Қоғам

Театрға келгенде телеарналар неге үнсіз?..



Ресейдің «Культура» арнасын жиі қараймын. Әсіресе, маған сондағы театр өнерінің майталмандары туралы бағдарламалар өте ұнайды. Жалпы, мұндай бағдарлама көрші елдің барлық арналарында бар. Және ол біреу емес, бірнешеу.

Олар күн сайын үздіксіз көрсетіліп жатады. Кез келген актердің туған күні мен мерейтойы назардан тыс қалмайды. Өмірден озған талантты тұлғаларды да ұмытпай, жиі еске алып отырады. Мәселен, осы кеше ғана жетпіс жасқа толған Ресейдің халық әртісі, тамаша актриса Ирина Муравьеваны аспанға көтеріп жатыр. Ол туралы деректі фильм ұсынып, арнайы бағдарламалар көрсетуде. Айтпақшы, Ресейде биыл «Театр жылы» деп жарияланды.
Бір сөзбен айтқанда, ұлттың, тілдің қалыптасып, дамуы өркендеуі үшін театрдың алатын орны алабөтен.
Ал бізде қалай? Шындығын айт­сам, отандық арналарда театр саласына арналған бағдарламалар жоқтың қасы. Біздің елімізде де біраз театр бар. Тіпті, кейбір облыс орталығында екі-үш театр жұмыс істейді. Бас қаланың өзінде 6-7 театр орналасқан. Және театрдың да түрлері көп. Бірақ солардың бәрі өз деңгейінде насихатталып жатқан жоқ. Сол өнер ордаларының тыныс-тіршілігі, актерлардың деңгейі, өрісі жайында да ештеңе білмейміз.
Биыл Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әмина Өмірзақованың ғасырлық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде атап өтіледі. Кейінгі жас ұрпақ Әмина апайды ел арасына көбірек тараған «Тақиялы періште» ко­медия­лық фильміндегі ұлына қалыңдық іздеген ананың рөлі арқылы жақсы біледі. Ал ол кісінің сахнада 150-ден астам рөлдерді сомдағанын көбі білмейді.
Бүгінде қазақ театр өнерін биікке көтерген Сәбира Майқанова, Хадиша Бөкеева, Фарида Шәріпова, былтыр ғана дүниеден өткен Зәмзагүл Шәріповалардың есімдері де көп айтылмайды. Тіпті, ұлттық сахна өне­рі­нің көш басында тұрған – Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Серке Қожамқұлов, Қапан Бадыров, Шәкен Айманов секілді көрнекті тұлғаларымыздың өмір жолдары да кейінгі жас буынға беймәлім.
Қазір арамызда жүрген Гүлжан Әспетова, Торғын Тасыбекова, Тілектес Мейрамов секілді дарынды аға-апаларымыздың да өмір жолынан көп ой түюге болады. Осы кісілерді бағдарламаға шақырып, сөйлете білсек, қаншама тағылымды дүниеге куә болар едік.
Қорыта келгенде, бүгінде арналарды жаулап алған шоулардың санын азайтып, оның орнына театр өнері мен соған еңбек сіңірген тұлғаларды дәріптейтін бағдарлама болса деп ойлаймын.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button