Тағзым

ТАРИХТАН СЫР ТАРТҚАН



     клара-апай                                      

Өткен ғасырдың соңғы он жылдығы… Дәлірек айтқанда, 95-ші жылдың жадыраған жазы. Ауылдан Ақмолаға арман қуып келген баламын. Қаланы да анық білмеймін. Әйтеуір, елден бірге шыққан екі сыныптас досым, вокзалға жақын болғасын ба, құжаттарын Ақмола ауыл шаруашылық институтына тапсырды. Амал жоқ, мен де солардан қалмай құжаттарымды аталған оқу ордасына өткіздім. Алайда, «ішімде журналист болсам» деген тәп-тәтті арманым да бар еді… Балалық қой, әйтпесе, осы қалада Сәкен Сейфуллин атамыз атындағы педагогикалық институт бар екенін, сол жылы онда алғаш журналистика факультеті ашылғанын білсем де болады екен. Сәтін салып, жоғары оқу орнына түсіп кеттім. Инженер-механика факультетінің студенті атандым. Амал жоқ, жүрегім қаламаса да білдей бір институтта оқиды деген абыройдың өзі неге тұрады? Әйтеуір, анам қатты қуанды. Сабақ та басталып кетті. Толған сызудан бас алмаймыз. Соның арасында жүріп, өлеңімді де жазып қоямын. Бірде қаланы аралап жүріп, облыстық «Арқа ажары» газеті редакциясын тауып алдым. Жұмабике Егінбаева деген ақын кісі апарған екі-үш өлеңімді алып қалды. Бір күні облыстық газетте ақын апайымның алғы сөзімен өлеңім жарияланды. Кәдімгідей қанаттанып қалдым. Тағы бірде жергілікті қаламгер ағамыз мені қалалық Оқушылар сарайында ашылған «Арай» студиясына алып барды.

 Жиналғандардың дені – өзім секілді өрімдей жастар. Қатарымыз да көп емес. Әрі кетсе, бес-алтаудан аспаймыз. Аса инабатты, қазақы киінген жасы үлкендеу апай сыпайы сөз бастап, осы құрылған студия туралы, оның өзіміз секілді қазақтың әдебиетке жақын балаларына «ата жолын ұмытпасын, салт-дәстүрді дәріптеп жүрсін» деген ниетпен құрғанын байыппен айтып өтті. Арасында осы жердің тарихы жайлы, ерен тұлғалар туралы да сөз қозғады. Жып-жылы майда сөйлейді екен. Бізді «айналайын» деп еркелетіп қояды. Бұл өлкетанушы – Клара Әмірқызы еді. Мен Клара апаны алғаш осылай көрдім. Кейін де көріп жүрдім. Бірақ, маған алғаш көрген осы сәт есімде ерекше қалды.

                                «Терең өзен бұлқынбай ағады»   

Өмірде басқан ізі білінбейтін, көп дуылдаған ортада көрінбейтін, еңбегі ерен, танымы терең тұлғалар болады. Олардың кісілігі де, кішілігі де басқалардан жоғары тұрады. «Терең өзен бұлқынбай ағады» деген аталы сөз осындай ардақтыларға арналса керек.

Ол кісі 1925 жылы 13 наурызда Атбасар ауданы Ерікті ауылында дүниеге келген. Балалық шағы  да бақытты болды дей алмаймыз. Сол кездегі қоғамда орын алған дәулетті адамдардың мал-мүлкін тәркілеу, отызыншы жылдардағы алапат аштық секілді ел басына түскен ауыр нәубеттің бәрін көрді. Одан кейінгі қырқыншы жылдары екіншідүниежүзілік соғыс басталады. Елдегі ер азаматтардың барлығы майданға тартылып жатқанда,  ол кісі оныншы сыныпта оқып жүрген оқушы еді. Алайда, уақыт талабына орай, аталған оқуды аяқтамастан, енді өзі де соғысқа алынған ұстаздардың орнына мұғалім болып еңбек ете бастайды. Балаларға білім дәнін себе жүріп, Көкшетау педагогикалық училищесін тәмамдайды. Табан аудармастан он жеті жыл бойы орта мектепте ұстаз болған аяулы жан 1963 жылы мәдениет саласына ауысады. Атбасар қаласындағы №2 кітапхананың негізін қалайды.

 Жалпы, апайдың қайраткерлік қыры осы салада жүргенде барынша ашылады. Оның себебі де бар. Сол шақта, солтүстік өңірлерге тың игеру саясатымен лек-лек келген өзге жұрт өкілдері кеңірек қоныстанады. Жергілікті халық шеткерілеп, жетім баланың күйін кешеді. Қазақ мектептері жабылады.  Барлық елдімекендердің көне атаулары ұмытылып, оларға жаңа есімдер қойылады. Сөйтіп, қазақ жұрты өз тамырынан ажырай бастайды. Жас ұрпақ жат тілде білім алып, өз тарихынан бейхабар өседі. Осы жағдайлардың барлығы елім деген, жерім деген кез келген адамның жаныңа бататын ауыр қасірет еді. Әсіресе, Атбасар секілді қазақтың құйқалы өлкесі осындай жағдайды бастан кешті. Осындай ауыр зардапты жан-жүрегімен түйсіндірген Клара апай, өзі  қалаған №2 кітапхананың жанынан өлкетану мүйісін ашады. Бұл бүгінгі Атбасар өлкетану мұражайының алғашқы іргетасы еді. Кейін ол  аудандық музей дәрежесіне көтерілді. Оны ашу үшін де ол кісіге оңай болған жоқ. Жаяу-жалпылап, өзі туған өлкесі жайында дерек іздеп, архив қопарып, үлкендерден шежіре шертіп, көне мазарлардан сыр саулап, дамылсыз еңбек етеді. Бармаған есігі қалмайды. Ақыры, өз мақсатына жетеді. Нәтижесінде, Атбасардың тарихи-өлкетану мұражайы бой көтереді. Одан әйгілі жазушы, осы жерде дүниеге келген Ілияс Есенберлиннің мұражайы жеке отау болып, бөлініп шығады. Бүгінде қаладағы қос мұражай қалың тарихтан сыр шерткен, жәдігері мол бірегей музейлер санатында. Осы істің басында Клара Әмірқызы тұрды.

