Мәдениет

Төл аспабымыздың салтанаты



Астанадағы «Бәйтерек» монументінің жанында Мәдениет және спорт министрлігі Ұлттық домбыра күніне орай концерт ұйымдастырды.

Елорда тұрғындары мен қонақтарын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Секен Тұрысбек, Айтқали Жайымов, Рамазан ­Стамғазиев, Айгүл Елшібаева, Қайрат Кәкімов, Ерлан Рысқали, Айгүл Қосанова, Дінзухра Тілендиева, Айгүл Үлкенбаева, «Астана Опера» опера және балет ­театры, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі, Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» қазақ мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық ұлттық аспаптар оркестрі, жақын шетелдердің әртістері киелі домбыра шанағынан күй әуелетті.

– Домбыра – бұл жай ғана аспап емес, қазақ халқының бойтұмары әрі біздің бай музыкалық мәдениетіміздің қайнары. Ұлттық өнерімізді сақтамай, рухани мұрамызды байыту мүмкін емес. Министр­лік осы бағытта белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, домбырада және басқа да дәстүрлі аспаптарда ойнау өнері материалдық емес мәдени мұра элементтерінің ұлттық тізіміне қосылды. Ал «Ортеке» қуыршақ биі ­ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енді, – деді ­Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының мектеп бағдарламасына домбыра сабағын енгізу жөніндегі бас­тамасына сәйкес, мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында елімізде 650-ге жуық домбыра үйірмесі жұмыс істейді. Оларға 26 мыңнан астам бала қатысады. Президенттің Жарлығымен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптары оркестріне «Ұлттық» мәртебе берілді. Бұл оның қызметкерлерінің еңбекақысын көтеруге мүмкіндік берді. Ал Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы жанынан ұлттық дәстүрлі мәдениет пен өнерді насихаттауға бағытталған «Халық қазына» ұлттық өнер орталығы құрылды.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button