Басты ақпаратҚала мен СалаҚоғам

Таза қала қағидаттары қандай?



Қала әкімі Әсет Исекешев ұсынған әр жоба қаладағы экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған. Оны «20 нақты бастамада» айтылған мәселелерге қарап-ақ байқау­ға болады. Мәселен, Астананың «Жасыл белдеуіне» 1 млн ағаш отырғызып, қаланың жасыл желегін қалыптастыру, қоғамдық және жеке көліктерді газға көшіру, қала орталығында арық жүйесін салу, велосипед инфрақұрылымын дамыту және тұрғын үйлердегі энергия тиімділігін арттыру жоспар бойынша кезең-кезеңімен атқарылып келеді. Осы орайда «Астана ақшамы» газеті көпшілігіміз елей бермейтін, бірақ экологияны жақсартатын қарапайым қағидаттарды ұстануға шақырады.

human hand holding city

Мәселе: Елордамыз халық арасында «ұшатын пакеттер қаласы» деп аталатыны жасырын емес. Алайда оған қала тұрғындарының өзі кінәлі екендігін мо­йындайтындар аз. Статистикаға сәйкес, әлем бойынша бір жылда 4 триллион пакет пайдаланылады, оның тек 1 пайызы ғана қайта өңделеді. Адамдар күн сайын күл-қоқысқа тастайтын пластик бөтелкелер жер бетінде 500 жылға дейін, кәдімгі полиэтилен пакеттері 200 жылдан астам уақыт бойы шірімей жатады. Консерві қалбырлары мен шыны сынықтары 1 мың жылға дейін жер қойнын ластап, топырақтың құнарын азайтады. Полиэтилен пакеті жатқан жерде 100 (!) жылдап шөп өспейді.

zher

Ұсыныс: Азық-түлік дүкеніне сөмкемен баруды әдетке айналдырыңыз. Бөтелке суды сатып алғаннан кейін қоқысқа тастамай, бірнеше рет пайдаланудан қысылмаңыз. Жұмысқа таситын күнделікті түскі асты контейнерге салып алыңыз. Көптеген дамыған елдер полиэтилен пакетінің зиянын ұғынып, оған заң жүзінде тыйым салған.

 

Мәселе: Елімізде 2040 жылға қарай су тапшылығы туындауы мүмкін. Бұл мәлімдемеге қаладағы әр тұрғын жылына 20 000 литр суды босқа төгетіні туралы дерек дәлел. Дұрыс жабылмай, су тамшылап тұрған краннан тәулігіне 24 литр, айына 720 литр, жылына 8 мың 784 литр су ағады.

 

345421yo1

Ұсыныс: Ваннаның орнына душ қабылдаңыз. Тіс тазалағанда 1 стақанға су толтырып, кранды өшіріп қойы­ңыз. Осылайша, күніне 45 литр суды үнемдеуге болады. Жеміс-жидекті, көкөністі жуу үшін бір ыдысты арнағаныңыз жөн. Экологияға үлес қосам десеңіз, су багында екі түймесі бар унитазды орнатқан дұрыс. Су ысырап болмас үшін шүмектер мен душқа аэратор сияқты су үнемдеу құралдарын орнатуға болады.

 

Мәселе: Көліктің қала экологиясына қаншалық­ты зиян екендігі жалпақ жұртқа аян. Астана қала­лық Экология департаментінің деректері­не сәйкес, елордадағы көліктер атмосфераға зиянды заттардың 50-55 пайызын шығарады.

vehicles-air-cars-traffic-pollution-1_0

Ұсыныс: Бір күн сабаққа немесе жұмысқа көліктің орнына автобуспен, велосипедпен немесе жаяу барып көріңіз. Әрі дене шынықтырасыз, әрі қоршаған ортаға өз үлесіңізді қосасыз.

Мәселе: Астана бас қала болғаннан кейін, мұндағы тазалық жіті қадағаланады. Алайда жерде жатқан темекі тұқылы, пістенің қалдығы, автобус билеттері халықтың экологиялық сауаттылығы мен мәдениеті әлі қалыптаспағанын аңғартады. Әлбетте, коммуналдық қызметкерлер жинаған қоқыс полигонға жіберіледі, бірақ оның да шегі бар. Себебі қоқыс өңдейтін зауыт әлі күнге дейін елімізде тұрмақ, ТМД мемлекеттерінің бірінде жоқ.

musor

Ұсыныс: Жапонияда көшеде тұрған қоқыс тастайтын жәшіктерді көрмейсіз. Жапондықтар қоқысты өздерімен бірге алып жүреді. Барлық қоқысты – шыны, жанатын, қайта өңдеуге жарайтын, жанбайтын деп сұрыптап, арнайы ыдыстарға салып тапсырады. Бұл үрдіс бізде қалыптасса, экологиялық ахуал әлдеқайда жақсарар еді.

 

Мәселе: Электр қуатын және жылу энергиясын өндіру үшін көмір, мұнай, газ сияқты сарқылатын табиғи ресурстар пайдаланылады. Оларды жаққанда атмосфераға көптеген зиянды заттар тарайды. Киімді кір жуғыш машинада ыстық сумен жуу үшін де көп энергия жұмсалады.

70_1-2
Ұсыныс: Үй ішіндегі артық ток көздерін дер кезінде өшірсеңіз, электр қуатын да үнемдейсіз, экологияға да елеулі үлес қосасыз. Энергия үнемдейтін шамдар электр қуатының шығынын кәдімгі жарықдиодты шамдармен салыстырғанда 30-40 пайыз­ға азайтады. Айтпақшы, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Алматыда «ақылды» шамдардың өндірісі басталған еді.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button