Жаңалықтар

ТАЛДЫКӨЛДЕГІ ТАБИҒИ ПАРК



Елордада аумағы 20 гектарға соз­ыл­ған Кіші Талдыкөл суы зиянды қалдықтар тазартылып, маңайынан еліміздегі алғашқы табиғи саябақ ашылады. Бұл туралы қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы хабарлады.

Сығанақ көшесінің солтүстігі, Е22 көшесінің оңтүстігі, Тұран даңғылының шығысы және Ш. Айтматов көшесінің батыс жағы толығымен тазартылады. Су деңгейін көтеру үшін түбін қазу жұмыстары жүргізілмек. Осылайша батпақты жер тазартылған тоғанға айналып, маңайында саябақ ашылады.

Сулы-батпақты орынның іргелес аумағы абаттандырылады. Онда әлеуметтік нысандар: тұрғын үйлер, 2,5 мыңға жуық оқушыға арналған оқу орны, балабақша, медициналық орталық ашылады.

Сулы-батпақты орынның Талдыкөл көлімен табиғи байланысы жоқ. Жер үсті ағындары мен жер асты сулары арқылы өзара қосылмайды. Қазіргі уақытта сулы-батпақты орын органикалық қосылыстар әсерінен шіріп кетуі және қоқыстың жиналуынан жағымсыз иіс шығатын және жәндіктер (масалар, кенелер) таралатын ошақ болып саналады.

Бұл орынға далалық өлшеулерді гидрографиялық жұмыстармен бір уақытта жүргізу барысында химиялық құрамын зерттеу үшін шөгінділерге сынама жүргізілді. Кіші Талдыкөлде адам денсаулығына кері әсер етуі мүмкін көптеген химиялық зат бар. Құрғақ қалдық 6,3 есе, темір мөлшері 6,2 есе, хлоридтер құрамы 9,5 есе, сульфаттар 12 есе, аммиак 5 есе артық. Сонымен қатар, Сығанақ көшесі маңындағы аммиактың мөлшері 2,5 мг құрады, бұл ШРК-дан (шекті рұқсат етілген концентрация) 1,5 есе асады.

Сондай-ақ зерттеу нәтижесі бойынша су сапасы шаруашылық, ауыз су, балық шаруашылығы және рекреациялық мақсатта пайдалануға жол берілмейді. Талдыкөл көлінің жанынан қорық және орман-саябақ аумағы бар еліміздегі алғашқы табиғи саябақ ашылады. Тартымды орынға айналатын екінші экопарк Майбалық көлінің жанында (әуежай бағытының оңтүстік-шығыс жағы) болмақ.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button