Басты ақпаратЕл тынысы

Тарихи маңызы зор сапар



Осы аптадағы айтулы оқиғаның бірі – Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға ресми сапары болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапар екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамыту перспективасын айқындау тұрғысынан ерекше мәнге ие екенін қадап айтты. Екі жақты келіссөздер барысында денсаулық сақтау, энергетика, ауыл шаруашылығы, спорт және басқа да салалардағы серіктестікті нығайтуға бағытталған бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Бұл уағдаластықтардың толыққанды жүзеге асырылуы Қазақстан мен Ресей азаматтарының тұрмыс сапасын жақсартуға оң әсерін тигізері сөзсіз. Жағымды жаңалықтың бірі – ресейлік компаниялар Өскемен, Семей, Көкшетау қалаларында жылу электр орталықтарын салады. Тиісті келісімге Ақордада екі елдің Энергетика министрлері қол қойды.

Екіжақты тауар айналымы – 27 млрд доллар

Қасым-Жомарт Тоқаев Өңір­аралық ынтымақтастық форумы 20 жыл ішінде екі елдің өзара тиімді стратегиялық серіктестігін нығайтуға зор үлес қосып, өзінің маңыздылығы мен тиімділігін көрсеткенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан мен Ресейдің сауда-экономика, инвестиция салаларындағы және өнеркәсіптік кооперациядағы ықпалдастығы жылдан-жылға тұрақты түрде артып келеді. «Бүгінде екіжақты тауар айналымы 27 миллиард долларға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ресейден тікелей тартылған инвестиция көлемі 20 миллиард доллардан асты. Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік үлесі бар 42 мыңнан астам кәсіпорынның жартысына жуығы, яғни 19 мыңы – ресейлік компаниялар. Біз экономиканың өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, инфрақұрылым сияқты салаларында тығыз қарым-қатынас жасаймыз. Энергетика бағытындағы ынтымақтастық деңгейі артып келеді. Жақында Ресей газын Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға тасымалдау жобасының іске қосылуы айтулы оқиға болды. Бұл жоба Орталық Азияның өңірлік тұрақтылығы мен энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуда шешуші рөл атқарады. «Татнефть» компаниясымен бірге қуаты жылына 340 мың тоннаға дейін бутадиен өндіретін Қазақстан – Ресей зауытының құрылысы басталды. Полиэтилен шығаратын кәсіпорын салуға қатысты келіссөздер аяқталды. 2019 жылдан бастап Өндірістік кооперация саласындағы бірлескен іс-қимыл бағдарламасы табысты жұмыс істеп жатыр. Қазірдің өзінде бұл бағдарлама бойынша құны 3,2 миллиард доллар болатын 30 жоба іске асырылды. Жалпы көлемі 27 миллиард доллардан асатын тағы 60-қа жуық жоба жүзеге асырылуда немесе пысықталуда. Мұның бәрі Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктес әрі одақтас екенін айқын көрсетеді» деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы тақырыбына арналған Форумның Қостанай облысында, яғни Қазақстанның нағыз астықты өлкесінде өткізілуінің символдық мәніне назар аударып, агроөнеркәсіп кешені саласындағы сауда мен өзара тиімді кооперацияны кеңейту үшін зор мүмкіндік бар екеніне тоқталды. Оның пікірінше, Қазақстан мен Ресей ауыл шаруашылығы өнімінің ірі өндірушісі саналады және астық экспорты бойынша әлемдік көшбасшылардың ондығына кіреді. Сондай-ақ әлемдегі егістік алқаптарының шамамен 10 пайызы, жайылымдық және шабындық жерлердің 9 пайызы осы екі мемлекетке тиесілі.

