ӘлеуметБасты ақпарат

Тіл – отбасы құндылығының өзегі



Әр пенденің тірлігі өмірге келген шаңырағында қалыптасатындықтан, отбасы құндылығының қоғамдағы орны ерекше. Өзгенің отары болған 70 жылда ­ата-бабадан жалғасқан санамыздағы сол ұлттық құндылығымыздың көбін табанымызға салып, ұлтараққа айналдырғанымызды енді ғана түсіне бастағандаймыз. Түсінуін түсінсек те, жағадан алған жаһандану дәуірі сол құндылықты қайта жандандыруға мүмкіндік бермей бұра тартып, теріс айналдырып барады.

Қазағуар ғалым Григорий Потанин «Мейлі дала құнарының аңқасы кеуіп қалса да, мейлі табиғат шөлейтке төнген қатерге қарсы күресте дәрменсіз болса да, қазақ өмірі үшін халықтың рухани қан-тамырында күш-жігердің көл-көсір қайнар көзі бар, тек қазақтардың өздері осы қайнардан теріс айналмаса болғаны» («В юрте последнего киргизского царевича») деген екен.

Көкірек көзі өткір ұлы ғалам келер заманның қазақтарды да пиғылын заман мен қоғам теріс айналдыратынын ерте білген екен. Бұл күндері, өзгені былай қойғанда, рухани құндылығымыздың бірегейі – отбасы құндылығының берекесі қашты. Отбасы құндылығының ұйытқысы – ер-азаматтарымыз әке-шешесін қарттар үйіне өткізіп, жарын жесір, баласын жетім қалдыру қарапайым көрініске айналды.

Отбасы құндылығы деген ұғымның ең қысқа анықтамасы – әке, шеше, бала арасындағы метін махаббат, меселде мейірім. Бұл үш тұлғаны қазақ «ошақтың үш бұты» деп атаған. Қара шаңырақтың қара қазанына, отбасына жылуды тең тартып тұрған ошақтың үш бұты болса, бір баспанада өмір кешкен әке, ана, бала – қоғамның асыл азаматы болуға ықпал ететін үш тірек. Қазақ бұл үштіктің әрқайсысының алатын орнын пайымдап, «әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» дейді. Бұлақтың қайнары – асқар тау, құрақтың нәрі – бұлақ. Әкенің асқар таудай заңғар, айбынды, текті, ананың саялы да аялы, жайсаң, мейірімді болуы – бала тәрбиесіне мызғымас негіз. Бұл жерде әкенің рөлі бірінші орында. Сондықтан бабаларымыз әлімсақтан бері зайыбына ерін сыйлауды, баласына әкесін сыйлауды ұлағат етіп келген. Бүгін Ата заңда жазылмаса да, ғасырлар бойы қазақ әулетінде қағида болып қалыптасқан, осы үрдістің арқанның үш тініндей бір-бірімен бекем ұштасқан бірліктің ширығы жазылып, ершімі босады. Бұған әсер етіп отырған күш – әуелі қоғамдық болмыс, қала берді әлемдік өркениеттің жағымсыз тұстарының ықпалы.

Отбасындағы ұлттық құндылықтың екінші бір алтын діңгегі тіл екенінде дау жоқ. Ұлтының тілін білмей тұрып, сол ұлттың басқа құндылығын бойына сіңіру – екінің бірінің қолынан келмейтін шаруа. Ұлты қазақ әр отбасында, мемлекеттің әр органда қазақ тілі негізгі тіл ретінде үстемдікке ие болмаса, бәрі бекер екенін рух туралы сөз бола қалса, журналистерден бастап саясаткерлерімізге дейін таңдайымыз тақылдағанымызбен, қолдан келер іс шамалы

Қоғамдық болмыс дейтініміз, көптеген ата-ананың нарық заманында отбасын асырау үшін тізе бүкпей екі-үш жерде еңбек етіп, үй бетін көрмейтін тынымсыз еңбегі бала тәрбиесіне айтарлықтай әсер етіп жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі ата-ананың көбі бала тәрбиесіне назар аударуға мүмкіндігі шектеулі. Әсіресе әкенің бала тәрбиесіндегі рөлін кемітіп алдық.

