Жаңалықтар

ТАСБАУЫР



886

Күлпан әжейді шырт ұйқыдан үздіксіз безілдеген есік қоңырауы оятты. Таяғына сүйеніп, төсегінен шақ көтеріле жарықты жағып еді, сағат түнгі үш екен. «Жеті түнде тыныштықты бұзған бұл кім болды?» деп күңкілдей есікке беттеді.

«Есікті аш, есікті аш» деп қайта-қайта қоңырауды басқанынан немересі екеніне шүбәсі болмады. Тілі күрмеліп, әрең сөйлеп тұр. Тағы да «тентек суға» сылқия тойып алғаны анық. Жасы сексенді еңсерген кейуананың жүрегі әлденені сезгендей босағаға таялып келіп, ұзақ тұрды. Есікті ашпайын десе, ит те болса жалғыз немересі, ашайын десе, өткендегідей тағы мазасын алып, ұйқы бермесі айдан анық. Дегенмен, осындай ой құшағында тұрып, әжесі есіктің кілтін қалай бұрап жібергенін өзі де байқамай қалды. Көз алдында жүзі әлемтапырақ, шашы ұйпа-тұйпа адам бейнесіндегі құр сүлде тұрды.
– Мынауың не жүріс, шырағым? Өзіңді-өзің сыйлап, ел қатарлы адам болмайсың ба? – деуі мұң екен, ішке тәлтіректеп шақ енген сабазың ақ жаулықты әжесінің кеңірдегіне жармасты.
«Маған ақыл үйреткенше, кәрі қақпас, «басымды жазатын» жағдай жаса. Тез ақша тауып бер» деп, өзіне жанашырлық танытқан адамды аямай сілкіледі.
Күлпан әжейдің сол күні зейнет­ақысын алғаны рас еді. Алайда, өзі де қасқалдақтың қанындай мардымсыз пұлды дәрі-дәрмегі мен пәтерінің «оны- мұнысына» жұмсағанда, қолында ай бойы талғажу ететін тамағына болар-болмас тиын қалды. Оны тас қараңғыда төсегінен тұрғызып алып, қылғындырып жатқан мына арсыздың қолына қалай ұстатады?!
«Жоқ!» деді кемпір, тынысы тарылып бара жатқандықтан екі қолын жоғары көтеріп, «бар ақшама бүгін азық-түлік алып қойғанмын. Кеудем қысылып барады, босатшы, айналайын!».
«Өтірік айтасың, алжыған, егер ақша бермесең, өз обалың өзіңе, аямаймын» деп одан сайын есіріп, сұрағанын ала алмасына көзі жеткен соң, қолы мен аяғына ерік берді. Кемпірді бас-көзге қарамай төмпештеп, тепкілей бастады. Үш-төрт соққыдан соң есінен танып қалған егде адамның үстіндегі киімін тегіс тінтіп шықты. Сыртқа іліп шығатын желегейінің қалтасына дейін сүзді. Үйдің ішін ақтарып, «осында ақша тығуы мүмкін-ау» деген жердің бәрін тіміскіледі. Жастайынан бетіне жел болып ешкім тимеген жүгірмек жүгенсіздіктің шегінен аттап, әжесінің сандығын бұзды. Ақша таппады, алайда, жасы ұлғайған жанның «әлде қан­д­ай күн болады» деп жинап жүрген бет­ке­­ұстар дүниелерін қолды қылып, жаны қиналып, қырылдап жатқан әжесінің үстінен аттап өтті де жайына кетті.