«Қазақстанда соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 2 еседен астам ұлғайды. Аталған саладағы өнім экспорты екі есе артып, 6 миллиард долларға жуықтады. Бүгінде бұл бағыттағы өнімдеріміз әлемнің 80 еліне жеткізіледі. Былтыр Азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық индексінде Қазақстан 113 елдің ішінде 32-орынды иеленді. Осылайша, біз агроөнеркәсіп кешенін дәйекті түрде дамытып отырмыз. Бүгінгі форумда елдеріміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тең құқылы және бір-бірінің мүддесін ескеру қағидаттары негізінде ортақ келісімге келе отырып, жаңа тәсілдер әзірленетініне сенімдімін» деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы форумға қатысушылардың назарын бірқатар өзекті мәселеге аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, Қазақстанның аграрлық секторын индустрияландыру мәселесіне тоқталып, үш жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңделген өнім үлесін 70 пайызға дейін арттыру міндеті жүктелгенін айтты. «Бұл міндетті орындау үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының импортқа тәуелділігін төмендетуге бағытталған ірі инвестиция­лық жобалар жүзеге асырыла бастады. Алдағы жылдары 115 тауарлы сүт фермасы салынады. Бұл сүт өндіру көлемін 600 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жылына 120 мың тоннадан астам ет өндіретін 15 ірі құс фабрикасын пайдалануға береміз. Алдағы бес жылда Қазақстанның агросекторында жалпы сомасы 2,7 триллион теңге болатын 900-ге жуық инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Озық халықаралық стандарттарға, соның ішінде «Халал» стандартына сай әрі бәсекеге қабілетті, экологиялық таза және экспортқа бағдарланған өнім шығаруға баса мән беріледі» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп және экспорт әлеуетінің толыққанды пайдаланылмауына көп жағдайда көлік-логистика саласындағы шектеулер әсер етеді деген пікір айтты. Мысалы, логистика және қойма жүйесінің тапшылығына байланысты Қазақстан мен Ресейде өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің шығыны 40 пайызға жуықтайды. «Өнім сақтау инфрақұрылымын дамыту, соның ішінде элеваторларды, көкөніс, жеміс-жидек қоймаларын көбейту екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағытына айналуға тиіс. Қазақстан жуық арада климаттық бақылау жүйесі бар өнім сақтау қоймаларының сыйымдылығын 1 миллион тоннаға ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бізде Қытай, Үндістан, Таяу Шығыс елдері сияқты келешегі зор өнім өткізу нарықтары бар. Олардың азық-түлікке сұранысы ұлғая түскенін ескерсек, «Солтүстік – Оңүстік» көлік дәлізінің де рөлі күшейеді. Орталық Азия арқылы логистиканың жаңа бағыттарын дамыту және Қытаймен арадағы қазіргі көлік бағдарларының жүк өткізу мүмкіндігін арттыру ықпалдастықтың басым бағыттарының бірі бола алады. Осыған байланысты Каспий теңізіндегі Құрық және Ақтау порттарына ауқымды жаңғырту жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Қытай бағытында «Достық – Мойынты» теміржол учаскесінің екінші жолын салу жобасын жүзеге асыруға кірістік. Жалпы, Қазақстанда алдағы үш жылда 1,3 мың шақырымнан астам теміржол салынады» деді Мемлекет басшысы.

Президент заманауи аграрлық ғылымды дамыту және агроөнеркәсіп кешеніне инновацияны белсенді түрде енгізу ісін ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты ретінде атады. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан зерттеу университеттерінің рөлін күшейте отырып, «білім – ғылым – өндіріс» үштаған жүйесі аясында ғылым саласын реформалауды бастады. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен агроинновация орталықтарын құруды ұсынды. Олар жаңа технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні коммерцияландырумен және өндіріске енгізумен айналысар еді.

