Жаңалықтар

ТАЛҒАТТЫҢ ТӘЛІМІ



Қырық жасқа толмай, нағыз жалындап тұрған шағында жер жәннаты Жетісу төрінен Арқа төсіне келді. Ол уақытта ерке Есіл жағасында жаңа астана енді-енді орнап жатқан. Келе сала, бас қала басылымы «Астана ақшамы» газетінде қызметке кірісті. Бас редактордың орынбасары болып тағайындалды. Арада «Қазақстан теміржолшысы», «Айқын» газеттеріне қайырылып, «Ақшамдағы» бәз-баяғы қызметіне қайтып оралды.

Жалпы елорда шежіресін жазып келе жатқан басылымға жиырма жылға жуық өмірін арнады. Бес-алты жыл бұрын ел газеті «Егемен Қазақстанға» барды. Онда да абыройсыз емес. Қазір бас редактордың орынбасары. Мәдениет, өнер, әдебиет, руханият тақырыптарындағы материалдар соның алдынан өтеді. Әңгіме осы күндері асқаралы алпыс жасты толтырып жатқан қаламы жүйрік журналист Талғат Батырхан туралы.

«Астана ақшамында» Бекен Қайратұлынан бастап бізге дейін бірнеше буын журналистерді тәрбиеледі. Иә, қазір қарап отырсам, біразымыз Талғат Батырхан мектебінен өткен екенбіз. Ол бастапқыда кібіртіктеген қаламымызды түзеп, жолға салды. Мақалаға тақырып қоюда да ұстазымыз үйреткен үлгі – үндестік заңына жүгінеміз.

Талғат ағамыздың тәлімгерлігі – бір төбе. Қаламгерлігі жайлы да көп нәрсе айтуға болады. Қаламын ол алдымен ұлттық мүдде жолына жұмсайды. Егер өзі жазбаса, журналист іні-қарындастарын жазылуы тиіс қызықты тақырыптарға бағыттап жібереді.

Көпшілігіне беймәлім факт, елордада Ресей батыры, Қазақстанның Халық қаһарманы Бақтыораз Бейсекбаевтың атына көше берілуіне «Астана ақшамы» газеті басылымның сол кездегі бас редакторының орынбасары Талғат Батырхан үлкен үлес қосты.

Ол уақытта Гастеллоның майдандағы ерлігін іс жүзінде құрамында қазақ ұшқышы болған Масловтың экипажы жасағаны белгілі болып жатқан еді. Ал Гастелло көшесі елордада мызғымай тұрды. Талғат ­Батырхан Бекен Қайратұлына тапсыр­ма беріп, Бейсекбаев жайлы мақала жаздырады. Материал дайын болған соң, бас редактордың орынбасары «Бар қазақтың батыры» тақырыбын қояды. Одан кейін де елордалық басылымда сериялық мақалалар жарық көреді. Нәтижесінде 1999 жылдың шілдесінде Жуковский көшесі Б.Бейсекбаев көшесі болып қайта аталады.

Қиырдағы қазақтар… Бұл Талғат ағамыздың меншікті тақырыбы десек те болады. Қазір бәрін тізбелейтін болсақ, үлкен тізім шығады. Сондықтан бір кейіпкеріне ғана тоқталайық.
Ресей Федерациясының халық әртісі Алтынай Асылмұратова Елбасының шақыруымен еліне оралғаны белгілі. Қазір елордадағы Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры, «Астана Опера» театры балет труппасының көркемдік жетекшісі болып отырған Алтынай Әбдуахимқызын Талғат Батырхан сонау жылдары Ресейге іздеп барған. Ковент-Гарден, Гранд-Опера, Ла Скала, Ролан Петидің Марсель театры, т.б. әлемге әйгілі театр сахналарында өнер көрсеткен, атақты Мария театрының прима-балеринасы, Санкт-Петербургтегі А.Ваганова атындағы орыс балеті академиясының көркемдік жетекшісі болған әйгілі өнерпазбен сұхбаттасқан журналист тағдырдың жазуымен туған елінен жырақтаған қазақ қызын жұртына таныстырды. Талғат ағамыздың мақалаларынан Алтынай Асылмұратова Алашқа аты мәшһүр ақын Нарманбет Орманбетұлына жақын болып келетіні, балеринаның атасы Әбілбек Ұлы Отан соғысының алдында Ахмет Жұбанов құрған халық аспаптары оркестрінде (қазіргі Құрманғазы оркестрі) домбырашы болғанын, әкесі Әбдуахим да кәсіби тұрғыда балет сахнасында билегінін білдік.

Төрт жыл бұрын елордада «ЭКСПО» халықаралық мамандандырылған көрмесі дүркіреп өткені белгілі. Сол кезде Литвада тұратын суретші Әсия Радавичененің көрмесі ұйымдастырылды. Суретші және оның жұбайы Витаутаспен кездесіп, газетке сол туралы мақала жаздық. Ақтөбеден шыққан Әсия Ғалымжанқызының өмірі мен өнері Талғат ағамызға қызық болатын шығар деп ұстазымызға хабарластық. «Егеменге» ертіп алып кел» деді. Бардық. Сұхбаттасты. Артынша еліміздің бас басылымына да мақала жарқ ете қалды. Ерлі-зайыптылар сонда қуанып, алғыстарын жаудырды.

