Қоғам

Тәуелсіздіктен асқан өлшем жоқ



 

Тәуелсіздік күні – естен кетпейтін, тарихтан өшпейтін күн, бүкіл әлемнің ел екендігіңді елеген, халық екендігіңді таныған, яғни Жаратқанның жарылқаған күні. Жеке адамның ғана емес, бүкіл жарандардың құқығын адамзаттың құндылығындай құрмет тұтқан күн. Өмір салтын өз заңдарыңа сәйкес, өз дәстүріңмен, өз әдет-ғұрпыңмен қалыптастыратын жолдың басы. Бұл күннің қасиетін түсіну ұлттық сана-сезімнің оянуымен шектелмейді, халықтың мүддесіне сай алғашқы қадамнан бастап толыққанды іс-әрекет қатар жүруі тиіс.
Егеменді еліміздің мемлекеттік рәміздерінен бастап бүгінгі күнге дейінгі жүріп өткен жолына зер салып, көңілге көп нәрсені тоқитын тұс та, жетістігімізге марқая­тын кез де – осы. Ата-баба, аға ұрпақтың алдындағы борышымызды орындайтын, парызымызды пайымдайтын күн, келешегіміз – өз ұрпағымызға өнеге көрсететін күн. Яғни, барға – қанағат, өткенге – салауат, келешекке аманат ететін күн.
Өзгені тең санайтын, елің­нің намысын қорғап, есесін жі­бермейтін күн. Тәуелсіз екен­дігіңді сезініп, оның туын жоғары ұстап, дүниеде тәуелділердің де бар екендігін ескеретін күн. Соғыссыз әлем, бейбіт өмірдің қамын ойлайтын күн. Тәуелсіздіктен асқан өлшем жоқ. Оның мүмкіндіктері де шексіз. Ең басты байлығымыз – адам болса, адами капитал – сол байлықтың төресі. Елдің мерейін асыру да, жоғын жасыру да осы ұғымдарға байланысты болмақ. Сондықтан тәуелсіздікке қызмет ету – өзіңнің өреңді, деңгейіңді, адамгершілігің мен азаматтығыңды, еңбексүйгіштігіңді іспен дәлелдеп, өзің үшін, отбасың үшін, Отан үшін жанды аямау. Өзгеден әділеттілікті талап етуден бұрын өзіңнің әділетті болуың – мемлекетті бекем етуге қосқан үлесің болары хақ. Тағы бір үлестің үлкені – отбасыңдағы жандарды елжанды етіп тәрбиелеу. Саналы адам үшін бұдан артық бақыт, байлық болмас.
Жыл өткен сайын тәуелсіздіктің жылнамасы толыға түседі, маңызы да арта береді. Туған елімізге «тәуелсіздік шежіресінің мүшелін мың жылдан қайыруды жазсын!» деген ақ-адал тілегімізді арнаймыз!




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button