Елорда тынысы

Темірдей тәртіп – тыныштық кепілі



Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Жиынға Президент Әкімшілігі мен мемлекеттік органдардың басшылары, ІІМ алқасының мүшелері және орталық аппараттың басшылық құрамы, өңірлік полиция департаменттерінің, аумақтық қылмыстық атқару жүйесі департаменттерінің басшылары қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігі мемлекеттік басқару жүйесінде айрықша рөл атқаратын құрылым екенін атап өтіп, қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыспен күресу аса маңызды міндет саналатынын айтты.

«Тәртіп сақшыларының қызметі оңай емес. Бұл белгілі. Күн-түні жұмыс істейтін кездер жиі болады. Қауіп-қатер де бар. Тәулік бойы, яғни 24 сағат бойы сақадай сай болу үшін ерекше қажыр-қайрат пен төзімділік қажет. Себебі қиын жағдайға тап болған жандар, ең алдымен, полициядан көмек күтеді. Азаматтарымыз сіздерге мемлекеттің, яғни биліктің өкілі ретінде қарайды. Қауіп-қатерден қорғайды деп сенеді. Сондықтан сіздерге әрдайым орасан зор жауапкершілік жүктеледі» деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, полиция халықтың құрметіне ие мамандықтың бірі болуы керек. Сондықтан қазір ішкі істер органдарының жұмысын жетілдіруге баса мән беріліп, полиция қызметінің сервистік моделі енгізіліп жатыр.

«Жұртқа жақын полиция» қағидатын орнықтыру үшін нақты шаралар қабылдануда. Осы қарқынды тоқтатпау керек. Пилоттық жоба аясында қол жеткен жетістікпен шектеліп қалуға болмайды. Ашығын айтқанда, қызмет көрсетудің сервистік моделі туралы тек мамандар ғана айтып жүр. Қара­пайым азаматтар мен қоғам өкілдері пікір білдіріп жатқан жоқ. Бұл – халық оның нақты нәтижесін, оң өзгерістерді көріп жатқан жоқ деген сөз. Сондай-ақ сотқа дейінгі тергеу саласына да назар аударған жөн. Бұл – құқық қорғау жүйесіндегі мемлекеттік қызметтің ерекше бір түрі» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қоғамдағы алаяқ­тық әрекеттерге, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, жол қауіпсіздігі деңгейін арттыру, ұйымдасқан қылмыспен күрес, заңға бағыну мен құқық бұзушылықтың аражігін нақты ажырата білу сияқты мәселелерге жеке-жеке тоқталды.

Алқа мәжілісі аясында Мемлекет басшысына «Дактилоскопиялық тіркеу» жобасы таныс­тырылды. Бұл жоба азаматтарға уақыт үнемдеп, құжаттарын өз бетінше рәсімдеуге мүмкіндік береді. Ең басты ерекшелігі – суретке түсірген кезде адамның бет-бейнесін таниды. Бұл заңсыз құжат рәсімдеу фактілерін болдырмайды. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жеке басты куәландыратын құжат беру кезінде міндетті дактилоскопиялық тіркеу қолданылады. Деректер қорына саусақ ізі дактосканерлер арқылы енгізіледі. Азамат келесі рет өтінім жасағанда оның кім екені саусақ ізі арқылы анықталады.

Сондай-ақ Президентке «Есірткі қылмысымен күрес» жобасы таныстырылды. Есірткі тарату қылмысына қарсы іс-қимылға арналған бұл жобада қылмыстық байланыстардың, телефон арқылы сөйлесулердің және ақша аударымдарының схемаларын визуалды түрде кеңірек көрсететін ақпараттық-талдау бағдарламасы қолданылады. Жалпы, жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде қазіргі кезде:

2300 есірткі сататын сайт бұғатталды;

1300 есірткі қылмысы әшкереленді;

6 мың тоннадан астам есірткі тәркіленді.

Мемлекет басшысына «Қорғау» мобильді қосымшасының жұмыс істеу принципі көрсетілді. Аталған қосымша жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және өрескел құқық бұзушылармен күресуге арналған. Полицияның планшетіне маңайда жүрген «қауіпті» жүргізуші туралы хабарлама бірден келеді. Осылайша, «қауіп төндіретін топтармен», яғни жол жүру ережесін жиі әрі әдейі бұзатын жүргізушілермен жеке жұмыс жүргізіледі. Бұл бағдарлама тиімділігін дәлелдеді. Бүгінде еліміздің 16 аймағында және кейбір моноқалаларда қолданылады.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button