Бұдан бөлек, өзіміздің дақылдар тұқымын көбейту – тағы бір стратегиялық міндеттің бірі. Қасым-Жомарт Тоқаев картоп пен қант қызылшасы сияқты негізгі дақылдар бойынша Қазақстандағы отандық селекцияның үлесі 10 пайызға жетпейтінін атап өтіп, қалыптасқан жағдайды шұғыл реттеуге шақырды. «Өсімдік шаруашылығында минералдық тыңайтқыштардың жеткілікті деңгейде қолданылмауы проблемаға айналды. Қазақстанда ғылыми негізделген қажеттіліктің 25 пайызы ғана, ал Ресейде  іс жүзінде үш есе көп өтеледі. Соның салдарынан ауыл шаруашылығы дақылдарының басым бөлігі бойынша Қазақстанның өнім алу көрсеткіші басқа жетекші аграрлық державаларға қарағанда әзірге айтарлықтай төмен. Ресей – әлемде ең ірі органикалық тыңайтқыш экспорттайтын елдің бірі. Өнім өткізу нарығының өзгеруіне байланысты Қазақстандағы Ресей тыңайтқыштарының импорты айтарлықтай артты. Мұның салдары отандық кәсіпорындарға әсер етіп отыр. Біз ЕАЭО-ның ішкі нарығында бір-бірімізбен бәсекелеспеуіміз керек деп санаймын. Біз бірлесе отырып, фермерлерімізге тыңайтқыштарды қолжетімді ету және сыртқы нарықтарға шығу жолдарын іздестіруіміз қажет. Қазақстан азық-түлік, тыңайтқыш және дақыл тұқымдары халықаралық санкциялық шектеулерге ілікпеуі керек деген позицияны ұстанады. Өйткені ол жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін нығайту үшін қажет» деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев таяу арада Қазақстанның машина жасау саласына көрсетілетін мемлекеттік қолдау шарасының бағыты кезең-кезеңмен өзгеретінін айтты. Алдағы уақытта техниканы ірі бөлшектерден ғана емес, бірте-бірте ұсақ бөлшектен құрастыратын аралас өндіріске басымдық берілетінін жеткізді. Бұл ретте Президент еңбек өнімділігіне, импортталатын қосалқы бөлшектердің жергілікті өндірісін жолға қоюға және өнімді жұмыс орындарын ашуға баса мән беру маңызды екенін атап өтті.

Мемлекет басшысының айтуынша, келешекте күшейе түсетін су ресурстарының тапшылығы Қазақстан үшін өзекті проблеманың бірі саналады. Отандық экономиканың негізгі салаларында, әсіресе, ауыл шаруашылығында судың көп мөлшерде пайдаланылуы жағдайды одан сайын күрделендіре түсті. «Біз су секторын жаңғыртуға кірістік. Жаңадан 20 су қоймасын салып, кем дегенде 15 су қоймасын реконструкциялау, сондай-ақ 3500 шақырымнан астам каналды жаңғырту және цифрландыру жоспарланып отыр. Бұл шаралар 2027 жылға қарай қосымша 2 текше километрге жуық сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазақстанда жаңа Су кодексі әзірленуде. Бұл құжат су ресурстарының тапшылығын азайтуға бағытталған. Ресеймен бірге Жайық, Ертіс секілді ірі өзендердің бассейіндерінде зерттеу жүргізу жөніндегі ынтымақтастықты жандандыру үшін Бірыңғай жол картасы жүзеге асырылып жатыр. Мұндай күрделі проблеманы шешуге бір ғана елдің күш-жігері жетпейді. Бұл мәселені мүдделер теңгерімін сақтап, бірлесе әрекет ету арқылы шешу қажет. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, біздің Ресеймен стратегиялық серіктестік қарым-қатынасымыз екі ел халықтарының мүддесі жолында су ресурстарын бірлесе тиімді пайдалануға қатыс­ты теңгерімді тәсілдің кепілі болатынына сенімдімін» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Саяси және тарихи мәні зор сапар

XIX Өңіраралық ынтымақтас­тық форумының пленарлық отырысынан кейін Қазақстан мен Ресей президенттері шағын форматта келіссөз жүргізді. ­Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путиннің сапары екіжақты қатынастар жылнамасындағы маңызды оқиға екенін атап өтті. «Сіз Қазақстанға ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шарттың 10 жылдығы қарсаңында келіп отырсыз. Құжатқа 2013 жылы 11 қараша күні Екатеринбургте қол қойылғанын еске салғым келеді. Бұл – Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының маңызды құқықтық негізі саналатын әрі көпжақты байланыстарымызды одан әрі нығайтуға жол ашатын жан-жақты құжат. Сізді осы айтулы күнмен құттықтаймын. Сапарыңыздың аталған датамен тұспа-тұс келгені өте жақсы болды. Жалпы, бүгін айтқанымдай, Сіздің сапарыңыздың саяси және тарихи мәні зор» деді Президент.

