Басты ақпаратРуханият

Мәдениет мәйегіне құрт түссе…

Бұл бұрыннан да бір айтылып, басылған әңгіме еді. Қазақтың киелі домбырасының арқасында аузы аққа тиіп, ел танитын адамдардың қатарына қосылып, ақырында біршама топқа көсем болған кісінің домбыраны «шайтанның даңғырағы» дегенінен кейін бір дүрбелең басталған болатын.

Содан не керек, ҚМДБ мәлімдеме жасап, «сан ғасырдан бері ислам дінін ұстанып келе жатқан қазақ халқы ұлттық аспабымыз – домбыра арқылы ән, терме-толғау шырқап, тыңдаушыны имандылыққа, ізгілікке, адамгершілікке, Отанды қорғауға, ата-анамызды қадірлеуге шақырған» деді. Яғни харам емес деп ақталды. Ақталды дейтініміз, мәдениетіміздің қаймағын бұзған тентекті тезге салмаған соң, басқаша не де­йік? Осылайша елді шулатқан дау саябырсығандай болып еді. Алайда ерте қуаныппыз. Сөйтсек, мұның астарында басқа нәрсе жатыр екен.

Жақында үлкен бір шараның айналасында, жиналған қауымға насихат болсын деп елден шыққан талантты өнерпазға Шәді төренің «Пайғамбардың миғражға сапарын» домбырамен не гармоньмен сүйемелдеп айта қойсын дегенімізде әсіредіншілдер, меніңше, көлеңкесінен қорыққан «дүмшелер», ойбай салып болмайды деген соң, көпшілік соның ығында кетті.

Меніңше, бұл сылтау ғана, оның ар жағында қаскөйлер­дің дәстүрімізді мансұқтау, әдет-ғұрпымызбен бірге ұш­тасқан діни дастандар мен терме-толғауларды халыққа жеткізіп, тамсандырмаудың амалы жатқандай көрінді. Сол жерде «Кешегі өткен заманда, дін ислам аманда» деп басталатын жырларымыз адыра қалып, шынымен де, оның «аман» кезін жоқтайтын кезіміз жақындап қалғандай көрінді. Жарайды, сол жарықтықтар халықты аздыратын ырду-дырду біткенге қарсы тұрса жақсы ғой, керісінше, мәдениетіміздің мәйегі – насихат жырының тынысын тарылтып жатыр.

Қарт Қаратаудың ар жақ-бер жағындағы кең таралған осы бір мәдениетіміздің керегесі алтыннан соғылған мектебінің жыршы-жыраулары таңды-таңға ұрып жырлайтын. Кеңестік кездің өзінде де теледидардан әр өңірдің жыршылық дәстүрі насихатталып жататын. Қисса-дастандарды, терме-толғауларды үздігіп тыңдаған жұрттың көзі ашылып, бір серпіліп, өзін нағыз қазақ сезініп қалушы еді. Енді домбыраның сыл­тауымен жыр-дастан жырлайтын өнерпаздардың да көмейіне құятын қорғасынды балқытып жатқан сияқты.

Неше ғасырдан бері қалыптасқан ұлттық наным-сеніммен, әдет-ғұрыппен ұштасқан төл әдебиетіміздің үлгілерін тынбай насихаттау арқылы халықтың санасына түскен дерттің бетін қайтаруға болатын шығар. Бұл ретте аузы дуалы халқымыздың бетке ұстарларының бұғып қалуы – қасірет. Сол жақсыларымыз үстемдікке ұмтылған идеологияның жыртысын жыртса, ол да сор

Бұл кімге тиімді? Білмеймін! Бірақ ұлтымыздың ұлт болып қалуы мәдениетімізбен тығыз байланысты екенін жақсы білемін. Біздің сорымыз­ға қолайына келгенін үгітіп жіберетін жаһанданудың алып диірменімен қоса «шынайы ислам» атын жамылғандар дәстүріміздің діңгегін біртіндеп суырып, өзге мәдениеттің қанжығасына байлағалы жатқандай. Әлемде болып жатқан қақтығыс, қанды соғыс, табиғи апаттардың қасында руханиятқа қарсы бағытталған мылтықсыз майдан жаман екен, ұлттың өзегіне түскен жегідей тиген жерін жалмайтын түрі бар.

Бұл майдан ислам атын жа­мылған соң, жаратылысымыздан момынбыз, мұсылманбыз, күмілжейтініміз де рас. Десе де шетел мәдениетінің, өмір салтының үстемдігіне талпынғандарға ашық қарсылық білдіру қиынға соғып барады. Мұндай ұлттық мәдениетті басып-жаншу және ақырында оның жоғалуына алып келетіні анық. Егер қазірден көзіміз ашылып қарсы шықпасақ, түбі кеш қаламыз-ау. Оны жаңғыртуға арнайы күш-жігер жұмсалмаса, қайтымсыз болуы мүмкін. Бұл жерде мәдениет өз мағынасында ұлттың өсуін қамтамасыз ететін құнарлы топырағы екенін есте ұстаған жөн. Егер ұлт мәдениеті жоғалса, ізінше ұлт та жойылып, оның орнын басқа мәдениет иелері басады.