Бүгінгі аға ұрпақ кешегі кеңес дәуірінің өзінде отбасында бір келеңсіздік бола қалса, аналарымыз бізге «әкең естімесін» деп ескертетінін, «біз әкемізден ерекше қаймығатынбыз» деп әкенің отбасындағы құрметін, құдіретін естелік ретінде айтып жатады. Мұны біз байырғы дәстүріміздегі ұрпаққа ұлттық рух қалыптастырудағы әке рөлін аңсау деп қабылдауымыз керек. Сол сияқты ұлттық телеарнаның «Әзіл әлемі» бағдарламасындағы Тұрсынбек Қабатовтың өткен қоғамдағы әкенің отбасындағы беделі жөніндегі әзілінің де астарында «бүгінгі әке неге олай емес?!» деген сын жатқанын көрермен де мойындайды. Өкініштісі, қыран-­топан күлеміз де, артынша ұмытып кете береміз. Күлмеуіміз, ойлануымыз, тіпті, жылауымыз керек. Бірақ қоғамдағы бүгінгі ахуал әкелердің асқақ болуына мүмкіндік бермей отырғаны отбасы құндылығының тамырына балта шабумен бірдей.

Әрине, баланың анаға деген құрметі кеміді немесе аналар бала тәрбиесінен тыс қалды дей алмаймыз. Ислам дінін дәріптеушілерден бастап отбасы құндылығына, бала тәрбиесіне қатысты әңгіме айтушылар ананың асыл қасиеттерін барынша дәріптейді де, әкенің қадірі, бала тәрбиесіндегі әкенің орны көмескі қалып жатады. Бұл бала тәрбиесіне ғана емес, жар сыйластығының өзіне әсер етіп жатқанын аңғара бермейміз. Бұл күндері аналарымыздың отбасы тәрбие­сіндегі кемшін тұсы жас келінге деген көзқарасынан көбірек аңғарылатынын да жасырудың реті жоқ. Әлеуметтік желіге үңілсеңіз, талай жас келіннің енеге деген ренішіне көзіңіз жетеді. Бұл – қыздарымыздың тәрбиесі келісіп тұрмаса да, отбасына келген күннен бастап аялап, ұлымен бірдей көру, жаңа ортаға бейімдеу тұрғысындағы ананың парызы мен міндетіне қатысты сынның да негізді екенінің айғағы. Әрине, мұны да мойындауымыз керек. Өйткені қазақ даналығы бойынша бала бұлақтың (ананың) баурайындағы құрақ болса, келін – сол құрақтың кенжелеп бүршік жайған бір талы.

Отбасындағы ұлттық құндылықтың екінші бір алтын діңгегі тіл екенінде дау жоқ. Ұлтының тілін білмей тұрып, сол ұлттың басқа құндылығын бойына сіңіру – екінің бірінің қолынан келмейтін шаруа. Ұлты қазақ әр отбасында, мемлекеттің әр органда қазақ тілі негізгі тіл ретінде үстемдікке ие болмаса, бәрі бекер екенін рух туралы сөз бола қалса, журналис­терден бастап саясаткерлерімізге дейін таңдайымыз тақылдағанымызбен, қолдан келер іс шамалы. Шынайы өмірде қазақ тілі ондай басымдыққа ие бола алмай отырғаны – өмір шындығы. Бір сөзбен айтқанда, ұлтымызды ұйыстыратын ана тіліміз қазақ тілінің «мемлекеттік тіл» атты құдіретті мәртебесі сөз жүзінде қалып, әр отбасы балаларының ана тілінде сөйлеуіне мән бермейтін болдық. Қазақы тіл жоқ жерде қазақы рух болмайтыны дәлелдеуді қажет ететін теорема емес, аксиома екенін талай марғасқа қоғам қайраткері, тіл майталманы айтып кеткен. Бұл – мемлекеттің тіл саясатын жоққа шығару емес, осы саладағы істің пәрмені төмен бақа аяңына деген сын. Мемлекеттен пәрмен болғанмен, мұны іске асыратын қызметшілерімізде дәрмен жоқ. Мүмкін дәрмен емес ниет, ынта жоқ шығар.

Бүгінгі отбасын атам заманындағы отбасымен салыстыруға келмейді. Баяғы қазақ салтында баланың тілі отбасында, бесігінде шықса, бүгінгі баланың тілі емізік рөлін атқаратын телефонның шүлдірімен шығатын болды. Басқаша айтсақ, бұрын бала тәрбиесіне, күллі қоғамға отбасы құндылығының ықпалы зор болса, бүгінгі қоғамда отбасына дүрегей ортаның әсері күшті екенін мойындауымыз керек. Бір ауыз сөзбен айтқанда, қоғамда мемлекеттік тіл – қазақ тілі орнықпаса, отбасы тәрбиесіне қоғамдық дүрегей орта үстемдік ете береді.

Бодаухан ТОҚАНҰЛЫ,

журналист




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button