Басты ақпаратСараптама

Тапшылық пен ысырапшылдық қос бүйірден қысып тұр



Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» тақырыбындағы Қазақстан халқына Жолдауында су мәселесіне тоқталып, судың жетіспеуі ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналғанын айрықша атап өтті.

– Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр. Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтыруда. Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған. Сондай-ақ автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен. Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы. Бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек. Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн. Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу керек, – деді Мемлекет басшысы өз Жолдауында.

Сондай-ақ 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тап­шылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін екенін еске салған Президент «Біз трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек. Жан-жақты ойлас­тырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер» деп атап өтті.

Судың көбі сырттан келеді

Қазақстан – жері кең, жан саны аз мемлекет болғанмен, су байлығы тапшы елдің бірі. Деректерге сүйенсек, еліміздегі тұщы судың қоры 539 млрд текше метрді құрайды. Мұның 101 млрд текше метрі өзендерге тиесілі. Ал ол өзендердің 19 пайызы Қытайдан келсе, қалғаны Ресей, Өзбекстан, Қыр­ғызстан, Тәжікстан елдеріне тиесілі. Былайша айтқанда, Қазақстандағы тұщы судың 45 пайызын басқа елдерден келетін өзендер құрайды. Бұл – бүкіл суымыздың тең жартысына жуығы шетелден келеді деген сөз. Оның үстіне соңғы кездері Қытай елі Ертісті бұрып, Ілені бөгеп алғалы елдегі су мәселесі де ұлғая түсті.

Еліміздегі тұщы судың қоры 539 млрд текше ­метрді құрайды. Мұның 101 млрд текше метрі өзендерге ­тиесілі. Қазақстандағы тұщы судың 45 пайызын басқа елдерден келетін өзендер құрайды

Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей елдері де әр жылы суды қысып беріп, төменгі ағарда отырған біздің елдің диқандары ұдайы зиян тартып келе жатқаны да жасырын емес. Демек, «су тапшылығының артуы – Орталық Азия мемлекеттеріне ортақ мәселе. Суды үнемдеп пайдалану энергетика немесе көлік саласы сияқты аймақтағы ынтымақтастықтың тағы бір жаңа бағытына айналмақ» деп Мемлекет басшысы айтқандай, су мәселесі қазіргі уақыттың өзінде өзекті тақырып болып отыр. Бұған еліміздің бас қаласы – Астананы сумен қамтамасыз етудің де жылдан-жылға қиындап бара жатқанын қоссақ, су мәселесі еліміздегі ұлттық қауіпсіздікке саятын ең негізгі мәселе екені айқындала түседі.

Үнемдемесек – ұтыламыз

Орталық Азия – әлемдегі су тапшылығын тартып отыр­ған аймақтың бірі. Соған қарамастан, Орталық Азия елдері суды ысырап ету жағынан әлемнің алдыңғы орнында тұр.

БҰҰ азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) мәліметі бойынша Орталық Азия елдерінде жан басына шаққанда жылдық су қоры жеткілікті. Яғни мәселе судың жетіспеушілігінде емес, су ресурстарын ұтымды пайдаланбау, суды бейберекет ысырап етумен қатысты болып отыр.

ФАО есебіне сәйкес, Орталық Азия елдері суды сарп қылу жағынан (жан басына шаққанда) әлемдегі алғашқы ондыққа кіреді: Түрікменстан – жылына 5319 текше метр, Қазақстан – жылына 2345 текше метр, Өзбекстан – жылына 2295 текше метр, Қырғызстан – жылына 1989 текше метр, Тәжікстан 1895 текше метр су сарп қылады екен. Оның үстіне Орталық Азия елдерінде әр гектар жерге істететін су мөлшері де дамыған елдерден 2,5-3 есе артық.

Жақында Қытай зерттеу­шілері Орталық Азия елдерінің ауыл шаруашылығында су және жер ресурстарын қаншалықты тиімді пайдаланатынына зерттеу жүргізіп көрді. Зерттеушілер Орталық Азия елдері суды жұмсауға келгенде ысырапшыл, бейберекет, өте көп жұмсайды деген қорытынды жасаған. Зерттеуге қарағанда, Тәжікстан балапан (көшет) өсіру үшін 61 есе көп су жұмсайды, ал Түрікменстан мақта өсіру үшін 42 есе артық су құртады. Орталық Азия елдерінің бидай өсіру үшін суды ысырап ететіні – бөлек әңгіме.