Кезінде баскетболдан Қазақстанның әйелдер құрамасының капитаны болып, Одақтық жарыстарға бастаған, қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш баскетболшы Шолпан Дүйсенова жайлы Талғат Батырханнан басқа адамның жазғанын осы уақытқа дейін көрмедік. Талғат Садықұлы өзі жазғандай «аяз буған ақпанның ақырғы күні қарлатып, борандатып» фототілшіміз Сұлтан Сейітпен бірге Қарағандыға жолға шықты. Нәтижесінде «Қазақ баскетболының қарлығашы» атты мақаласы «Астана ақшамында» жарық көрді. Бұл шынымен газет оқырмандары үшін тың жаңалық болды. Өзін елеп, ескергеніне қуанған жасы ұлғайған спортшы журналиске ақтарылған. Содан бері де арада жеті жылдан астам уақыт өтсе де, Шолпан Дүйсенованы іздеген бір адам жоқ. Бұл өмірде қазір бар ма, жоқ па, белгісіз. Себебі Талғат Батырханмен кездескенде де тоқсан жасқа таяп қалған еді.

«Адамға үш нәрсе, орысша айт­қанда «Үш «И» керек. Біріншісі – интуиция. Бұл – адамның Құдай берген ішкі түйсігі. Екіншісі – интерес, адамның қызығушылығы. Өйткені адамға оқу керек, іздену керек. Үшіншісі – интеллект. Бұл – білімі, адамның өз саласының арғы-бергісін оқып тауысуы» дейді Талғат Батырхан. Осы үшеуі де ұстазымда бар. Құрдасым, «Жас Алаш» газетінің Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Сәтжан Қасымжанұлы осы «Үш «И-ге» төртіншісін – интернетті қосты. Бірақ Талғат Садықұлы интернетпен дос емес. Материалдарды «Гуглдан» алмайды, басы толған дерек. Сол деректерді тілінің майы тамған мақалаларына айналдырады.

Жадысының мықтылығына бірнеше рет көз жеткізгенбіз. «Астана ақшамында» жүргенде Азамат Есенжол екеуміздің қасымызға келіп, «Әдеби, мәдени өмірде не жаңалық?» деп сұрайтын. Содан соң арғы-бергіні еске алып, танымал қаламгерлерге, белгілі өнерпаздарға, жалпы тарихи тұлғаларға қатысты қызықты әңгімелерді айтатын.

Жазудағы тілінің көркемдігімен қатар айтқыштығы да бар. Мақалаға тақырып қоюда шебер. «Тақырыптарды оң қалтамнан да, сол қалтамнан да суырып алып шығамын» дейді әзілдеп. Әріптесіміз Айгүл Уайсоваға «Астана ақшамының ажар-көркі» деп ат қойды. Айгүл апайды қазір кейде солай атаймыз. Кездескен жерде «Аманғали Қалжан, аман ба мал-жан?» деп өлеңдетеді. Өзіміз аузынан шыққан сөздерді қалт жібермей, құлағымызға құйып алуға тырысамыз. Мәселен, «Астана Опера» театрында «Қыз Жібек» операсының премьерасы болғанда бірге тамашаладық. Сонда Шеге партиясын орындаған әртістің өнеріне көңілі толмай, «Шеге, солғын шықтың неге?» деді. Осы сөзін қағып алып, мақала тақырыбына қойдық.

Осындай «қанатты сөздері» талай шәкіртінің есінде деп ойлаймыз. «Астана ақшамынан» бері қасында келе жатқан, қазір «Егемен Қазақстанда» бір пұшпақтың терісін илеп жатқан Бекен Қайратұлы, Амангелді Қияс, Ерболат Қамен, Қымбат Тоқтамұрат, Азамат ­Есенжол, Орынбек Өтемұрат естіп те жүрген болар. Талғат Батырханның «Ақшамдағы» тәлімгерлігі «Егеменде» де жалғасып жатыр.

Астана демекші, жаңа, жас елордамыздың қалыптасуы Талғат Садықұлының көз алдында өтті. Журналист ретінде астананың уағын қадап, шаңырағының тіктелуіне, өркендеуіне өз үлесін қосып келе жатыр. Ежелгі тарихына да үңілетіні бар. Оған «Майтөбе мен Тайтөбе» атты мақаласы дәлел. «…Жетісудағы Майтөбе – бала Нұрсұлтанның қия­лын тербеп, қияға қанат қақтырған қасиетті өлкедегі өркеш таулы қан жайлау… Арқадағы Тайтөбе – дана Нұрсұлтан қалың елі – қазағының қамын ойлап, Ақордалы Астанамыз­дың алтын қазығын қаққан кіндік жұрт…» деп жазады онда журналист.

Үш жыл бұрын елорданың 20 жылдығына орай Талғат Батырхан туған Талдықорған қаласында журналистің суретімен билборды ілінді. Суретінің жанында: «Ежелгі Есіл жұртта бой көтерген елордамыз ерте есейді. Ол баяғының батырларындай сағат санап өсті. Ақордалы Астана – Елбасымыздың таңдауы, халқымыздың қалауы» деген бір мақаласынан үзінді берілді.
Елордамен бірге сіз де толысып, кемеліңізге келдіңіз, Талғат аға! Асқаралы алпысыңыз құтты болсын! «Астана ақшамының» отыз жылдық мерейтойында: «Моряктар киіп жүрген костюмін шешіп тастағанда арғы жағынан тельняшка шыға келеді. Сол сияқты, мен де қайда жүрсем де, «Ақшам» жүрегімде» деген едіңіз. «Ақшам» да әрдайым сізбен бірге.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button