Тәуелсіздікке 30 жыл

Теңге – елдіктің ерекше белгісі



Кеңес жүйесі күйрегеннен кейін, еліміз өз ­алдына дербес ел болып шықты. Жас мемлекетті тұралаған өндіріс, шарықтаған инфляция, жаппай жұмыссыздық пен жоқшылық күтіп тұрды. «Госбанк» жойылғаннан кейін оның орнын басатын ­бірде-бір қаржы құрылымы құрылмады. Мемлекет басшысы рубльдік аймақты сақтап қалуға тырысқанмен, жағдай ушыға түсті. Кешегі КСРО-ға мүше елдер ішінде Қазақстан ең соңғы болып рубльдік аймақтан шықты.

[smartslider3 slider=908]

БІР КЕЛІ АЛМАҒА – ЕКІ КЕЛІ АҚША

Елімізде ақшаны бастыратын фабрика жоқ болатын. Тіпті, құнды қағаз бастыратын қаржы да тапшы еді. «Рубль аймағы кәсіпорындар мен өнім жеткізушілер арасындағы мыңдаған байланыстарды сақтап қалатын еді және дағдарысты жылдамырақ еңсеруге тигізетін көмегі де үлкен еді. Екіншіден, бізде валютаны енгізудің тәжірибесі болған жоқ, шет елдерде банкноттарды бастырып шығаруға тапсырыс беру үшін де ақша болмады. Сол сияқты өзіміздің банкнот фабрикамыз да болған жоқ» деп Н.Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы» кітабында еске алады.

Елде экономикалық ахуал күн санап күрделеніп, рубльдің құнсыздануы шарықтау шегіне жетті. 1993 жылы 1 АҚШ долларының бағамы 990 рубльді құрады. Одан қалды Ресей ескі үлгідегі ақшаларын Қазақстанға қаптатып, елдегі қаржы жүйесінде бейберекетсіздік белең алды. Қалтай Мұхамеджановтың: «Базарда бір кемпір бір келі алмаға екі келі ақша сұрап тұр» дейтіні – сол қилы заманнан қалған сөз.

Тұтас елді тығырыққа тіреген бұл жағдайдан шығудың жалғыз жолы ұлттық валютаны енгізу болатын. Тәуелсіздікті жариялаған 6 айдан кейін-ақ, 1992 жылы бірден жаңа ұлттық валютаны енгізу туралы шешім қабылданды. Құрамына жоғары дәрежелі мамандар: Меңдібай Әлин, Тимур Сүлейменов, Ағымсалы Дүзелханов және Хайролла Ғабжалилов кірген арнайы комиссия құрылып, жаңа валютаны әзірлеу жұмысына кірісіп кетті.

Тұтас елді тығырыққа тіреген бұл жағдайдан шығудың жалғыз жолы ұлттық валютаны енгізу болатын. Тәуелсіздікті жариялаған 6 айдан кейін-ақ, 1992 жылы бірден жаңа ұлттық валютаны енгізу туралы шешім қабылданды

ҚҰПИЯ ОПЕРАЦИЯ ҚАЛАЙ ӨТТІ?

1993 жылы 12 қарашада ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «ҚР Ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлығы шықты, ал 15 қараша күні теңге айналымға енгізілді. Жаңа валютаның атауына қатысты да бірқатар ұсыныстар болған. Елбасы Н.Назарбаев «алтын» атауын ұсынды. Кейін жаңа ақшаны «теңге» деп атау туралы шешім қабылданды. «Теңге» сөзі бастауын орта ғасырлардағы түркі мемлекеттерінің күміс ақшасы «денге», «таңғадан» алады. Осы сөз орыстың «деньги» сөзіне де арқау болған. Дизайнерлердің жаңа валюта кескінін әзірлеу жұмыстары Алматы қаласында ерекше құпия жағдайда жүргізілді. Бұл туралы дизайнерлерден басқа мемлекет басшылығындағы санаулы адамдар ғана білген.

Жаңа валютаның дизайнын жасау Тимур Сүлейменов бастаған суретшілер тобына жүктелді. Шығармашылық топта танымал полиграфия маманы Меңдібай Әлин, Ағымсалы Дүзелханов жұмыс істеді. Олардың қатарына кейін суретші Досбол Қасымов пен Қайролла Ғабжалилов келіп қосылды. Алғашқы топ қағаз ақша эскиздерін жасауға жауапты болса, монета эскиздерін жасау жұмысы дизайнер, талантты суретші Айрат Исмамбетов пен дизайнер Виктор Ивженкоға жүктелді. Бірнеше айға созылған дайындық жұмыстарынан кейін, 1992 жылдың 27 тамызында, жаңа ақшаның айналымға енуіне бір жыл қалғанда теңгенің алғашқы эскиздері Президентке көрсетіліп, кейін ҚР Ұлттық банкiнде жаңа валютаның үлгiлерi бекiтiлдi. Артынша дизайнерлер тобы Тұманды Альбионға аттанып, тәуелсіз Қазақстанның төл ақшасы Британ елінде басылып шығады.

Лондонға барған қазақ дизайнерлерінің бірі Қайролла Ғабжалилов бір сұхбатында қазақ дизайнерлерінің елден жасап алып барған кескіндемелері Англияда қоқыс жәшігіне лақтырылғанын айтады. «Бізге қағазбен жұмыс істеуді, оның құрамын анықтауды, бояу, мөр технологияларын қайтадан үйретті. Кейін макеттерге суреттер мен өрнектерді қайтадан салдық» дейді ол.

