Мәдениет

ТОЛЕРАНТТЫҚ – ТАТУЛЫҚТЫҢ ТҰТҚАСЫ




Бұрнағы күні Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының тұңғыш медиа форумы жұмысын басталды. Оған БАҚ және коммуникация саласындағы белгілі халықаралық сарапшылар, Парламент депутаттары, отандық және шетелдік журналистер, елшіліктер мен дипломатиялық миссиялардың өкілдері, ҚХА мүшелері, этномәдение бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым, мемлекеттік мекемелердің ресми тұлғалары қатысты. Мәдениет және ақпарат, Білім және ғылым, Сыртқы істер министрліктері мен Ассамблея бірлесе бастамашы болған іргелі шара екі күнге созылды.
Халықаралық толеранттық күніне орай ұйымдастырылған басқосудың тұсаукесер рәсімі Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі «Астана» атриумында өтті. Онда Президент Әкімшілігі ҚХА хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Леонид Прокопенко қатысушыларды форум бағдарламасымен таныстырып, жиын жұмысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, отандық және шетелдік белді журналистер қатысушыларды толеранттық күнімен құттықтады.
Шара халықаралық және қазақстандық сарапшылардың шеберлік сыныптарымен, өзара тәжірибе алмасуымен жалғасты. Назарбаев залында дәріс оқыған осы оқу орнындағы ЮНЕСКО кафедрасының профессоры, экс-сенатор Әділ Ахметов былай деді: «Қазақстан халқы Ассамблеясы Мемлекет басшысының бастамасымен құрылды. Біздің еліміз көпұлтты мемлекет. Ассамблеяның атқарып жатқан жұмысы, ішкі сарабдал және сыртқы көпвекторлы саясаттың нәтижесінде көпұлтты Қазақстан дамып келеді. Бұл форумның да көздегені – осы. Көпұлтты Қазақстан әрі қарай да осы бағыттан таймауы керек». Экс-сенатор атомды жеңген адамзат үшін келесі қауіп – этносаралық бүлік екенін баса айтты. Сондықтан, бүгінгідей ақпарат тасқынында әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын рөлі зор. Себебі, кез келген теріс ақпарат – жаһандық жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін. Оның пайымдауынша, бұл тақырыпта қалам тербейтін журналистердің кәсіби біліктілігі жоғары болуы керек. «Мұсылман елдерінде болып жатқан соғыс өртінің астарында не жатыр?! Демократиялық құндылықтарды енгіземіз деп талай елдің быт-шытын шығарды. Ұлттар мен ұлыстарды бір-бірімен жақындастыру, мәдениеттердің алмасуы, бірін-бірі сыйлау, сыйластық – түсініспеушілікті жоюдың шешімі. Бұл – қазақстандық үлгі» деді Әділ Ахметов.
Аталған мәселе бағытында ойларын ортаға салған халықаралық сарапшылар мен журналистер этносаралық және дінаралық байланысқа сақтықпен қарау керек деген пікірде. Солтүстік Каролина университетінің докторы, жазушы Хэл Фостер де қолдайды мұны. «Менің ойымша, бұл медиа форум өтіп жатқан алаң – этносаралық қоғамда БАҚ-тың орнын айқындауға септігін тигізеді. Ақпарат таратушылар этникаралық топтардың әртүрлілігі – жағдайды ушықтырмайды, керісінше оның пайдасы да зор екенін ұғынуы керек. Бұл – соғыс емес, бейбітшілік деп қарауымыз қажет. Тунис пен Мысыр елдерінде болған жағдайды және қазіргі Сирияның ахуалын еске түсірудің өзі жетіп жатыр. Сондықтан мынадай алмағайып заманда көп ұлтты, әрі тату тұратын Қазақстанның тәжірибесі өте маңызды» деп ағынан жарылды ол.
Шара барысында қатысушылар Еуразия ұлттық университетіндегі ашылғанына көп бола қоймаған ЮНЕСКО және Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедраларымен танысты. Басқосу соңында Ассамблея ұйымдастырған «Аңсар-2013» әдеби байқауының жеңімпаздары салтанатты жағдайда марапатталды. Көпшілік елордадағы этномәдени бірлестіктердің концертін тамашалады.


«Толеранттық және БАҚ» тақырыбындағы халықаралық медиа форумның қатысушылары екінші күні «Қазмедиа» орталығына жиналды. Мұнда Ассамблеяның этникалық БАҚ және «Коре Ильбо» газетіне – 90 жыл» көрмелері қойылған.
Басқосудың пленарлық мәжілісін Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Президент Әкімшілігі ҚХА хатшылығы меңгерушісі Ералы Тоғжанов ашып, жүргізіп отырды. «Әр уақыттың кезеңнің өз талабы бар. Сол талапқа орай не істеуіміз керек деген сұрақ та алдымызда тұр. Міне, осындай өзекті сауалдар төңірегінде ой қаузайтын сәт жетті» деді Е.Тоғжанов.
Форумға қатысушылар алдында Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев сөз сөйледі. Бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамда алар орны мен елдегі тұрақтылыққа қосар үлесі ерекше екенін атап өтті ол алдымен. Әсіресе, этносаралық және конфессияаралық татулық Қазақстанның басты құндылығы, бұл құндылықты сақтауда БАҚ рөлі ерекше екенін шегелей жеткізді. Бұған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та өзінің «Қазақстан-2050» стратегиясында баса назар аударғанын айтты.
«Бүгінде қазақ топырағында жүзден астам этнос өкілдері тату өмір сүруде. Олардың ана тілдері мен мәдениеттерін дамытуға барлық жағдай жасалған. Елімізде он бес тілде отыз жеті этникалық газет-журнал жарық көреді, республикалық телеарналарда бес бағдарлама ашылған. Бұл бағыттағы ақпараттық саясатты жүзеге асыруға мемлекет қазынасынан соңғы үш жылда 560 миллион теңге бөлінді. Осының өзі халықаралық қарым-қатынастарға еліміздің қаншалықты терең мән беретінін көрсетеді. Мұндай игі істер алдағы уақытта да жалғасын табатын болады» деді Б.Майлыбаев.
«Бұл медиа форум ақпараттық толеранттылықтың айқын екендігін айқындайды. Шара алғаш рет өткізілуде және біздің диалогымызға өз үлесін қосады. Оның алаңында қатысуышлар кеше бірнеше ұсыныс берді, дәлірек айтсақ, Астанада этникалық мәселелер бойынша халықаралық журналист сарапшылар клубын құру мәселесі» деді Бағлан Асаубайұлы. Оның айтуынша, бұл ұсыныс отандық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып келе жатқан толеранттылықты нығайтуға көмектеседі.
Форумда Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан кәрістері қауымдастығының төрағасы Роман Ким, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті журналистика факультеті деканының орынбасары Петр Шульцман, халықаралық дипломат Әділ Ахметов сынды спикерлер сөз сөйледі.
Форум соңында этножурналистика саласындағы «Шаңырақ» шығармашылық байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері салтанатты жағдайда марапатталды.
Айта кетерлігі, Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырып отырған халықаралық медиа форум ҚР Тұңғыш Президенті күні мен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекелерінің аясындағы іс-шараларға ұласатын болады.

Асхат РАЙҚҰЛ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button