«Орталық Азия елдері су ресурстарының 90 пайызын суды көп қажет ететін дәнді дақылдарды суаруға пайдаланады. Бұл экожүйенің деградациясына әкеп соқтырады, жергілікті су қауіпсіздігі мен биоалуантүрлілікке қатер төндіреді. Орталық Азия елдерінің ауылшаруашылық жерлері Қытай аумағының 57 пайызына, ал халқы Қытай халқының небәрі 5 пайызына тең» деген дәйекті алға тартқан Қытай зерттеушілері Қытаймен салыстырғанда Орталық Азия елдерінің астық түсімі де өте төмен, Орталық Азия елдері су ресурстарының жартысын ысырап қылып отыр деген қорытынды шығарған.

Бар суымыз да сарқылып барады

Қазақстанның су ресурстары өңірлер бойынша әркелкі орналасқан. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында су мол болса, Маңғыстауда су тапшы. Оның үстіне ел территориясының үштен екісін шөл және шөлейтті аймақтар құрайды. Өкініштісі, бетіне соры шыққан құмдауыт жерлердің көлемі жыл өткен сайын ұлғаюда. Оның басты себебі, біріншіден, табиғи фактор болса (ғаламдық жылыну), екіншіден, адам факторынан су қайнары суалып, құнарлы жер көлемі барған сайын кемуде. Мәселен, Атырау облысы Жылыой ауданындағы Жем өзені жойылып кетудің алдында тұр. Кезінде арнасынан асып жатқан өзен суы соңғы 3 жылда тартылып қалған. Елімізде Жем сияқты тартылып кеткен өзендер аз емес, әрине.

Елорда да суы тапшы қалалардың бірі екенін естен шығармауымыз керек. Биыл көктемде «Астана су арнасы» кәсіпорны шаһар тұрғындарына «Суды үнемдеу керек, ауызсу тапшы!» деп дабыл қаққан еді. Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев 11 шілде күні Астана қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте бас шаһардағы су тапшылығы мәселесіне тоқталды

Кейбір деректерде «Қазақстан аумағында ірілі-ұсақты 85 мың өзен бар, олардың ішінде 7 өзеннің (Ертіс, Тобыл, Есіл, Жайық, Сырдария, Іле, Шу) ұзындығы 1000 км-ден асады, еліміздегі үлкенді-кішілі көлдердің саны да 40 мыңнан асады» деген мәлімет бар. Осыдан 4 жыл бұрын Үкімет мүшелері «бүгінде ауданы бір шаршы километрден асатын 2328 көл бар, сондай-ақ 2552 өзен жайлы ақпарат бар» деген мәлімет таратқан еді. Одан бері де бұл көлдердің қаншауының суы азайып, қанша өзен тартылып қалды? Бұл жөнінде нақты ақпарат жоқ. Мейлі, қалай айтсақ та, еліміздің қай өңірінде болсын су тапшылығы мәселесі барған сайын күрделеніп, судың тартылып бара жатқаны шындық. Бұл жайт соңғы кездері Арқа алқабында да айқындала түсті.

Қазақстан мен Ресей ғалымдарының дәлелдеуінше, Арқа төсіндегі өзен-көлдердің тартылуы өткен ғасырдағы тың игеру мезгілінен бастау алады. 1954-1960 жылдар аралығында жүргізілген науқан кезінде Кеңес Одағы бойынша жалпы 41,8 млн га жер жыртылса, соның 25,5 млн гектары қазақ жері болды. Тусырап жатқан сары далада бұлайша ауқымды жер ашу аумақта экологиялық тепе-теңдікті бұзып, жердің су қабаты төмендеп, топырақтың ылғалдығы азайды. Бейберекет жер жырту көптеген бұлақ көзінің бітеліп, өзендердің тартылуына мұрындық болды. Осының әсерінен көгілдір көлдер кебірге айналды. Арқа төсіндегі тіршілік нәрінің тартылуы осылай басталды.