Мемлекет басшысы екі халық арасындағы берік достық байланыстарға, ортақ тарих пен тату көршілік қатынастарға мән бере отырып, Қазақстан мен Ресейдің барлық бағыттағы ықпалдастығының табысты дамып келе жатқанын мәлімдеді. «Форумның ашылуында нақты цифрларды атап көрсеттік. Соңғы 3 жылда тауар айналымының көлемі 30 пайыздан астам өсті және бұл оң үрдіс жалғасуда. Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша өзара сауда-саттық 17 миллиард долларды құрады. Бұл да – рекордтық көрсеткіш. Өнеркәсіптік кооперация қарқынды дамып жатыр. Осы орайда ауыз толтырып айтарлықтай цифрлар бар. Атап айтқанда, жалпы сомасы 33 миллиард доллардан асатын 143 жоба жүзеге асырылуда. Оның 140 жобасы Қазақстан аумағында орналасқан. Ресей Қазақстандағы шетелдік капиталы бар кәсіпорындар саны бойынша көшбасшы екені сөзсіз. Елімізде 20 мыңнан астам ресейлік компания тіркелген. Ресей Федерациясынан тартылған тікелей инвестиция, біздің бағалауымыз бойынша, 20 миллиард доллардан асты. Соңғы екі жылда шамамен 3,5 миллиард доллар инвестиция салынды. Өз кезегінде Қазақстанның Ресейге құйған инвестиция көлемі 6 миллиард долларға жетті. Мұның екіжақты процесс екені қуантады. Мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық белсенді түрде ілгерілеп келеді. Еліміздің аумағы арқылы Ресей мұнайын Қытайға, сондай-ақ газын Өзбекстанға тасымалдау жөніндегі уағдаластықтар энергетика саласындағы ықпалдастықты мүлде жаңа деңгейге көтерді» деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы Қостанай қаласында өтіп жатқан XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумы шеңберінде қол қойылатын келісімдер мен бизнес келісімшарттары облыстарда ғана емес, екі ел экономикасының көптеген салаларында да мол әлеует бар екенін көрсететініне сенім білдірді.

Өз кезегінде Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстан астанасындағы бүгінгі кездесу екіжақты қатынастардың жай-күйі жөнінде пікір алмасып, келешекті бағамдауға жақсы мүмкіндік беретінін атап өтті. «Елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастар сенімді түрде әрі табысты дамып келеді. Оны, әлбетте, цифрлар әйгілеп тұр. Біз жаңа ғана XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысына қатыстық. Бұл – өте жақсы формат. Адамдар бір-бірімен тікелей қарым-қатынас жасап, жұмыс істейді, араласады әрі бұл әрдайым елеулі нәтиже береді. Осы жолы да солай боларына сенімдімін. Бұған қоса өте маңызды тақырып таңдалып отыр. Азық-түлік – кез келген қоғамның, мемлекеттің тыныс-тіршілігінің негізі. Елдеріміздің әлеуеті зор. Өз қажеттіліктерімізді ғана қамтамасыз етіп қана қоймай, жаһандық нарықтардағы көптеген серіктестерімізге де көмектесуге мүмкіндігіміз бар. Мәселе ынтымақтастығымыз­дың барлық артықшылығын пайдаланып, келешекте осы мүмкіндіктерді арттыруда ғана болып тұр. Арғы күні Ресей мен Қазақстан арасында ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шартқа қол қойылғанына 10 жыл толады. Бұл біздің көпжақты достық қарым-қатынасымызды дамытудың берік негізіне айналды» деді Владимир Путин.

Ресей Президенті екі мемлекеттің халықаралық аренадағы конструктивті ықпалдастығын, ЕАЭО, ҰҚШҰ, ТМД, БҰҰ және ШЫҰ аясындағы үйлесімді қарым-қатынасын жоғары бағалады. Сондай-ақ ол 2024 жылы Ресейдің БРИКС пен ТМД-ға, ал Қазақстанның ҰҚШҰ-ға төрағалығы шеңберінде өзара қолдау көрсетуге дайын екенін растады.

