Жаңалықтар

Тәліптер талап қойды



Тәліптер Панджшер шатқалын қорғап жатқан қарулы күштердің жетекшісі, бұрынғы танымал дала қолбасшысы Ахмад Шах Масудтың ұлы Ахмад Масудқа талап қойды. Олар Масудқа жақтастарымен бірге қаруын тастау үшін төрт сағат уақыт берді. Келіспеген жағдайда жазаға тартпақ.

Ахмад Масуд Ауғанстанда билік тәліптерге өткен соң өліспей беріспейтінін мәлімдеген. Ол тәліптермен келіссөзге отырып, мәмілеге келуге дайын екенін аңғартқан еді. Масуд тәліптерді қатыстыра отырып, үкімет құруға шақырды. Тәліптер диалогтан бас тартса, соғыс болатынын айтты. Панджшер шатқалы – Ауғанстанның тәліптер бақылауына өтпеген соңғы аймағының бірі. Бұл өңір халқының басым көпшілігі – этникалық тәжіктер.

Тәліптер билікке келгелі елді қымбатшылық қысып жатыр. Ұлттық валюта құнсызданған соң азық-түлік бағасы шарықтап кеткен. Небәрі бірнеше күнде ұн, май, күріш сияқты тауарлар 20 пайызға дейін өскен. Бұдан бөлек, жұрт банктегі жиған-тергенін ала алмай әлек. Себебі елдегі ахуалға байланысты банктер мен валюта айырбастау мекемелері қызмет көрсетпейді. Шетелден ақша аудару да мүмкін емес. Өйткені өткен аптада Western Union Ауғанстандағы жұмысын тоқтатқан.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button