Денсаулық

Темекіге тәуелділік – зиян әдет



Адам ағзасында түрлі қауіпті аурудың пайда болуына себеп болатын ең зиян әдеттің бірі – темекі шегу. Өмірді қысқартатын қатерлі дерттің басы екенін білсе де, адамдар оған тәуелділіктен толық арыла алмай келеді. Әлемде өкпе қатерлі ісігінен қайтыс болғандардың 90 пайызына, созылмалы қолқа дертінен көз жұмғандардың 75 пайызына және жүректің ишемиялық ауруынан қайтыс болғандардың 25 пайызына темекі шегуі себеп болған.

 Жыл сайын 31 мамырда бүкіл әлем жұртшылығы дүниежүзілік темекісіз күнді атап өтеді. Одан бөлек, Америка онкология қоғамының бекітуімен 1977 жылдан бастап жыл сайын қарашаның үшінші бейсенбісінде атап өтетін темекі шегуден бас тартудың халықаралық күні жарияланған. Бұл күндер барлық елдегі адамдардың назарын денсаулыққа үлкен зиян келтіретін темекі шегу мәселесіне аударуға арналған.

Арнайы кабинеттердің көмегі қандай?

Мамандардың айтуынша, темекімен күрес – адамның нәпсісімен тайталасы. Соны жеңген адам ғана жаман әдетін қоя алады. Ал бұл күресте оған қосымша мамандардың көмегі аса қажет. Осы орайда биыл Қазақстанда емханаларда темекіге қарсы кабинеттер жұмысы бойынша қанатқақты жоба 4 емдеу мекемесінде іске қосылды. Соның үшеуі – Астанада. Сол кабинеттердің бірі Есіл ауданындағы №9 қалалық емханада ашылып, жұмыс істегеніне бірнеше ай болды. Емханада осы кабинеттің жұмысын жүргізетін сала­уатты өмір салты бөлімінің дәрігері Майра Рысбаеваның айтуынша, кабинет маусым айында ашылғалы бері мұнда 200-дей қала тұрғыны тіркеліп, қазір темекіден арылу үшін емделіп жүр.

– Көбі өз еркімен келеді. Негізінен, емханада терапевтке қаралуға немесе скринингтен өтуге келгенде, сондағы дәрігерлер олардың темекі шегетінін және одан құтылғысы келетін ниетін білсе, бірден бізге жібереді. Бірақ біз оларға алдымен зиянды әдетті тастауға деген өздерінің қалауы болса ғана келуін сұраймыз. Біресе келіп, артынан келмей, бірде тастап, қайта бастап жүретін болса, қоя алмайтынын түсіндіріп айтамыз. Ешкімді мәжбүрлеп, сүйрелеп қойдыра алмайсың. Бізге келетіндердің көбі – 20, 30, 40 жылдан бері темекі шегетіндер. Олар «қойғым келеді, бірақ өзімнің қолымнан келер емес» дейді. Темекі шегуге көбіне адамдар отбасында бір жағдай болғанда немесе қатарына еліктеп барады, сөйтіп ол әдетке айналып кетеді. Сосын бертін келе денсаулығы сыр бере бастағанда қойғысы келеді, бірақ қоя алмайды. Жөтелі жиілеп, көбіне ер адамдар барлық жағынан әлсірейді, өкпе, қолқа ауруларынан бөлек, кеудесі ауырады, терісі сарғайып, өңі кетіп, бет-әлпеті қартая­ды, қолы дірілдеуі мүмкін. Соны байқаған кезде өздері уайымдап, біздің көмегімізге жүгінеді. Бізге келгенде олармен бірнеше рет сеанс жүргіземіз. Менімен бірге бұл кабинетте терапевт, психолог, пульмонолог қызмет көрсетеді. Осындай кабинеттер бұрыннан ашылған АҚШ елінің мамандары келіп бізді оқытады, семинар өткізеді. Қазіргі таңда тіркелген 200 адамның 13-і темекіге тәуелділіктен арылып, жазылып шықты, – дейді Майра Рысбаева.

Арасында бір ай қойып, қайта бастап кеткендер болса да, кабинет дәрігерлері бәрін қайтадан бастап емдейді. Олармен күнделікті телефон арқылы сөйлесіп, отбасындағы хал-жағдайын біліп, көп адам шоғырланған жерге бармауын айтып, кеңес беріп отырады. Қоя алмай жатса, қатты темекі шеккісі келген кезде оларға қажеттілігін басатын ­таблеткалар, сағыз, пластинка түріндегі заттар беріледі. Оларды емдеу барысында неше жыл тартқаны, отбасында тағы кімдер шегетіні, ортасы қандай екеніне талдау жүргізіле отырып, емдеу шаралары тағайындалады.

Мектепте оқушыларға түсіндіреді

Елордалық емхана қызметкерлері мектептерге барып, оқушыларға темекінің зияны туралы түсіндіру жұмысын жүргізеді. Себебі қазір вейп шегу жастардың ғана емес, мектеп жасындағы жасөспірімдер арасында белең алып тұр. Жақында №11 емхананың «Дауа» жастар денсаулық орталығының дәрігері Мәдина Алғазина және психолог Махаббат Амангелдинова Астанадағы №32 мектеп-гимназияда «Темекі шегудің ағзаға зияны. Вейпинг. Бұл хобби неге қауіпті?!» тақырыбында дәріс оқып, «Мазасыздық пен депрессияны анықтау» тақырыбында психология­лық тренинг өткізді.

