Жаңалықтар

ТӨРТ МЫҢ БАЛА ТЕГІН ТАМАШАЛАЙДЫ



Оңтүстік Қазақстан облысынан 4 мыңға жуық бала ЭКСПО көрмесін тегін тамашалауға мүмкіндік алды.

Бүгінге дейін Шымкенттен Астанаға 1200 бала келіп, көрмені қызықтап қайтты. Алдағы уақытта облыстан тағы екі мың оқушы келеді деп күтілуде. Туристік компанияның өкілі Ғани Назарбектің айтуынша, оқушылар осымен тоғызыншы лекпен келіп отыр. «Әрбір сапарда 150-дей баланы ертіп келеміз. Барлығы Шымкент қаласынан, 24 шілдеден бастап облыстың мектеп оқушыларын тарта бастаймыз. Олардың жол шығындары мен билеттерін бюджет пен демеу­шілер төлеп отыр» дейді ол.

– Бала деген әсершіл ғой. Энергияны қандай жолмен алуға болатынын өз көзімен көрген олар энергия үнемдеудің маңыздылығын түсіне бастайды. Үйге қайтып бара жатып, жол-жөнекей өзара пікір алмасып, әсерлерімен бөліседі. Кейде тың туындыларын да ұсынып жатады. Бұл дегеніміз, барлығы бекер кетпегенін білдіреді, – дейді Ғани Назарбек.

Бұл – әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға көмек ретінде жасалып отырған игі іс. Себебі Астанаға бір рет болсын келіп, ЭКСПО-ны көріп қайту – көптеген балақайлардың арманы.

Оңтүстіктен көрмеге келген турист-оқушылар Назарбаев университетінің жатақханасында тұрақтанады. Балақайларға сол жерде үш мезгіл тамағы беріліп, барлық жағдайы жасалады. Екі күнге жалғасатын сапардың алғашқы күні ЭКСПО қалашығында өтсе, соңғы күнінде балалар Астананың айшықты жерлерін аралайды.

 Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button