Ел тынысы

Татулықтың бесігі



Достық үйінде Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының ұйымдас­тыруымен Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Халық бірлігі – адал мемлекеттің негізі» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті. Басқосуға қатысқан ҚХА мүшелері, қалалық мәслихат депутаттары, ғалымдар, қоғам қайраткерлері еліміздің өсіп-өркендеуі жолында барлық этникалық топтың бірігуінің маңызын атап айтты.

Астана қаласы әкімдігі Ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары  Ләззат Құсайынова Бірлік күні мерекесінің жыл сайын жаңаша сипат алатынына тоқталды.

«Еліміздегі маңызы зор мерекелердің бірі – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында бас қосып отырмыз. Бұл мереке өз бастауын сонау 1996 жылдан алады. Жақында Қазақстан халқы ассамблея­сының 33-сессиясы өтіп, сол жиында ҚХА төрағасы сессияның күн тәртібіндегі «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» тақырыбында тәуелсіз Қазақстанның стратегиялық бағытын ­көрсететінін қадап айтты. Президент сол жиында қай кезде де бірлік пен ынтымақ еліміздің саяси бағдарының басты құндылығы болып қалатынын мәлімдеді» деді Л.Құсайынова.

Одан кейін сөз тізгінін алған «Қазақстандағы орыс, славян, казак ұйымдарының қауым­дастығы» ЗТБ төрағасы, ҚХА мүшесі Владимир Божко ел бірлігінің негізгі қағидаттарының бірі – елдің этникалық және мәдени алуандығының сақталуы аса маңызды екеніне тоқталды.

«Қазақстан халқы ассамблея­сы 2025 жылы өзінің 30 жыл­­дығын атап өтеді. Келер жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын тойлаймыз. ҚХА-ның 33-сессиясында Президент осы айтулы датаны лайықты деңгейде атап өтуге іс-шаралар жоспарын жасау үшін ел Үкіметіне тапсыр­ма берді. Сол кезде ҚХА-ның қоғамдағы орны мен қызметі, атқаратын рөлі, соның ішінде халқымыздың бірлігін нығайту бағытындағы жұмыстардың нәтижесі ашық айтылуы тиіс. Сондай-ақ бұл баяндамада мемлекеттілігімізді нығайтудағы, этносаралық келісім мен жалпықоғамдық бірлік саясатын жүзеге асырудағы этномәдени бірлестіктердің жағымды рөлі бірнеше рет айтылды.

Президент берген мұндай баға ҚХА-ның қоғамдағы қыз­метінің айрықша маңызын көрсетті. Менің ойымша, бұл пікір интернет кеңістікті кезіп жүрген «ассамблея таратылады» деген алыпқашпа әңгімеге нүкте қойып, ҚХА-ның институт ретінде ешқандай маңызы жоқ дегенді жұмсақ төсекте жатып алып жұртқа қайталаудан жалықпайтын теорияшылдарға тура жауап болғаны анық» деді ол.

– Президент өз жұмысында азаматтардың әл-ауқаты мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, су тасқыны салдарын еңсеруге және қазақстандықтардың тыныс-тіршілігінің қажетті жағдайларын қалпына келтіруге мемлекет пен қоғамның барлық күшін жұмылдыруға басымдық береді, – деп атап өтті спикер.

Ассамблеяның XXXIII сессия­сында оқылған баяндамада су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсету, ауылдарды су басудың алдын алу және азаматтарды құтқаруға қатысты ҚХА-ның барлық филиалының үлкен үлесі аталып өтті.

– Өткен сессияның күн тәр­тібіне шыққан «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» тақырыбы өте өзекті, Президент айтқандай, біздің стратегиялық бағытымыздың мәні, саясаттағы, экономикадағы, мәдениеттегі, әлеуметтегі өзгерістердің кепілі және мемлекет пен қоғамның басты миссиясы – жасампаздыққа, жаңашылдыққа, шығармашылық ойлау­ға ұмтылу екенін атап өткен дұрыс. Баяндамада 3-құрылтайда жарияланған, тәуелсіздік пен патриотизм, бірлік пен ынтымақтастық, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіпқойлық, жасампаздық және жаңашылдық бөлімдерін қамтитын доктринаны іске асыру қажеттігі тағы да ерекше атап көрсетілген.

Ассамблея мүшелеріне мемлекеттік органдармен бірге қоғамда Отанға деген сү­йіспеншілікті, патриотизмді, әдет-ғұрыптарға, мәдениетке, дәстүрлерге құрметті, шынайы құндылықтарды қалыптастыруға және өзара түсіністік пен келісімді нығайту мұратын ілгерілету міндеті қойылды. Мемлекет басшысы тарихи зардаптар мен реніштерге назар аудармай, болашаққа қарауға шақырды. Бұған дәлел болатын мынадай халық даналығы бар: егер адам үнемі өткенге қарайлай берсе, онда ол өзінің болашағына арқасын тосады. Шынында да, жек көру үшін көп ақыл қажет емес. Жеккөрушілік жеке кемшіліктерден, қызғаныштан және жалқаулықтан туады. Соңғысы өзін қалыпты түрде жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді, әртүрлі себеппен және кез келген жағдайда әлсіздік пен ашуланшақтықты тудырады, өз ортасының немесе қоғамының алдында өзін көрсетуге кедергі келтіреді, – деп жалғастырды спикер.

Жиында сөз сөйлеген Amanat партиясы Астана қалалық филиалы Алматы аудандық бөлімшесінің атқарушы хатшысы Батима Алиярова халық бірлігін нығайту елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және тұрақтылықты қамтамасыз ететін бірден-бір фактор екенін атап өтті. Ол сондай-ақ Amanat партиясының саяси ұстанымында бейбітшілік, келісім және бірлік біздің мемлекеттің негізі болады деп айқындалғанын, партияның сайлауалды бағдарламасының «Біз халықпен біргеміз!» деп аталуы да елдегі берекенің бастауы бірлікте екенін айғақтайтынын айтты. Партияның қалалық филиалы мен астаналық Қазақстан халқы ассамблеясы арасында өте тығыз қарым-қатынас орнағанын, партияның әлеуметтік жобаларына ассамблея ұйымдары белсенді қатысып отырғанын атап өтті.

Дөңгелек үстел жиынында этникааралық жағдайларға мониторинг жүргізу орталығының бас менеджері Жансая Ақанова, Amanat партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Арсланбек Мағзұм, «Бауырлас» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тәңірберген Бердоңғаров жиынның тақырыбы бойынша өз ойын ортаға салды.

Алина ИМАМБАЕВА




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button