– Жыл сайын темекі шегуден 8 миллионнан астам адам қайтыс болады. Бұл өлімнің 7 миллионнан астамы темекіні тікелей қолданудың нәтижесінен, ал 1,2 миллионға жуығы темекі шекпейтіндерге өзге адамның темекі түтінінің әсер етуі нәтижесінен болады. Темекі шегу тромбоздың туындау қаупін арттырады, созылмалы аурулардың, соның ішінде обырдың, өкпе аурулары және жүрек-қан тамыры аурулары дамуының негізгі қауіп факторларының біріне жатады. Әрбір 10 секунд сайын жер бетінде бір шылымқор көз жұмады. Оқушылармен кездесуде біз оның осындай көптеген зиянды жағын айтып, жаман әдеттен аулақ болуға шақырамыз, – дейді Мәдина Алғазина.

Электронды түрін неге ұсынады?

Халықаралық сарапшылар «Шылым шегуге қарсы күрес ойлағандай нәтиже бермейді» деп мәлімдеді. Осыған орай, дамыған елдердің көбі никотин әдетінен бас тарта алмайтындарға денсаулыққа қаупі аз электронды темекіге жүгінуді ұсынған. Мүлдем шекпе деп тыйым салғаннан гөрі оларға зиянын азайтатын баламаларын ұсыну керек деп санайды. Себебі ты­йым салу – ересек адамның таңдау құқығынан айыру. Алайда бүгінгі таңда түтіні болмаса да, вейптердің адам ағзасына аса зиян екені дәлелденді.

– 2017 жылдан бері Қазақстанда 4 жылда бір рет оқушылар арасында HBSC «Денсаулыққа қатысты мектеп жасындағы балалардың іс-әрекеті» деп аталатын зерттеу жүргіземіз. Соңғы зерттеуге еліміздегі 121 мектептен 8528 бала қатысты. Соның нәтижесінде белгілі болғандай, 5-9-сыныптағы әр 10 оқушының біреуі вейп қолданғанын айтқан. Осы сыныптар бойынша 11-15 жас аралығындағы балалардың 5,8 пайызы қазіргі таңда вейп пайдаланады. Олардың арасында қыз балалар да бар. 2018 және 2022 жылдар аралығында Қазақстанда вейп пайдаланатын балалар саны 1,8 есе артқан. Электронды темекінің иісі жоқ, көп балалар ата-анасынан жасыру үшін соны шегеді. Вейп отпен қызғанда оның ішінде адамға зиянын тигізетін химиялық улы заттар бөлінеді. Оның көзге көрінбейтін зиянды жағын біз алдымызға келген адамдарға, барған жерде айтумен келеміз, – дейді Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма төрағасының орынбасары Жанар Амангелдіқызы.

Оның айтуынша, балалардың денсаулығына елеулі қауіп электрондық темекі сұйықтығының әсерінен болады. Темекі шегу терінің, тырнақтың, шаштың жағдайын нашарлатады, тісті бұзады, ауыздан, киімнен жағымсыз иіс шығуына әкеледі. Келе-келе вейптер өкпенің ғана емес, еріннің онкология ауруына әкелуі мүмкін.

Бас тартсаңыз, не өзгереді?

Темекі шегуден бас тартқаннан кейін бір жыл өткен соң жүрек-қан тамыры ауруларының асқыну қаупі екі есе азаяды, 15 жылдан кейін қауіп мүлдем темекі шекпеген сау адамдағыдай болады. Темекіні тастау­дың артықшылығы бірден сезіледі. Оны шегуді тоқтатқаннан кейін 20 минуттан кейін жүрек соғу жиілігі төмендейді. 2-12 аптаның ішінде қан айналымы жақсарады және өкпе қызметі қалыпқа келеді. 1-9 айдың ішінде жөтел мен ентігу кемиді. Бала кезде темекі шегуді бастап, жігіт шағында қойған елордалық тұрғын Амангелді Әміров темекіден бас тартудың жолы оның дозасын біртіндеп азайту дейді.

– Темекі шегу зиян екенін түсінеміз, бірақ кейде одан құтылудың жолын білмейміз. Темекіден бас тартудың жолы оның дозасын біртіндеп азайту, мысалы, 1 қорап темекінің үлесін азайтып, ең соңында бір ғана темекі шегіп, тастаған уақытым болды. Жалпы темекі тастау ерік-жігерді талап етеді, тастаймын, кейін ерігіп қайта бастаймын, алдамшы сезім. Ақыры 3 жыл бұрын темекіден біржола бас тарттым. Ол қалай болды? Бір рет таңертең темекіден шыққан жағымсыз иістен өзім жиіркеніп кеттім де, бірден тастап кеттім. Есептесек, темекі сатып алу отбасы бюджетіне де әсер етеді екен, бастысы, денсау­лыққа да зиян. Сонымен бір жаман ғадеттен арылып, ұйқым тыныш, ақшаға үнем, бастысы, көңіл күйім жақсы! – дейді Амангелді Әміров.

Ғалымдар мен дәрігерлерді алаңдататыны – көптеген адамның темекі шегуді зиян деп санамауынан бұл тәуелділіктен арылмауы. Темекі шегу зиянсыз әрекет емес, оның жылдар бойына сап-сау ағзаңызда батпандай ауруларды қалай жинап жатқанын шын мәнінде біліп, сезіне алсаңыз, өзіңізге-өзіңіз кесіріңізді тигізбес едіңіз. Бұл нағыз нашақорлық, тіпті одан да қауіпті, алайда көптеген адам оның соншалықты зиянын әлі де түсінбей келеді.

 

 

 


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button