Әрине, ұлт жойылады дегенде барша халық бір жаққа ауып кетпейді. Алайда діні, тілі, болмысы қазаққа жат жаратылыс қазақ даласында жасайды. Осылайша мәдениеті­міздің құнарлы топырағында бөтен мәдениеттің үстемдігі орнап, оның құндылығының дәні өркендеп, қаулап өсе береді. Өзгенің салқыны ұлт санасын шарпыған сайын ішер асы мен киер киімінде ақырындап көрініс тапқанының шет жағасын көріп отырмыз.

Меніңше, неше ғасырдан бері қалыптасқан ұлттық ­наным-сеніммен, әдет-ғұрыппен ұштасқан төл әдебиеті­міздің үлгілерін тынбай насихаттау арқылы халықтың санасына түскен дерттің бетін қайтаруға болатын шығар. Бұл ретте аузы дуалы халқымыздың бетке ұстарларының бұғып қалуы – қасірет. Сол жақсыларымыз үстемдікке ұмтылған идеологияның жыртысын жыртса, ол да сор. Дегенмен сол мәдениеттің бір бөлшегі – дастан-қисса, толғау-терме бұқараның құлағында жүрсе, патриоттық үгіт-насихаттың бір құралына айналса, бастап­қы кезде айтарлықтай деңгейге жетпесе де, бара-бара қазығымызға қайта оралғанымызды сезбей қаламыз. Осындай ұлан-ғайыр жұмыстың нәтижесінде ұлттық болмыстың негізіне айналатын жетілген ұлттық сананың тамырына нәр жүгіріп, діңі жуандайды.

Ұлт жойылады дегенде барша халық бір жаққа ауып кетпейді. Алайда діні, тілі, болмысы қазаққа жат жаратылыс қазақ даласында жасайды. Осылайша мәдениеті­міздің құнарлы топырағында бөтен мәдениеттің үстемдігі орнап, оның құндылығының дәні өркендеп, қаулап өсе береді. Өзгенің салқыны ұлт санасын шарпыған сайын ішер асы мен киер киімінде ақырындап көрініс тапқанының шет жағасын көріп отырмыз

Қазіргі күні бір рухани дағ­дарыстың орын алғанын бәріміз сезіп-біліп жүрміз. Түсін түстеп айта алмағанмен, оның салдары жаман екенін көз алдымызға тура елестете алмасақ та, ақылымызбен ұғамыз. Негізі, адам баласы да қатты дертке шалдығар алдында осылайша дел-сал болып мазасы қашушы еді…

Жәкен ОМАРОВ, дәстүрлі әнші-термеші:

– Ежелден айыр көмей би-шешендеріміз, ақжарма ақындарымыз болашақ ұрпақтың көкірегіне иман нұрын жырмен құйғаны кәміл. Оған дәлелді деректер жетіп артылар. Қазақтың қамын ойлаған ер-азаматтар ел мен жердің, жерде қаулаған түрлі шөп пен өсімдік болсын, аспандағы жұлдыздардың атауына қосып, ел қорғаған батырлардың есімін бала күнінде ертегі һәм дастаннан танып-білгенін мақтанышпен еске алады. Жақсы мен жаманды, ақ пен қараны айырып, азамат болып қалыптасуына ұлтының салт-дәстүр, әдет-ғұрпын бойына сіңіруге ғасырдан-ғасырға жетуіне ән-күй, жыр-терменің үлесі шексіз екенін осындай ұлттың ұлы болғанын қуана жер-жаһанға жар салып айтуы осыны айғақтайды. Асыл дініміз – исламның бес парызын қисса-сул әмбиадан һәм Мұхаммед пайғамбарымыздан (с. ғ. с.), төрт шадиярдан бастап оның үлгілі өмір тарихын жырға салған бабаларымыз исламның бес парызы һәм уәжіп-сүннеті қазақтың ғұлама шайырларындай бізге кім жеткізер? Осы күнде қайбір әсіредіншілдер домбырамен ән айтып, жыр жырлауға тос­қауыл болмақ ниеті олардың көп біліп, көп оқығанына шүбә туғызады. Мәдениетіміздің өзегі саналатын хикметті ән-күй, жыр-терме, ертегі-дастан – біздің елдің тарихы. «Тарихсыз ел – тамырсыз ағаш» деген данышпан ғұламалар, сондықтан өз тамырымызды өзіміз жетілдіру үшін бүкіл жүкті тек дін басқармасына артып қоймай, ел болашағы үшін ел-халық болып әрекет еткеніміз жөн шығар-ау.

