Басты ақпарат

ТӨРТКҮЛ ДҮНИЕ ЕЛОРДАДА ТОҒЫСАДЫ



ТӨРТКҮЛ ДҮНИЕНІ ТӨРІНДЕ ТОҒЫСТЫРАТЫН АЙТУЛЫ «ЭКСПО-2017» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕСІНІҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫНА САНАУЛЫ КҮН ҚАЛДЫ. 115 МЕМЛЕКЕТ ПЕН 18 ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМ ҚАТЫСАТЫН ШАРАДА ӘЛЕМ ЕЛДЕРІ ЭКОНОМИКА, ҒЫЛЫМ, ТЕХНИКА, МӘДЕНИЕТ, ӨНЕР ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ ҚОҒАМДЫҚ САЛАЛАРДАҒЫ ЖЕТІСТІКТЕРІН АСТАНА ТӨРІНДЕ ПАШ ЕТПЕК.

Сонымен, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК басшылары көрмеге дайындық жұмыстарының соңғы сатысы аяқталғанын ресми түрде жариялады. Соңғы айларда жүргізілген оқу-жаттығу жұмыстары мен тексеру шаралары ойдағыдай өткен. Халықаралық павильондардың ішкі-сыртқы көріністері безендіріліп, қатысушылардың барлығы өздеріне тиісті аумақты талапқа сай ретке келтіріп қойған. Бәрінің ұлттық күндері белгіленіп, мәдени шаралардың да тізбесі бекітілген.
Көрмені миллиондаған туристер тамашалайтындықтан болар, әрбір ел өз мәдениетіндегі ұлттық өзіндік ерекшеліктерін танытатын және өздерінің экономикалық және технологиялық дамуының деңгейін бүкіл әлемге көрсететін бірегей павильон құруға ұмтылған. Ал біз үшін ең үлкен пайдасы – шет мемлекеттермен саяси һәм әлеуметтік интеграциямызды арттырып, туризмнің тасын өрге домалатамыз.
Көрме тақырыбына қайта ойыссақ. «Болашақтың энергиясы». Жаһандық көрмеге ұсынған тақырып жалпыға ұнаған. Шетелдік қатысушылар өз павильондарында бұл мәселенің әлемдік қоғамдастықты толғандырып отырған қазіргі заманғы ең өзекті мәселе екенін, сондай-ақ, экологиялық таза, қауіпсіз және жаңартылатын энергия көздерін пайдаланудың өзектілігіне барынша мән беруде. Енді елордамыз осы саладағы ең үздік әлемдік әзірлемелер мен трендтер көрсету үшін тиімді алаңға айналудың алдында-ақ тұр.
«ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысатын кез келген мемлекет ұлттық күндерін тойлайтыны белгілі. Олар елорда тұрғындары мен қонақтары үшін мәдени іс-шаралар мен қайталанбас шоу өткізбекші. Шараның шарықтау шегінде қатысушы-мемлекеттің мәдениеті кеңінен таныстырылады. Атақты әртіс­тердің қатысуымен өтетін мерекелік концерттер Амфитеатр, Энергия холы, Конгресс немесе Өнер орталығында өтеді. Күллі алаң жоғары техникалық деңгейде жарақталған. Негізгі концерт алаңдарында дүние жүзіне әйгілі дю Солей циркінің қойылымдарын тамашалауға, Луна-саябаққа баруға, этно-қалашықта ұйымдастырылатын қолданбалы өнермен, ұлттық ойындар және әдет-ғұрыппен танысуға, ұлттық дәмнен ауыз тиюге мүмкіндік беріледі.
Сонымен, маусым-қыркүйек айлары аралығында өтетін көрме кезінде Астана дүниенің төрт бұрышынан келген елдердің мәдениеті тоғысқан кезі ретінде тарихта қалатын болады.

Бейбіт ҚАРЫМСАҚОВ,
«Астана ЭКСПО-2017» ҰК басқарушы директоры:
– Біздің мақсатымыз – көрмені жоғары деңгейде өткізу. Санаулы күннен кейін халықаралық көрме өз жұмысын бастайды. Барлық нысандар дайын. Көрме аумағында абаттандыруға қатысты аз ғана шаруалар қалды. Жалпы, соңғы бірнеше айда жүргізілген барлық оқу-жаттығулар мен дайындық жұмыстары сәтті өтті.

Дәулет ЕРКІМБАЕВ, Коммерцияландыру департаментінің директоры:
– Біз, ең алдымен, ұлттық компания мен мердігер ұйымдарға тегін билет тарату арқылы турникет жүйесінің қызметін тексердік. Бүгінде 1 миллион 200 мыңға жуық билет сатылды. Бұл өзіміз жоспарлаған көрсеткіштен асып түсті. Өйткені көрменің ашылуы кезінде ары кеткенде 1 миллион сатылады деп жобалағанбыз. Белгілі болғандай, жоспарымыз 20 пайызға артығымен орындалды.

Илия ОРАЗАҚОВ, Халықаралық қатысушылармен жұмыс
департаментінің директоры:
– Көрмеге қатысушы елдердің павильондары толығымен дайын деп айтуға негіз бар. Тек Шри-Ланка, Пәкістан, Беларусь, Словакия, Аргентина секілді елдер бір-екі күн ішінде әрлендіру жұмыстарын аяқтайды. Біз халықаралық қатысушылардың құрамын уақытында жасақтадық. Қазіргі уақытта әрбір павильонда 30-150 аралығында қызметкер жұмыс істейді.

Рүстем ШӘКЕНОВ,
Қауіпсіздік департаментінің директоры:
– Бүгінде көрме аумағында бейнебақылау, дабыл жүйелері және кіріп-шығуды басқаратын құрал-жабдықтар түгел орнатылып, тексерілді. Қауіпсіздікті қамтамасыз етумен айналысатын құқық қорғау және күзет қызметкерлері қажетті дайындық курстарынан және шет тілдерін меңгеруден өтті. Сонымен қатар, жексенбілік топтарға барынша назар аудардық. Олар бір сағаттың ішінде 13 мың адамды қабылдай алады. Күту уақыты 30-40 минуттан аспайды.

Дияс ӘЗБЕРГЕНОВ,
Сервистік қамтамасыз ету департаментінің директоры:
– Қоғамдық көліктер, уақытша автотұрақтарға қатысты барлық мәселелер қалалық әкімдікпен бірлесіп атқарылуда. Ал келушілер үшін көрме аумағында қызмет көрсетуге 7 медициналық бекет жасақталды. 8 жедел жәрдем көлігі тұрақты түрде кезекшілік атқарады. Жұмылдырылған медициналық қызметкерлердің саны – 210.

Марат ОМАРОВ, Контент және іс-шараларды
ұйымдастыру департаментінің директоры:
– Барлық мерекелік шараларды жүйелі ұйымдастыру – міндет. Көрме кезінде мәдени іс-шаралар Ұлттық күндер, Энергия холы және Амфитеатр алаңдарында өтетін болады. Оған қажетті барлық техникалық жабдықтар орнатылды, әртістер де сақадай сай.

Аллен ШАЙЖҮНІСОВ,
Дамыту және туризм департаментінің директоры:
– Еліміздің әр қаласынан келген еріктілер тобы Астанаға келіп жетті. Жалпы, 4500 еріктіні іріктеп алдық. Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстары мен Алматы қаласынан 800 ерікті қатарға қосылды. Күн сайын көрме аумағында 1500 ерікті жұмыс істейді. Олардың барлығы үш ауысымға бөлінеді.

Гүлмира
АЙМАҒАНБЕТ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button