгі ел – Қазақстаным», «Менің анам – дүниедегі ең жақсы адам» сияқты республикалық, халықаралық байқаулардың жүлдегері Жарқын Тастанбек.

Балдырған шағынан өнерге әуес болып өскен ол домбыра, хор үйірмелеріне қатысып, сазбен жануарларды, аңдарды мүсіндеуді сүйікті ісіне ай­нал­дырған. 2014 жылдан бері Астанадағы №8 орта мек­тебінен білім алған алғыр оқу­шы физика мен қазақ тілі пән­дерінен олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болады. Үлгілі оқушы ретінде танылған Жарқын 8-сыныптан кейін Қазақ ұлттық өнер университетінің дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында «Кескіндеме және мүсін» мамандығы бойынша білімін жетілдіруде.
«Академиялық кескіндеменің техникасын меңгеру көп сурет салуды, талмай еңбектенуді қажет етеді. Ал Жарқынның өнер­ге деген құлшынысы зор. Еңбекқорлығы тағы бар. Соның арқасында біраз жетістікке де жетіп жүр» дейді мәдениет саласының үздігі, оқытушы Гүлнар Маханбетжанова шәкірті жайлы.
Жалпы, жас суретшінің шы­ғар­маларында акварель бояуы арқылы шынайы қыс бей­нелері, ауыл мен қала табиғаты, Астана қаласының көрікті ғимараттары көрініс тапқан. Кейіпкеріміз келешекте үздік туындыларды өмірге әкелетін үлкен қылқалам шебері болуды армандайды. «Талаптыға нұр жауар» дегендей, өрелі өреннің өнері өрге жүзсін дейміз. Оның ата-анасы мен ұстаздары да Жарқынның болашағының жарқын боларына сенімді.

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button