Келіссөз барысында мемлекеттер басшылары стратегиялық әріптестікті нығайтуға деген өзара ұмтылысын нақтылады. Өңіраралық және шекара маңындағы елді мекендер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ерекше назар аударылды. Сондай-ақ тараптар мұнай-газ өнеркәсібі, машина жасау, энергетика, көлік-логистика, денсаулық сақтау және мәдени-гуманитарлық байланыс салаларындағы ықпалдастықтың негізгі аспектілерін талқылады. Бұдан бөлек, Қазақстан мен Ресей президенттері халықаралық ахуалдың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары жөнінде пікір алмасты.

Интеграциялық үдеріс ілгерілейді

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин екі мемлекеттің ресми делегацияларының қатысуымен келіссөз өткізді. Мемлекет басшысының айтуынша, Ресей Президентінің Қазақстанға сапары екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамыту перспективасын айқындау тұрғысынан ерекше мәнге ие. Бүгінде стратегиялық серіктестік және одақтастық рухындағы екіжақты ынтымақтас­тық барлық бағытта табысты дамып келеді. «Екі елдің даму жолдарын өз бетінше әрі дербес таңдауы қос тарапқа кедергі келтірмейді, керісінше, бұл тең құқылы және өзара тиімді әріптестіктің пайдалы жағын еселей түседі. Мұны Қазақстанда да, Ресейде де жақсы түсінеді» деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен күш-жігердің арқасында Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара екі ел экономикаларының игілігі үшін белсенді жұмыс істеп жатқанына назар аударды. Мұның нақты пайдасын шекара маңындағы өңірлерде тұратын 25 миллионға жуық адам сезініп отыр.  «Ғасырлар бойы бір-бірімен қоңсылас өмір сүрген ата-бабаларымыз достық, сенім мен тату көршілік қарым-қатынастың мызғымас құндылықтарын бізге аманат етті. Біз бұл құндылықтарды сақтап, келесі ұрпаққа жеткізуіміз керек» деді Президент.

Келіссөз барысында тараптар екіжақты экономикалық күн тәртібінің негізгі аспектілерін жан-жақты талқылады. Сондай-ақ алдағы ынтымақтас­тықтың негізгі бағыттарын айқындап, денсаулық сақтау, энергетика, көлік, ауыл шаруа­шылығы, спорт және тағы да басқа салалардағы ықпалдас­тықты нығайтуды көздейтін бірқатар уағдаластыққа қол жеткізді.

Өз кезегінде Владимир Путин дәстүрлі қонақжайлығы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, шағын құрамдағы келіссөздің нәтижелі болғанын атап өтті. «Ресей мен Қазақстан – жай ғана емес, ең жақын одақтастар. Мұндай қарым-қатынас ұзақ жылдар бойы қалыптасты. Халықтарымыздың игілігіне қалтқысыз қызмет ететін байланыстарымызды нығайту дәстүрін жалғастырып отырғаны үшін Қасым-Жомарт Кемелұлына алғыс айтқым келеді» деді Ресей Президенті. Владимир Путин ауыл шаруашылығымен қатар, білім және ғылым, жоғары технология, машина жасау, химия өнеркәсібі, өнеркәсіптік өндіріс сияқты салалар ынтымақтастығымыздың басым бағыттарына айналуға тиіс деп санайды. Кездесу соңында президенттер Қазақстан мен Ресей арасындағы көпжақты қатынастарды нығайтуға және Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық үдерістерді ілгерілетуге қос тарап та бейілді екенін растады.

Уағдаластықтар халықтың тұрмысын жақсартады

Екіжақты келіссөздер аяқ­талғаннан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады.

