Мәдениет

ТЕАТР күнi



Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттiк академиялық музыкалық драма театрында Халықаралық театр күнi мерекесiнде қалалық Мәдениет басқармасының бастығы Болат Мажағұлов «академиялық» деген мәртебелi атақты көрерменнiң алдында осы өнер ұжымына ресми түрде тапсырды.

Салтанатты жиын алдында көрермен көзайымына айналған сахна саңлақтары ортаға шақырылып, құрмет көрсетiлдi. Ардагер әртiстер Шәмiл Жүнiс ақсақал мен Рымкеш Омарханова апаларымыз бастаған кiл жүйрiктерден тұратын театр ұжымы бiрi қалмай тегiс жиналыпты. Мәдениет басқармасы атынан бiрнеше әртiске «Алғыс хат» тапсырылды. Театр әкiмшiлiгi де өз тарапынан марапаттарын тапсырып, демеушiлерден жеткен тартуды ардагер әртiстерге ұсынды.
Сондай-ақ, ақпараттық демеушiлiк жасап жүрген бiрқатар БАҚ басшыларына театр тарапынан «Алғыс хаттар» мен ескерткiш-сыйлықтар берiлдi. Олардың арасында «Астана» радиосы, «Хабар» агенттiгi, «Астана» телеарнасы, «Қазақстан-1» ТРК-сы, «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» және «Егемен Қазақстан» газеттерi бар.
Көрермен қауым ұнатқан әртiсi мен режиссерiне дауыс беру арқылы театрдағы үздiктердi анықтаған болатын. Кеш соңында екi ай бойы жүргiзiлген «Өз актерiңдi таны» акциясының қорытындысы шығарылды. Бәйге жеңiмпаздары аталды. Режиссерлар арасында көрермендерге қатты ұнағандардың қатарында 163 дауыс жинап, I орынды жеңiп алған «Үйлену» спектаклiнiң режиссеры Нұрлан Жұманиязов болды. II орын «Қарагөз» спектаклi үшiн марқұм Әзiрбайжан Мәмбетовке бұйырды. III орынды «Iзгiлiк формуласын» қойған Әлiмбек Оразбеков иемдендi. Барлығына бiрдей бағалы теледидар берiлдi. Әртiстер арасында I орынды өзара үш бiрдей саңлақ бөлiстi. 135 дауыстан жинап, ортасынан оқ бойы озып шыққан Қуандық Қыстықбаев пен Сырым Қашқабаев «Сарыағаш» санаторийiне жолдама алды. 116 дауыс жинаған Айнұр Жетпiсбаева «Көктем» санаторийiне барады. 85 дауысқа ие болып, II орынды Ләйлә Бекназар-Ханинга жеңiп алды. III орынға 59 дауыспен дарынды жас әртiс Таңсұлу Мұзапарова ие болды. Осылай көрермендер таңдаулы әртiстерiн анықтады.
Салтанатты кеште филармония әншiлерi әннен шашу шашса, Өнер академиясы мен Еуразиялық ұлттық университетiнiң студенттерi ән-бимен әрлендiрiп отырды.

Шынар ӘБIЛДА


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button