Жаңалықтар

Телекөпір: 25 нысан қатарға қосылды



Кеше Астана қаласындағы «ЭКСПО конгресс-орталығында» телекөпір өткізіліп, ол Индустрияландыру картасы жобаларын таныстыру мен
«Алтын сапа», «Парыз» сыйлықтарының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне арналды. Шараға Қазақстан Республикасының Президенті
Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

Телекөпір аясында елі­міздің барлық өңі­рінен 11 тікелей көрсетілім беріліп, Мемлекет басшысының назарына Индустрияландыру картасының ең маңызды нысандары ұсынылды.
– Индустрияландырудың ең маңызды жобаларын іске қосу жыл сайынғы игі дәстүрге айналды. Біз бүгін металлургия, өнеркәсіп, құрылыс материалдары, машина жасау, көлік және логистика
салалары бойынша 25 жобаның іске асырылуын бастадық, – деді Президент.
Елбасы өзінің сөзінде сондай-ақ, индустрияландыру бағытын ауқымды еткеніміз дұрыс болғанын, оның уақыт талабына сай екенін атап өтті.
– Бүкіл еліміз бойынша бір мыңнан астам жаңа өндіріс іске қосылып, 100 мыңнан ас­там тұрақты жұмыс орындары ашылды. Біз бүгін «Giessenhaus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қалайы қоспасын шығаратын, келешекте автомобиль дискілерін жасайтын жобасын іске қостық. Бұл жұмыстарға POSKO, «Евразхолдинг», Tenaris, «Полиметалл» сияқ­ты өз саласының көшбасшысы саналатын белгілі трансұлттық компаниялар тартылып жатыр, – деді Мемлекет басшысы.
Президент өндірістік кооперация және автомобиль құрас­тыру саласындағы ынтымақтастық мәселелерін айта келіп, еліміздің автозауыттарында электромобильдер құрастырудың басталғанына тоқталды.
– Қазіргі таңда Қазақстанда 18 белгілі брендке тиесілі автокөлік құралдарының түрлі модельдері жинақталуда. Біз оларды Қытайға, Ресейге, Тәжікстанға, Өзбекстанға және басқа да елдерге экспорттап жатырмыз, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев шикізаттық емес сектордағы өндіріс көлемін арттыруға және оның ел экономикасындағы маңыздылығына ерекше тоқталды.
– Химия өнеркәсібі саласында «Еврохим» трансұлттық компаниясы күр­делі тыңайтқыштар шы­ғару жөніндегі зауыттың құ­ры­лысын бастады. 14 фармацевтикалық кәсіп­орында халықаралық ДжиЭмПи стандарттары енгізілді. Бүгін «Химфарм» акционерлік қоғамы «Польфарма» ірі фармацевтикалық компаниясымен бірлесе жүзеге асыратын тағы бір жобаның іске асырылуы бас­талды. Құрылыс саласында негізгі құрылыс материалдары бо­йынша импортқа тәуелділікті жойдық. Heidelberg, KNAUF, Basf, Sika және басқа да шетелдік компаниялардың қатысуымен 180-нен астам жоба іске асырылды, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы бұдан әрі экономиканы әртараптандыру үшін инфрақұрылымды дамытудың маңызы зор екенін айта келіп, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Еуразия мультимодель көлік дәлізінің іске қосылғанын және «Батыс
Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі құ­рылысының аяқталғанын тілге тиек етті.
– Осы жылдар ішінде 2 мың
шақырым темір жол, 5 мың шақырым автомобиль жолы салынды. Теңіз және әуе ай­лақтарына қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Құрық портында теміржолға және автомобильге арналған паром кешені іске қосылды. «Қорғас – Шығыс қақпасы» ар­найы экономикалық айма­ғы және Ляньюньган теңіз порты жобаларын жүзеге асы­ру нәтижесінде Азия-Еуропа
бағытында Қазақстан арқылы жөнелтілетін контейнерлік жүк тасымалының көлемі жыл сайын еселеніп келеді. Бұл 2020 жылға қарай еліміздің тасымалдаудан түсетін табысын 5 миллиард долларға дейін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық «ЭКСПО-2017»
мамандандырылған көрмесі­нің табысты өткенін атап өтіп, Үкіметке көрмеде көрсетілген баламалы және жаңартылатын энергия көздері саласындағы ғылыми жетістіктерді тәжірибеге енгізіп, қолдану үшін жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырды.
– ЭКСПО аумағында «Астана» халықаралық қаржы орталығы, «Жасыл» технологиялар мен инвестицияларды дамыту жөніндегі халықаралық
орталық, ІТ-стартаптар ха­лықаралық технопаркі құры­латын болады. Олардың уақ­тылы іске қосылып, толық жұ­мыс істеуін қамтамасыз ету керек, – деді Н. Назарбаев.
Мемлекет басшысы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 4.0. Индустриясының технологияларын енгізіп, бұл салада индус­триялық тұрғыдан
дамыған елдермен және
ЕАЭО-ға мүше мемлекеттермен ын­тымақтастықты нығайту қажет екенін мә­лім­­деді. Бұған қоса, Елбасы цифрлық технологиялар са­ласындағы заманауи ма­шықтарды меңгерген маман­дарды дайындаудың маңыз­ды екенін атап көрсетті.
Нұрсұлтан Назарбаев елі­мізде көптеген трансұлт­тық компаниялар мен стра­-
­­­тегиялық инвесторлар та­быс­ты жұмыс істеп жат­қа­­нын айтты. Осыған орай, Мем­лекет басшысы Үкіметке шет елдерге шығарылған капиталды елге қайтару үшін мүмкіндік туғызу, қа­зақ­­стандық тауарларды
экс­порттық нарықтарда іл­гері­лету жөнінде шаралар қа­былдауды, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытуға және бизнес ортаны жақсартуға ерекше мән беруді тапсырды.

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button