Қазақстан Президенті ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шарттың 10 жылдығы қарсаңында өтіп жатқан Ресей Президентінің ресми сапарының мән-маңызы айрықша екенін атап өтті. «Ресей – Қазақстанның стратегия­лық серіктесі және одақтасы. Ортақ тарихқа, берік достыққа, өзара құрмет пен сенімнің мызғымас құндылықтарына сүйене отырып, біз көптеген сала бойынша өзара мүддені жүзеге асырудың айқын дәлелі саналатын мемлекетаралық қатынасты жолға қойдық. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстан Ресеймен арадағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды көздейтін стратегиялық бағытқа бейілді екенін растағым келеді» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, келіссөздер барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастыққа ерекше мән берілді. «Ресей Қазақстанның ірі сауда-экономикалық серіктесі мәртебесін сенімді түрде сақтап келеді. Соңғы үш жылда елдеріміз арасындағы өзара сауда көлемі 30 пайыздан астам өсті. Былтыр тауар айналымы, Қазақстан статистикасы бойынша, 27 миллиард долларды құрады. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Биыл да оң динамика сақталып отыр. Сегіз айдың қорытындысы бойынша сауда-саттық көлемі 17 миллиард долларға жетті. Жалпы, өзара тауар айналымын одан әрі арттыру үшін зор мүмкіндік бар. Осы орайда екі елдің іскер топтары арасындағы байланыстардың айтарлықтай жанданғаны байқалады. Ресейлік компаниялар Қазақстан экономикасындағы жетекші инвесторлардың бестігіне кіреді. Олар жалпы 20 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында ғана Қазақстан экономикасына тартылған ресейлік инвестиция көлемі бір миллиард доллардан асты. Бұл өткен жылғы деңгейден 20 пайызға көп. Өз кезегінде Қазақстанның Ресейге салған инвестициясының көлемі 6 миллиард долларға жетті. Бұл екіжақты процесс екені қуантады» деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар келіссөздер барысында өзара тиімді өндірістік кооперацияның перспективалары егжей-тегжейлі қарастырылды. Президенттің айтуынша, бүгінде бірлескен жобалар пулы 143-ке дейін көбейіп, жалпы инвестиция көлемі 33 миллиард доллардан асты. Екі елдің үкіметтеріне жобаларды сапалы іске асыру үшін жүйелі жұмыс жүргізу тапсырылды.

Бұдан бөлек, екі ел басшылары энергетика саласындағы ынтымақтастық мәселесін және ірі мұнай-газ жобаларының жүзеге асырылу барысын талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев оңтүстік бағыттарға Ресей газын жеткізу жобасын одан әрі дамыту, Қазақстан арқылы Қытайға тасымалданатын Ресей мұнайының транзит көлемін ұлғайту, сондай-ақ Каспий құбыр консорциумының (КҚК) тұрақты жұмысын қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті.

Келіссөздер барысында көлік-транзит саласына ерекше назар аударылды. Президенттер екі елдің аумағы арқылы өтетін көлік дәліздерін үйлесімді дамыту ісіне күш салуға уағдаласты. Екі ел басшылары бұған дейін өзінің тиімділігін көрсеткен жыл сайынғы өңіраралық форум өткізуді жалғастыру қажет екеніне тоқталды. XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумының негізгі тақырыбы ауыл шаруашылығын дамытуға арналды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі елдің агроөнеркәсіп саласындағы тауар айналымы 24 пайызға артып, 3,6 миллиард долларға жетті. Форум аясында  Қазақстан мен Ресейдің аймақтары мен кәсіпкерлері арасында көптеген келісімге қол қойылды. Сонымен қатар өзара тиімді жобаларды жүзеге асыру жөнінде нақты бастамалар көтерілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздер барысында денсаулық сақтау, энергетика, ауыл шаруашылығы, спорт және басқа да салалардағы серіктестікті нығайтуға бағытталған бірқатар маңызды құжатқа қол қойылғанын жеткізді. Мемлекет басшысының айтуынша, аталған уағдаластықтардың толыққанды жүзеге асырылуы Қазақстан мен Ресей азаматтарының тұрмыс сапасын жақсартуға оң септігін тигізеді.

Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шартқа қол қойылғанына он жыл толуына орай Қазақстан Республикасының Президенті мен Ресей Федерациясы Президентінің бірлескен мәлімдеме жасады.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button