Елікбай ИСА, жыршы-термеші:

– Өзім Астанаға 1999 жылы келдім. Бұл ағым бір құдіретке жеткендердің ел байлығын алаңсыз қарбытуына кедергі жасамасын деген оймен халықтың назарын басқаға аудару үшін әдейілеп жіберілген ылаңдай көрінеді. Турасын айтсаң туғанға да жақпайсың, шындығына келсек, 2006-2007 жылдардан бастап елімізге дін бұзғыштар қаулап келіп, елдің дәстүрлі сеніміне, әдет-ғұрпына бірқатар өзгеріс алып келуге талпынды.

Елорданың музыка академиясында жұмыс істеп жүрген кезімде алдымен атойлап зікіршілер шықты. Ұлт өнерінің тұнығына бас қойған жастарымызды өз қатарына тарта бастады. Ізінше «өлең емес, зікір саламыз» деп шәкірттер оқудан бас тартқанда, ректорымыз Айман Қожабекқызы бар, бәріміз жиылып «мынау не болып кетті?!» деп қатты алаңдадық. Содан шәкірттеріме Қаратау өлкесінің жыр мұрасын жетесіне жеткенше жырладым-ау. Асан қайғы, Бұқар жырау бабамыз қолында домбырасымен жырлап өткенде, Құрманғазы бабамыз күйімен күңіренткенде намаз оқымады ма екен? Міне, солардың бәрін ақымақ қылып, кеше ғана туған сендер ақылды болып қалдыңдар ма? Өз әкеміз де жамбасы жерге тигенге дейін намаз оқып кеткен. Сол кісіден намазды да, жыр­ды да үйрендім. «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Мұңлық-Зарлық», «Қырымның қырық батыры» деген талай қиссаны жаттатып, дініміз де, салтымыз да, әдет-ғұрпымыз да, соның ішінде дегендер, ақымақ болып па?! Осылайша шәкірттердің өрекпіген көңілін бастық. Бүгінде олар өнерін жалғастырып, мәдениет саласында жүріп бала-шағасын асырап отыр. Көрген жерде рақметін айтады.

Одан кейін елге келіп лаң салған бөтен ағымның айтақ­тауымен «домбыра – харам» деп тағы да мәдениетіміздің мәйегіне тиісті. Терменің өзін кейде айтқызса, кейде айтқызбай қалады. Өйткені термемізді алдымен тыңдап алады. Мынау болады, мынау болмайды деп, дәстүрлі діни жырыңды жырымшылап бітеді. Мәселен, үлкен концерттерде бір шумағын не екі шумағын ғана айт деп қысым көрсетеді. Одан терменің мазмұнын жеткізіп, құлақтың құрышын қандыра аласың ба?!

Терменің өзі бертінде қысымшылықтан туындады. Көнеден келген жырымызды айтқызбай тастағанда, ақын-жыршыларымыз ұлттың болмысын сақтап қалу үшін қисса-дастандарды ықшамдап, термелеп, өзегін ғана жеткізе білді. Құдайсыздар оның алдындағы қазақты шоқындыруға жырымен бөгет болып, қазағым өзін-өзі тәрбиеледі емес пе? Бұл – халықтың руханиятына қол сұғу, қазақты бұзу. Халқымыз қырық жыл қырғынның өзінде де жырын тоқтатқан жоқ еді. Енді келіп мына заманда қажеті болмай жатыр. Бұл салафилердің, оған жақындаған адамдардың ықпалымен болып отыр. Іштен шалып, шетінен қырып жатқан үдеріс бар. Телеарнаның өзіне біздің жыр-термелерімізді қосуға уақыт бермей жатыр ғой. Демек, басшылықтың өзінде жат ағым елесі бар, қолайлы уақыт құрып қалғандай, бізді көрсетсе де, түнгі үш-төрттен кейін көрсетеді. Оны кім қарайды?

Бабалар мұрасына қиянат жасауға мүлдем болмайды. Өзім Қаратау өңірінің жыршылық мектебін зерттегеніме он жыл болды. Майлықожа, Молда Мұса, Мәделі қожа, Бұдабай, Ергөбек, өз ұстазым Қайыпназар Әйтпенов бабаларымыздың мұрасын түгел жинап, қазақтың жыршылық мәдени көшіне қостым. Ендігі жерде асылдарымыздың жыр мұрасы халыққа жетпей, текке кеткені ме деп үрейленіп отырмын. Тойларда домбыра шертіп, жырымыз­ға кезек бергенде, халық жоғалтқанын тапқандай өре түрегеледі. Кейде көзіне жас алып қамығады. Неге біз өз дәстүрімізден аттап өтіп, жат ағымның жетегінде кетуіміз керек? Соларды тоқтатып, ел ағалары, халықты ізіне ертіп жүрген депутат-министр­леріміз бар, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жат ағымға қарсы тұрсақ, ел адасып, дәстүрінен безінбес еді…

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button