                       Жаһандағы жалғыз бәйтерек

Ардақты тұлға көп жылдар бойы осы Ақмола атырабының тарихын зерттеп, зерделеп, тұшымды деректі дүнилерді өмірге әкелді. Кейінгі ұрпақ біле бермейтін қаншама тарихи оқиғаларды жазды, есімдері ескерусіз қалған тұлғалар туралы қалам тербеді. Мәселен, «Атақоныс ақиқаты» атты кітабында мынадай бір дерек келтіреді: «Ел қамы үшін артында жақсылық ісін қалдырған аға сұлтан Ыбырай Жайықбаев Астанаға жақын жерде зиратсыз, белгісіз төмпешік болып жатқанын осы болыстарға қараған ата баба қоныстар жайын зерттей бастағанда білдім. Ол төмпешіктің қай жерде екенін білетін көзі тірі ұрпағы Қасенұлы Айтмұқыш қарт Ақмола теміржолы стансасының арғы бетіндегі ауылда тұрады». Ал, Ыбырай Жайықбаев кім десек, өз заманында Ақмола дуанының аға сұлтаны болған, зерделі, дәулетті тұлға. Әрине, осындай алып адамның елеусіз бір төмпешік болып жатқаны да жанға батады. Ол кісі Күшікбай батыр туралы да көлемді дүние жазды. Әсіресе, апайдың бұрмаланған ел-жер су аттары жайлы жазған дүнииелері өзінің тарихи деректілігімен, нақтылығымен, бастысы, шынайылығымен құнды саналады. Ұлт тарихы ел жадынан шыға бастаған сол бір алмағайып шақта, апайдың барлық болмысы маған жаһан даладағы жалғыз тамырын тереңге жіберіп, көгеріп, көктеп тұрған бәйтеректің бейнесін береді. Өйткені, ол кісінің саналы ғұмыры қазақ деген ұлт қалай ұлт болып қалады деген мақсат та болғаны анық. Осы жанқиярлық жолдағы еңбегі тек ЕРЛІК деп айтуға болады. Зерделі жанның қайсар қаламынан «Ауылым Атамекенім», «Аза тұтар ардағымыз», «Атақоныс ақиқат», «Атақоныс аманат» атты кітаптар дүниеге келді. Ол кісі көзі тірісінде қазақтың талай зиялы тұлғаларымен жақын араласқан.

                                     Елордадан бір көше бұйырса…

Биыл  ардақты тұлға тоқсан жасқа толды. Амал не, өзі дүниеден озса да аяулы жанның есімі ескерусіз қалған жоқ. Осы жылдың басында Атбасар қаласында зерделі тұлғаның тоқсан жылдық тойы өз дәрежесінде аталып өтілді. Оған абзал жанның артында қалған балалары да қатысты. Ол кісі қым-қуыт шаруаның арасында жүріп, дүниеге ұрпақ әкелген ардақты ана. Бүгінгі таңда Атбасар қаласында ол кісінің есіміне бір көше берілген. Алдағы уақытта осы қаладағы тарихи-өлкетану музейіне аяулы тұлғаның есімі берілсе деген жерлестерінің ұсыныстары да бар екен. Оны өте құптарлық іс деп айтуға болады.

– Аяулы анам жайлы көп нәрсе айтуға болады. Өте ақылды, байыпты, ішкі мәдениеті жоғары, сыпайы, инабатты адам болатын. Жалпы, адам баласына артық сөз айтпайтын. Ұлттық құндылықтарды ерекше бағалайтын. Жүрген жерінде соны дәріптеп отыратын. Анам үй тіршілігіне де епті болды. Әкем екеуінің бір-біріне сыйластығы да керемет еді. Көлікті өзі  жүргізетін. Ол кісі көзі тірісінде барлық дүниелерін кітап қылып жарыққа шығарды. Бүгінгі таңда анамның жеке архивінде зиялы қауым өкілдерімен жазған хаттары сақталған. Онда да ұлттық  мұраттар жайында айтылған өзекті ойлар бар. Биыл Атбасар қаласында анамның тоқсан жылдығы өз дәрежесінде атап өтілді. Оған біз барып қатыстық. Жерлестері ол кісіні ешқашан ұмытпайды. Үнемі дәріптеп отырады. Соның өзі бізге үлкен қуаныш, – дейді ардақты тұлғаның қызы Гүлнәр Қабдрахманқызы.

Түйін: Өнегелі өмірімен елдің есінде қалған Клара апамыз біздің «Астана ақшамы» газетінің тұрақты авторларының бірі болған еді. Осы орайда, өмірде «ақырын жүріп, анық басып» туған жерінің тарихын түгендеп өткен аяулы тұлғаға өзі топырақ бұйырған Астана қаласынан бір көшеге есімі берілсе, зерделі жанның әруағы бір аунап қалар еді..!

  Азамат ЕСЕНЖОЛ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button