Ертеректе жазылған кейбір әдеби кітаптарда Көкше өңіріндегі көлдердің бір-бірімен жалғасып, тұтасып, бірінің суы біріне құйылып жатқаны айтылады. Бірақ қазір мұндай экологиялық байланыс мүлдем үзіліп, әрбір көл жетім суға айналған. Ол да жаңбыр мен қардың азаюы, бұлақ көздерінің бітелуі сияқты себептерден жыл сайын тартылып тарады. Дер кезінде ескеріліп, қорғау жұмысы жедел жүргізілмесе, бұл көлдердің суалуы тұтас Арқа төсіне алапат апат әкелуі әбден мүмкін.

Ұтымды жолы қандай?

Қазақстанда су үнемдеуге және судан өнімді пайдалануға ден қоятын мезгіл келді. Ол үшін шетелден келетін өзендердің жоғарғы ағысын азайтпау үшін Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей елдерімен тең тұрғыдан өнімді келіссөздер жүргізудің мәні зор. Өйткені Ертіс, Іле, Сырдария сияқты өзендердің ағысы азайса, оның дертін ертеңгі ұрпақ тартады. Оның үстіне іргеңе салған су қоймасының елдің қауіпсіздігіне де қатер екенін Өзбекстанның Сардоба су қоймасының ағытылып кеткені анық аңғартты. Демек, шекаралық өзендердің бойына салынған бөгеулер су тапшылығына ғана емес, халықтың бас амандығына да қатысты іс болғандықтан, бұл мәселеге әсте жеңіл-желпі қарауға болмайды.

Суармалы жерлердің көлемін арттыру және осы заманғы су үнемдеу техникасынан өнімді пайдалану еліміздің ауыл шаруашылығын дамытудағы жаңа мүмкіндік екені белгілі. Суармалы алқаптың молаюы, егін шаруашылығымен қатар, мал шаруашылығының дамуына да тың серпін береді. Егіннің түсімі артса, бидай, нан бағасының жыл сайын қымбаттауын тежейді. Сондықтан ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында Қазақстанда өзен суларын өнімді пайдаланып, су қоймаларын салып, су үнемдеу техникаларын жаппай қолданысқа енгізу керек. Бұл ретте құмды-шөлді жерді жасыл алқапқа айналдырған Израиль елінің тамшылатып суару техникасын енгізудің тиімділігі орасан. Сондай-ақ Қытаймен Ертіс, Іле төңірегінде келіссөз өткізумен бірге олардың да су үнемдеу, егіс алқаптарын суармалы атызға айналдыру барысын, әдісін зерттеген дұрыс. Ірі қалаларда лас суларды тазартып, қайта пайдалану мәселесіне де осы бастан кіріскен абзал. Құдықты беталды әрі таяз қазып, өсімдік суын сарқып пайдалану да жердің су қабатын төмендете беретінін ерте ескерген жөн. Өйткені судың да сұрауы бар. XXI ғасырдың ең құнды тауары – су. Ал сусыз тіршілік тұл.

Елорда да суы тапшы қалалардың бірі екенін естен шығармауымыз керек. Биыл көктемде «Астана су арнасы» кәсіпорны шаһар тұрғындарына «Суды үнемдеу керек, ауызсу тапшы!» деп дабыл қаққан еді. Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев 11 шілде күні Астана қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте бас шаһардағы су тапшылығы мәселесіне тоқталып, «Қазір елорда Астана су қоймасына толық тәуелді болып отыр. Су алатын басқа жер жоқ. Бұл өте қауіпті. Кез келген сәтте оқыс оқиға болса, бүкіл қалаға қауіп төнуі мүмкін. Тұрғындар саны көбейіп, жаңа нысандар пайдалануға беріліп жатыр. Сондықтан су қоймасының қуаты алдағы бір-екі жылда сарқылып бітетіні анық» деп баса айтқан болатын. Демек, бас қаланы сумен қамтамасыз етудің жаңа әрі тың жолдарын қазірден бастап қарастырмаса, елорданың елі де ерте ме, кеш пе, судан тарығады. Сондықтан тұрғындардың су үнемдеу мәдениетін жоғарылатумен қатар, су бағасын қымбаттату жағын да ойласқан дұрыс. Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, қаланың бір тұрғыны жылына 20 мың литр суды ысырап қылады екен. Енді есептей беріңіз, бір миллионнан астам тұрғыны бар бас қалада жылына қанша су ысырап болады?! Ойланатын мәселе. Сондықтан бүкіл ел халқына су үнемдеу жөніндегі үгіт-насихатты да осы бастан күшейткен абзал. Өйткені су тамшыдан құралады.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button