Ұлттық банкіміздің алғашқы төрағасы Ғалым Байназаровтың мына бір естелігінен бұл жұмыстың қаншалықты күрделі болғанын аңғарамыз: «Тасымал да оңай болған жоқ. Өйткені ол кезде Лондоннан Алматыға тікелей ұшақ ұшпайтын. Барлық ұшақтар Мәскеу арқылы ғана ұшатын. Біздегі ғарыштық басқару, әуе жолын басқару саласы ол кезде Ресейдегі тиісті орталықтарға бағынышты болды. Ал Мәскеу арқылы тасымалдау қауіпті. Ақыры, жолаушы тасымалдайтын бір ұшақтың орындықтарын жатқызып, оған шағын контейнерлерге салынған ақшаны тиедік, валюта салынған контейнерлерге «Бұл – Үкіметтің қарауындағы жүк! Кедендік тексеруге жатпайды!» деп жаздық. Лондоннан тікелей Алматыға ұшатын жолдың сызбасын дайындадық. Бірден тоқтамай Лондонға бару мүмкін емес болған соң, ұшақ Ақтауға қонып, жанар-жағармай құйып алатын болды. Жүкті қорғау, тасу, күзету деген де үлкен жұмыс болды. Бұл жұмыстар Ұлттық банктің өз қызметкерлерінің күшімен атқарылды. Рейстің бәрі түнде жасалынды. Сөйтіп, бір-екі аптаның ішінде теңгені түгел Таразға тасып алдық».

1993 жылы 15 қарашада 08.00 сағаттан бастап Қазақстанның территориясында өзінің ұлттық валютасы – теңге енгізілді. Осылайша небәрі бірнеше жылдың көлемінде жас мемлекет жеке ақшасына қол жеткізді. «Тегінде, дүние жүзінде жаңа ақшаны дәл осылайша тез әрі табысты енгізген басқа ел жоқ та шығар» деп Елбасы «Өмір өткелдері» сұхбат-кітабында тағдыршешті таңдаудың әділ бағасын береді.

1993 жылы 15 қарашада 08.00 сағаттан бастап Қазақстанның территориясында өзінің ұлттық валютасы – теңге енгізілді. Осылайша небәрі бірнеше жылдың көлемінде жас мемлекет жеке ақшасына қол жеткізді

Ағартушы әл-Фараби, күйші Сүйінбай, ғалым Шоқан Уәлиханов, ақын Абай, Әбілқайыр хан бейнеленген теңге халықтың қолына тиді. Ұлттық банктің облыстық басқармасы, екінші деңгейлі он екі банктің филиалдары, есеп айырысу кассалары тәулігіне 19 сағатқа дейін тұрғындар қаржысын ауыстырып жатты. Ескі ақша түні бойы есептеліп, сұрыпталып, жөнелтуге даярланды. Жұмыстың ең ауыры облыс орталығындағы есеп-касса орталықтарына түсті. Бұл ұжым алты күннің ішінде 8 миллиард рубль ескі ақша қабылдапты. Осы күндері ақша тапсыруға 362 мың тұрғын келген. Тұрғындар 19,6 миллиард ескі рубль жинаған. 770 қапқа салынған 20 тонна рубль отқа жағылған. Кейін Алматы қаласында Ұлттық банктің банкнот фабрикасы, Өскеменде монета сарайы ашылды. Уақыт талабына сай теңгенің дизайны өзгерді.

Ұлттық валютаның екінші легі 1995 жылы Қазақстанда басылып шықты. Жаңа серия «әл-Фараби» деп аталды. Алайда бұл ақша айналымда көп болған жоқ. Адам бейнесі салынған банкноталар тез жыртылып, мыжылатындықтан, суретшілер портреттік суреттерден бас тарта бастады. Үшінші буыны 2006 жылы «Бәйтерек» бейнесімен жарық көрді. Бұл жолы дизайнерлер ақша бетінде тек Қазақстанның тарихын ғана емес, сәулеті мен табиғатын да сыйғызуға тырысты. Теңгенің бетінде ашық алақан, Тұңғыш Президенттің қолы, әнұранның ноталары басылды.

2011 жылдан бастап елімізде жаңа валюта айналымға шықты. «Самұрық» сериясындағы но­миналы 500, 1 000, 2 000, 5 000, ­10 000 және 20 000 теңге болатын ақша пайда болды. Оның бір жақ бетінде «Қазақ елі» монументі мен кептердің суреті басылса, келесі бетіне Алматы қаласының, Ертіс өзенінің,Үстірт жазығының панорамасы бейнеленді. Монеталардың бірінші партиясы Германияда басылды. Ал қазір монеталар Қазақстан монета сарайында шығарылады. Монета сарайында инвестициялық, коллекциялық шақалар шығарылды. Қазір айналымда номиналы 1, 2, 5, 10, 20, 50 және 100, 200 теңге болатын монеталар бар. ҚР Ұлттық банкі коллекциялық монеталарды шығаруды 1995 жылдан бастап жолға қойған. Инвестициялық монеталар Аu 999,9 бағалы металдардан соғылған.

Теңге өз тарихында бірнеше рет құнсызданды. 1993 жылдың қарашасында $1 құны 4,7 теңге болатын. 1994 жылдың қарашасында $1 құны 50 теңгеден асты. 1999 жылы тұңғыш рет теңге әлсіреді. Жыл соңында $1 құны 138 теңгеге жетті. Екінші девальвация салқыны 2009 жылдың соңында соқты. $1 құны 148 теңгеге жетті. 2014 жылдың қаңтарында үшінші құнсыздану толқыны келіп, $1 құны 181 теңгеге жетті. 2015 жылдың тамызында Қазақстан теңге бағамының еркін тербелісіне көшті. Бүгінде теңгенің ресми бағамы – $1 – 425,851 теңге.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button