Күлпан әжейдің жалғыз қызы Әмина Күзекованың балалық шағы жайма-шуақ бола қойған жоқ. Екі аяғымен жер басқанмен, пенде шіркіннің іздегені табылып, көксегені кезігіп, ойлағаны орындала бере ме?! Әкесінен ерте айырылған қаршадай қызды шешесі жалғыз тәрбиеледі. Мектепті ілініп-салынып бітірген соң одан әрі оқуға ынтасы да, мүмкіндігі де болмады. Қатарлары білім қуып, жан-жаққа кетіп жатқанда ол Целиноград қаласындағы кәсіптік-техникалық училищеге түсіп, сылақшы-бояушы мамандығын алып шықты. Көп ұзамай автопаркке жұмысқа орналасты. Осында болашақ күйеуі Болатпен танысты.
Алғашында жас қыз ел қатарлы отбасы болғанына қатты қуанды. Өзінен бес-алты жастай үлкен жігітті арқа тұтып, қамқоршым болады деп ойлады. Алайда, қуанышы ұзаққа созылмады. «Өмірдің ащы-тұщысын бірге татамыз» деп болашаққа қол ұстасып аттанған күйеуі екі-үш ай өтпей жатып, нілдей бұзылды. Ішімдікке салынды. Қол жұмсайтынды шығарды.
Әминаның жалғыз шешесінен басқа арқа сүйер ешкімі жоқ екенін жақсы түсінген ол келе-келе, тіпті, басынып кетті. Араққұмарды кім ұнатсын, істеп жүрген жұмысынан айырылды. Барлық күнкөріс мұның аздаған табысына қарап қалды.
Әмина шыдап бақты. Өйткені, айы-күні жақындап жарық дүниеге келер сәбиін күтіп жүрді. Мүмкін, өмірге бала келгесін есі кірер, ішуін, қол көтеруін қояр деп үміт­тенді. Алайда, үміті ақталмады.
Осылай ұрыс-керіс, берекесіз тірлікпен күн артынан күн жылжып, арада жыл жарымдай уақыт өтіп кетті. Болат сол таңертең кетіп, кеште ішімдікке сылқия тойып келуден танбады. Бірде түн ортасында қасына екі маскүнем «досын» ертіп келіп «менің қонақтарымды дұрыс қарсы алмадың» деп, ойран салды. Есі кіресілі-шығасылы нақұрыс қолына түскен ауыр нәрсемен мұның кеудесінен ұрып, есінен тандырып тастады. Көзін ашса, асүйде жатыр екен, төсі күп болып ісіп кетіпті. Ол кейін осының зардабын көп тартты. Дер кезінде дәрігерге көрінбегендіктен, келе-келе ауру ушығып, келіншектің омырауын кесуге тура келді.
Алайда, кемсіту, ұру-соғу тоқ­тамады. Осындай бір айқай-шудың үстіне көршісі келіп, полиция шақыртқаны бар. Әйелін күнде соққыға жығатын жуан жұдырықты органның адамдары алып кеткенімен, жәбірленуші «талабым жоқ» дегесін көп ұзамай босатып жіберді. Кейін ол бұл туралы көршісіне: «өзімді ұрып-соққанымен, сәбиім үшін кешіре салдым. Баламның әкесі ғой» деп күрсініпті.
Арада тағы бір жыл уақыт өтті. Бұлардың айқай-шуы мен дау-да­майына көрші-көлемнің құлағы үйреніп болған-ды. Учаскелік инс­пектор да Болат Мақановты жанжал шығарып, отбасының бе­рекесін алғаны үшін бірнеше рет он бес тәулікке қамағаны бар. Бірақ, одан ол түзеліп кете қой­ған жоқ. Керісінше, кеудесінде өшпенділік оты өрши түскенге ұқсайды.
Сол күні кеште Әмина Күзе­кова үш жасар баласын шомылдырып, төсегіне жатқызып, ұйық­­татқаннан кейін күнделікті ас­үйдегі шаруасына кіріскен еді. Қасына екі ер адамды ілестіріп, күйеуі кіріп келді. Табалдырықтан аттар-аттамастан «Бұлар менің қонақтарым, тамақ әзірле, шөлмек әкел» деп бұйыра сөйледі. Мезгіл түнгі он бірдің шамасы еді. Ол бала ұйықтап жатқанын айтып, үш еркектің үйге кіруіне қарсылық білдірді. Әрі үшеуінің де үстерінен жағымсыз иіс шығып, қолқаны қабатын. Үсті-басы кір-қожалақ, жуынбаған адамдарды келіншек үйге кіргізуден үзілді-кесілді бас тартты. Жағдайды байқаған «екі қонақ» кейін бұрылып шығып кетті де, күйеуі әдетінше әйелімен «мәселе талқылауға» кірісті.
Бұл туралы келіншек сотта былай деп баяндады: «Достарымды қарсы алмадың» деп айғайлап, үйді басына көтерді. Бірнеше ыдысты сындырды. Менен араққа ақша сұрады. Бермейтініме көзі жеткен соң, мені ұра бастады. Қатты дыбыстан бала оянып, жылаған соң амалсыз жанжалын доғарды. Бірақ, мұнымен тынған жоқ, «анамның туған күніне сыйлармын» деп сатып алып қойған радиоқабылдағыш бар еді, соны алып кетті. Кейін анықталғанындай, оны екі шөлмек араққа ауыстырып, үшеуі бөліп ішіпті. Екінші рет үйге оралғанда қатты қаһарланып келді. Жатын бөлмеде жатқан мені шашымнан сүйреп, асүйге алып келді. Тамағыма пышақ тақады. Енді
болмаса, бауыздап жіберейін деп тұр. Қолымды көтеріп, сөйлеуге ишара жасадым да «қазір ақша бере­мін» дедім. Ол пышағын алып үстелдің үстіне қойды да мені босатты. Сол сәтте шапшаң қимыл­дап, үстелдің үстіндегі пы­шақты қолыма алдым да «шық үйден, антұрған, әйтпесе өлті­ремін» дедім. Бойымды бір ба­тылдық биледі. Ашу ма, ыза ма түсі­ніксіз құбылыс көкейіме ты­ғыл­ды. Тағы да «шық үйден!» деп шыңғырғанымды білемін. Сол кезде ол маған тұра ұмтылды. Мен де екпінмен пышақты қарсы жұм­садым. Сабы ағаш суық қару кеудесіне «пырс» етіп кіріп кетті де қою қара қан атқылады. Ол кеудесін ұстап құлап бара жатты. Мен де есімнен танып қалыппын…»
Қатты ашу үстінде күйеуін пы­шақтап өлтірген Әмина Күзековаға сот жеті жыл үкім кесті.

Қызы қамалғаннан кейін Күлпан әжей немересі Есенді бауырына басты. «Жалғыз қызымның баласы, шешесі болса абақтыда отыр. Ешкімнен кем болмасын» деп бетінен қақпай өсірді. Алайда, бала қанына тартты ма, көше тәрбиесі әсер етті ме «қиын», салқамсоқ болып өсті. Мектепте оқуды маң­дытпады. Тоғызыншы сыныпты бітіріп, кәсіптік-техникалық училищеге түсіп еді. Мұнда да бұ­зақылықпен аты шықты. Түр­меден босап келген анасымен бірге тұрудан бас тартты. Он бес-он
алты жасында ішімдікпен ауызданды. Келе-келе маскүнемге ай­налды. Енді, міне, мойнына туған әжесінің қанын жүктеп отыр.
Қылмыс жасаған уақытта оның жасы он сегізге төрт күн толмаған екен, сот соны ескерсе керек, ас­қан қатыгездікпен адам өлтірген Есен Мақановты сегіз жылға бас бостандығынан айырды.
P.S. Белгілі себептерге байланысты мақала кейіпкерлерінің аты-жөндері өзгертіліп алынды.

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button